Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

Бас директор Жетібай кенорнында болды

19 желтоқсан, 2009

«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының Бас директоры Айдарбаев Алик Серікұлы өз командасымен бірге өндіріспен танысуды «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасынан бастап, кенорындарындағы өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралады.

Олар Жетібай кенорнындағы № 1-ші, №2-ші мұнай өндіру, мұнайды дайындау және айдау цехтарында, УСГ-1, ГПЭС-1000 кВт модульді компрессор станцияларында, Жетібайдан алғашқы мұнай атқан № 6 ұңғының басына орнатылған ескерткіште,т.б. нысандарда болып, оларда еңбек етіп жатқан мұнайшылармен кездесіп, әңгімелесті.

Бас директор мұнайшыларға сервистік қызмет көрсететін компаниялардың да қызметтерімен танысты. Атап айтқанда «Ойлсервискомпани» ЖШС-ның, «Ойлтранспорткорпорейшэн» ЖШС-ның, «Техно-трейдинг» ЖШС-ның базалық нысандарында болды. № 2-ші мұнай-газ өндіру цехының аумағында № 2969 ұңғысын бұрғылап жатқан жаңа ZG40 бұрғылау станогінің (КНР), № 2096 ұңғысындағы жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.

Сондай-ақ Бас директор Асар, Оңтүстік Жетібай, Бұрмаша кенорындарына да ат басын тіреді. Өндірістік басқармаға қарасты жұмысшы жатақханаларының, асханаларының бүгінгі таңдағы жай-күйі де назардан тыс қалған жоқ.

Жұмыс сапарының қортындысымен өткізілген кеңесте Алик Серікұлы басты назарды - барынша еңбек өнімділігін арттыруға, ол үшін қабылданған әрбір техникалық шаралардың орындалысын қатаң қадағалауға, сервистік қызмет көрсететін кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс істеуге, ал ЖШС-лардың өздерінің техникалық жабдықталуын жақсарту керек екенін, түпкілікті мақсат экономикалық тұрғыдан алғанда біреу –ол мұнай өндіру жолдарын жақсарта отырып, қортындысында пайдаға шығуға аударып, өзге де міндеттерді саралады.