Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

slide
slide
slide
slide
slide
slide
slide
slide
slide

ҒАСЫРЛАРДАН СЫР ШЕРТКЕН

24 сәуір, 2022

Киелі Маңғыстау жерінде орналасқан түбектің ең қадірлі де қасиетті орны, атақты қорым – Сисем ата қорымы. Алты ғасырға жуық кезеңді қамтитын (13-19ғғ) Сисем ата қорымы – ірі тарихи-архитектуралық кешен болып саналады. 1982 жылдан бері республикалық дәрежеде мемлекет қамқорлығына арналған. Қорымда 1,5 мыңға жуық нысан бар. Олардың 25 күмбез там, 100 астамы сағанатам мен сандықтас, 500 жуығы қойтас пен құлпытастар.


Мұнда ерте ғасырлардан сыр шертекен сәулет өнерінің ең шебер үлгілерін көруге болады. Қазір Сисем ата қорымы зиярат ететін орынға айналды. Мұнда жаздың аптап ыстығы мен қыстың ызғарына қарамастан Қазақстандықтар ғана емес, шетелден келетіндер де бар.

Осынау құнды жәдігер, мәдени һәм тарихи ескерткіштің аманаты «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мұнайшыларының мойнында. Әуелде ерікті қызмет ретінде басталған күтіп-ұстау жұмыстары кейін Маңғыстау облысы мәслихатының шешімімен ресми бекітіліп, Сисем ата қорымы аумағы маңғыстаумұнайгаздықтардың қамқорлығына өтті.

Содан бері жылына бірнеше рет, әсіресе көктем-күз маусымдарында Компания қызметкерлері Қорым аумағында тазалық және әрлеу жұмыстарын жүргізіп, сәуір-мамыр айларында дала өртінің алдын алу үшін қураған шөптен тазалап, түнеухана ғимаратын ағымдағы жөндеуден өткізіп, зияраттап келушілерді отынмен, сумен қамтамасыз етуді дәстүрге айналдырған.

Өткен аптада, сәуірдің 19-23 күндері аралығында, осы үрдіс бойынша Компаниямыздың Қаламқас және Жетібай кенорындары мұнайшыларының бастамасымен кезекті тазалық шарасы өтті. Арнайы техника жеткізіліп, санитарлық тазалық жұмыстарынан бөлек, Қорым аумағына көшеттер отырғызылып, жоңышқа тұқымы шашылды. Түнеухана жанындағы құдығы суға толтырылып, әрлеу жұмыстары жасалды. Бұрнағы жылдары қорымның қоршаулары жағартылып, белгілері қалпына келтірілген болатын.

Сисем-ата қорымы – өлкені мекендеген көшпелілердің салт-дәстүрлері, діни дүниетанымдары мен әлеуметтік-саяси даму үрдістерінен деректі мағлұмат беретін құнды ескерткіш. Тіпті қорым халық арасында «Адайлар пантеоны» деп те аталады. Себбебі мұнда Адай тайпасының Тіней Есекмерген, Құнанорыс Лабақ, Кенже Ер Қонай, Есен Сейіт, Бәйімбет Әнет, Ер Төлеп сынды небір асылдары мен ардақты азаматтары жерленген. Қорымның тарихы тым ертеден басталады. Адайларды осы өңірге алғаш орналастырушы жолбасшылардың, батырлардың, билердің, бай-мырзалардың бейіттері де осы қорымда.

Заманымыздың заңғары Әбіш Кекілбайұлының Маңғыстаудағы ескі қорымдар туралы айтқан бір пікірінде «Зираттар – әрі шекаралық белгі, әрі марқұмның өзі мн әулетінің әлеуметтік хал-ахуалының нақты куәлігі... Көшпелілер өз тарихын хатқа сенбей, тасқа сеніп қалдырғандай» деген сөздер бар. Расында да ескерткіштертерге үңіліп қарар болсақ, ғасырлар қойнауында қалған біраз сырды ұғынуға болады. Бұл нысанның да басты құндылығы сонда. Келер ұрпақ тамырынан айрылып қалмау үшін осы секілді жәдігерлердің шашауын шығармай келесі ұрпаққа аманаттап кету ұлт үшін парыз. Ендеше, мұнайшы ерлердің ерікті түрде жасап атқан осынау еңбегін ресми ишара деп қана емес, азаматтық әрі перзенттік борыштың өтеуі деп айтуға толық негіз бар.