Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

slide
slide
slide
slide
slide
slide
slide
slide
slide

ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ – ӨНІМДІ ЖҰМЫС КЕПІЛІ

11 мамыр, 2022

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Басқармасы және Кәсіподақ комитеті төрағасының өкімімен, Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне арналған байқау өтіп, арнайы құрылған комиссия еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген шеберлер мен цехтарды анықтады.


Атап айтқанда, комиссия мүшелері «қауіпсіздік бойынша мінез-құлықтық бақылау» бағдарламасын неғұрлым сапалы орындап, наряд-рұқсат беру мәселесінде жұмысты бұзуға жол бермеген, жұмыстың барлық түрлерінде қауіпсіз әдістерді пайдаланған цехтарға тоқталды.

4 мамырда өткен жиында «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ бастығының міндетін атқарушы Мұрат Батыршаев, қауіпсіздік техникасының жетекші инженері Марат Яшев қатысушыларға адал қызметі, қауіпсіз еңбегі үшін алғыс айтып, байқау жеңімпаздарының есімдерін жариялады.

Сонымен, 1-орын «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ, қабат қысымын ұстау цехының шебері Жайлау Баекеевке бұйырды, екінші орын «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ №3 цехтың шебері Серік Нұртаевқа берілсе, жүлделі үшінші орынды «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының ұңғыларды зерттеу операторы Расул Қонарбаев жеңіп алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге естелік сыйлықтар табысталып, ҚҚҰЦ басшылығына ауыспалы «Үздік цех» кубогы берілді.

Сондай-ақ, жиын барысында «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ бір топ қызметкерлеріне техникалық инспекторлардың куәлігі табысталды.

Дәл осындай шара 5 мамырда Жетібай кенорнында жалғасты. «Жетібаймұнайгаз» ӨБ бастығының бірінші орынбасары Дулат Сейбағытов, «ЖМГ» ӨБ кәсіподақ комитетінің төрағасы Бекес Құлмұрынов, жетекші инженер Марат Яшев жиналысқа қатысушыларға адал жұмысы, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы саласындағы жоғары көрсеткіштері үшін алғыс айтып, байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.

Байқау қорытындысы бойынша, 1-орынды «Жетібаймұнайгаз» ӨБ №3 мұнай және газ өндіру цехының шебері Мұхтар Асқаров иеленсе, 2-орын газ дайындау, тасымалдау және газ шаруашылығын пайдалану цехының шебері Әділ Тоқбаевқа бұйырды. Жүлделі 3-орын мұнай айыру және өткізу цехының СТҚ операторы Руслан Жаңабергеновке берілді. «Үздік цех» ауыспалы кубогы №3 цех басшылығына табысталды. Қаламқас пен Жетібайда өткен байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне естелік сыйлықтармен қатар ақшалай сыйлықтар да қарастырылған.

Бүгінгі таңда Қаламқас және Жетібай кенорындарында 41 техникалық инспектор жұмыс істейді. Негізгі жұмыстан бөлек, техникалық инспекторлар еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы ережелерін қатаң сақтауды қадағалап отырады.

Әлемді дүрліктірген індетке байланысты екі жыл қатарынан мұндай іс-шараларды ұйымдастыру мүмкін болмағанын атап өткен жөн, сондықтан биылғы жылы байқауды өткізу басшылар мен қызметкерлер арасында үлкен қызығушылық тудырды. Мұнайшылар алдағы уақытта да осындай іс-шаралардың тұрақты түрде өтуіне тілектестік танытты. Еңбекті қорғау мәдениетін жетілдіру, жұмыстағы жазатайым оқиғаларға жол бермеу, қауіпсіздік техникасы қағидаларын мүлтіксіз сақтау «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ басшылығы мен қызметкерлерінің басым міндеттерінің бірі болмақ.