Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

slide
slide
slide

ҚМГ басшысының орынбасары Қ. Есқазиев Қаражанбас, Қаламқас к/о ұжымдарымен кездесті

02 маусым, 2022

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының барлау және өндіру жөніндегі орынбасары Құрманғазы Есқазиев Маңғыстау облысындағы Қаражанбас, Қаламқас кен орындарында болып, өндірістік қызметкерлермен және мердігер ұйымдардың басшыларымен кездесті.

Жұмыс мәселелерін талқылауға «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ (ММГ) бас директорының геология жөніндегі орынбасары Дамир Шырақбаев, ММГ бас директорының бірінші орынбасары Сюй Шиго, «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) бас директоры Ли Тецян, ҚБМ бас директорының бірінші орынбасары Қуанышбай Нұрғалиев, департаменттер, басқармалар және мердігер ұйымдардың басшылары, кәсіподақ өкілдері қатысты.

«Қаражанбасмұнай» АҚ мұнайшыларының алдында сөз сөйлеген Құрманғазы Есқазиев өндірістік көрсеткіштерге, технологиялық процесті жаңғырту жобаларына тоқталып, Қаражанбас кен орнында қабат суын тұщыту зауытын дер кезінде іске қосу үшін барлық күш-жігерді жұмсау қажеттілігіне ерекше назар аударды.

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ға сапары кезінде ҚМГ басқарма төрағасының орынбасары Қаламқас кен орнында мұнайды кешенді дайындау және айдау цехының жұмысымен танысты. Қазіргі кезде бұл цехта №3 мұнай дайындау қондырғысын (МДҚ-3) іске қосуға дайындық жасалуда. МДҚ-1 мен МДҚ-2 1988 және 2021 жылдары пайдалануға берілгенін және қазір техникалық жағынан ескіргенін атап өткен жөн. Жаңа қондырғыны іске қосу мұнайды үздіксіз дайындауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Құрманғазы Есқазиев еңбек ұжымдарымен маусымның 5 күні өтетін Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі республикалық референдум туралы да айтты. Бұл референдум ел өміріндегі маңызды шара екенін, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мемлекетіміздің дамуына оң ықпал ететінін атап өтті. Мұнайшылар алдағы болатын референдумға қолдау көрсетіп, дауыс беруге дайын екендерін жеткізді.

Кездесу барысында қызметкерлер сұрақ қойып, өз ұсыныстарын да ортаға салды. Оларға тұщымды жауап та берілді. 


«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ баспасөз қызметі