Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

«МАҢҒЫСТАУМҰНАЙГАЗҒА» ЖАҢА БАС ДИРЕКТОР КЕЛДІ

15 желтоқсан, 2009

«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына Бас директор болып бұған дейін «ТорғайПетролеум» АҚ-ның Бас директоры қызметін атқарған Айдарбаев Алик Серікұлы тағайындалды. Оны «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Президенті Қайыргелді Қабылдин мұнайшыларға таныстырды.

2009 жылғы 15 желтоқсанда Акционерлік қоғамның үлкен мәжіліс залында өткен жиында Қабылдин Қайыргелді Мақсотұлы, облыс әкімінің орынбасары Амангелді Айтқұлов, мұнайшыларды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесімен және Жаңа жылмен құттықтап, жаңа басшылықпен бірге жаңа жетістіктерге жете берулерін тіледі.

А. Айдарбаев алғашқы еңбек жолын 1985 жылы Қазақ политехникалық институтын бітіргеннен кейін «Маңғышлақнефть» өндірістік бірлестігінің Жетібай мұнай-газ өндіру басқармасында операторлықтан бастаған. Технолог, шебер, цех бастығының орынбасары сатыларынан өтіп тәжірибе жинаған жас маман 1991 жылы, сол кезде «Маңғышлақнефтьнің» құрамында жаңадан ашылып жатқан Құмкөл кенорнына цех бастығы етіп жіберілді. «Южказнефтегаз» өндірістік бірлестігінің Бас директорының бірінші орынбасары, бірінші вице-президенті қызметтерін атқарды. 1995 жылдан «ТорғайПетролеум» АҚ-ның (бұрынғы «Құмкөл–Лукойл) Бас директоры болса, 2009 жылдың 14 желтоқсанынан «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры.

Жаңа Құмкөл кенорнын жарақтандыруға, игеруге жетекшілік етіп, елеулі еңбек сіңірді. Техника ғылымдарының кандидаты, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің құрметті профессоры. «Құрмет» орденінің иегері. Ол басқарған «ТорғайПетролеум» компаниясы жақында 300 кәсіпорын қатысқан әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі «Парыз» бизнесінің екінші республикалық конкурсында бас Гран-при сыйлығына ие болып, Алик Серікұлы Елбасымыздың қолынан алтын статуэтканы алған еді.

Айтуар Өтегенов,
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұртшылықпен байланыс тобы жетекшісі