Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

«Маңғыстаумұнайгаз» мұнай өндірудің жылдық жоспарын орындады

16 желтоқсан, 2009

«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының мұнайшылары 2009 жылғы мұнай өндірудің жылдық жоспары - 5 миллион 475 мың тонна «қара алтынды» Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесі құрметіне мерзімінен бұрын,яғни, сол күні орындап шықты. Бұған «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы ұжымының қосқан үлесі қомақты.

Мұнайшылар мұндай зор табысқа геологиялық –технологиялық шараларды ұтымды жүзеге асырып, ескі қорды тиімді пайдаланудың нәтижесінде қол жеткізді. Әсіресе соңғы мезгілде «Геосервис» компаниясымен бірлесіп өндіріске енгізілген жаңа геодинамикалық модель өз жемісін беруде. Ол электронды бағдарламалар арқылы дүние жүзіндегі ең жоғары технологиялық әдістерді қолданып, кенорындарының жерасты қабаттарын тиімді және толық игеруге мүмкіндік береді. Ұңғы ішіндегі тұрбалар мен штангілерге жабысқан парафин қалдықтарын тазалайтын «Депарафинизатор» аппаратын қолдану да жемісті болды. Сондай-ақ ұңғы забойына толқынды қысыммен әсер ету, өзге де геологиялық-технологиялық шаралар игі нәтижелерін беріп келеді.

Компания негізінен екі мақсатты басты назарда ұстап келеді. Бірі –бұрынғы бар жұмыс орындарын қысқартпай, жұмысшылардың жалақыларын сақтау. Екінші –өндірістегі қазақстандық үлесті арттыру, яғни, отандық өндірісті дамытып, жергілікті тауар өндірушілерге, жұмыс берушілер мен қызмет көрсетушілерге қызмет көрсетіп отыру. Бұл орайда компанияның мұнай секторында қолдануға боларлық оң іс-тәжірибелері аз емес. Кенорындарында жүз пайыз жергілікті тұрғындар еңбек ететін компания өндіріске көбіне отандық кәсіпорындар шығарған құрал-жабдықтарды пайдаланып келеді. Компания қазір өндіріске машина жасау бағытындағы қазақстандық он компанияның шығарған өнімін қолданады. Оның төртеуі маңғыстаулық кәсіпорындар.
А. Өтегенов,

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
жұртшылықпен байланыс тобы жетекшісі