Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

Ардагер-мұнайшылармен кездесу

30 наурыз, 2010

“Маңғыстаумұнайгаз” акционерлік қоғамында бүгiнгi таңда барлығы 1200-дей ардагер есепте тұрса, олардың 8-і – Ұлы Отан соғысының, ал 70-і – соғыс жылдарында тылда еңбек еткен ардагерлер де, қалғандары – бұрын компанияда жұмыс істеген зейнеткерлер. Әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында зейнеткерлердің әрқайсысына ай сайын екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы төленiп, ардагерлерге мерекелер қарсаңында бір мезгілдік материалдық көмектер көрсетiледi. Үстiмiздегi жылы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай есептегі 592 зейнеткер-әйелге 30 мыңнан сыйақы берілiп, компания Басқармасының ұйымдастыруымен 20 мұнайшы әйел-ардагермен кездесу өткізiлген болатын.
Осы дәстүр жалғасын тауып, жақында компания “Ақсұңқар” мейрамханасында түбектiң қазба байлығын игерушi мұнай-газ саласының аға буын өкiлдерi мен облыстағы ардагер-ақсақалдарды жинап, бас қосу өткiздi. Ардагерлер С. Асылханов, Ж.Досмұхамбетов, Қ. Мырзағалиев, Т. Оржанов, Ә. Нұрманов, К. Әлiбаев, Қ. Ұмбеталиқызы, Ғ. Әбдiразақов, Ж. Тоқжанов, Т. Айдарханов, С. Қырымқұлов, Ө. Озғанбаев, К. Рзаханов, Л. Марабаева, Т. Игiлiков, Д. Әрiпов, Ш.Иманалиев, т.б. есiмдерiн үлгi тұтатын барлығы 30 ардагерге қошамет көрсетiлiп, қонағасы берiлдi. Кештi компания Бас директоры А.С. Айдарбаев ашып, келген қонақтарды Наурыз мерекесiмен құттықтады. Компанияның ұйымдастыру құрылымындағы өзгерiстермен, мұнай өндiру көрсеткiштерiмен таныстырып, әлеуметтік салаға тоқталып өтті. “Алдағы жылы болатын Маңғыстау мұнайының 50 жылдық мерекесiне орай Жетiбай кентiндегi спорт кешенiнiң құрылысын салу, Қарақия аудандық әкiмдiгiмен бiрлесiп, өнер мектебiн салуға үлесiмiздi қосып қатысу жоспарда бар. Жұмысшылардың әлеуметтiк ахуалына келер болсақ, мұнайшылардың жағдайын жақсарту – басты бағыттың бірі. Жұмысшылар үшiн Қаламқас кенорнында жатақхана, спорт залын салу жоспарланып отыр. Алдағы мезгiлде де Сiздермен кездесiп, осындай бас қосуларды жалғастыра береміз”, - дедi Бас директор өз сөзінде.
Кездесу барысында ардагерлер өз ойларын ортаға салды, естелiктер айтып, пiкiрлерiмен бөлiстi. Кеште ақсақалдардың құрметiне ән айтылып, күй тартылды, сый-сияпат жасалды. Тартымды өткен бас қосуға ақсақалдар ризашылығын бiлдiрiп, ақ батасын бердi.

Барлық фотосуреттерді қарау: