Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

Мұнайшылар бас дәрiгерiнiң мерейтойы

30 наурыз, 2010

Жақында Қазақстан Республикасы денсаулық саласының үздiгi, “Құрмет белгiсi” орденiнiң иегерi Бердiбек Тұрарбекұлы Тұрарбековтың 70 жасқа толу мерейтойына арналған салтанатты жиын өттi. “Маңғыстаумұнайгаз” акционерлiк қоғамы бас ғимаратының мәжiлiс залында өткен осы салтанатқа облыстық ардагерлер кеңесiнiң ақсақалдары, денсаулық сақтау саласының дәрiгерлерi және мұнайшылар қатысты. Компанияның Бас директоры А.С. Айдарбаев салтанатты жиынды ашып, мерейтой иесiнiң иығына шапан жапты. Жиынды облыс әкiмi жанындағы ардагерлер кеңесi төрағасының орынбасары Төлеуғалиев Бектұр Төлеуғалиұлы жүргiзiп отырды.
Жиында мерейтой иесi туралы баяндаманы “Маңғыстаумұнайгаз” АҚ Бас директорының әлеуметтiк және әкiмшiлiк мәселелер жөнiндегi орынбасары А.К. Рзаханов жасады.
Құттықтап сөйлеген облыс әкiмiнiң орынбасары Ж.А. Қараев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы С.Р. Мусинов, Маңғыстау аудандық Тұщықұдық дәрiгерлiк амбулаториясының аға дәрiгерi С.Б. Керелбаев, облыстық перзентхана бас дәрiгерi орынбасарының мiндетiн атқарушы Е.Б. Джоева, “Маңғыстаумұнайгаз” АҚ “Мұнайшы” емханасының терапевтикалық бөлiм меңгерушiсi Ф.И. Байниязова, т.б. той иесiне өз жылы лебiздерiн арнады.
Бердiбек Тұрарбекұлы - саналы өмiрiн Маңғыстау өлкесiнiң денсаулық сақтау қызметiн өркендетуге арнаған абзал азамат. Ол өлкемiздегi алғашқы дәрiгерлердiң бiрi болып, бойындағы талантын, күш-қайратын денсаулық сақтау саласына жұмсады. Отан алдындағы еңбегi үшiн “Құрмет белгiсi” орденiмен, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Құрмет грамотасымен, Лениннiң туғанына 100 жыл толуына байланысты медалiмен, Халықаралық марапаттау палатасының “Денсаулық сақтау саласының таңдаулысы” ескерткiш медалiмен марапатталған. Денсаулық сақтау жұмысын ұйымдастыру саласында Алматы, Киев, Ленинград, Москва қалаларында бiлiмiн жетiлдiрген және тәжiрибе алмасу үшiн Чехословакия, Югославия, Болгария, Румыния елдерiнде болған.
1999 жылы “Маңғыстаумұнайгаз” акционерлiк қоғамының денсаулық, физкультура және спорт басқармасын құрысып, он жылдай оның бас дәрiгерi болды. Бүгiнде Бердiбек Тұрарбекұлының есiмiн мұнайшылар зор құрметпен атайды. “Денсаулық – зор байлық” дейдi халық. Басы ауырып, балтыры сыздағандар мұнайшылар емханасынан өз дерттерiне дауа тауып жатады. Компанияның барлық амбулаториялары заман талабына сай медициналық құрылғылармен жабдықталған. Бердiбек Тұрарбекұлы Қаламқас, Жетiбай, Асар кенорындарындағы жұмысшыларға дәрiгерлiк көмек көрсетуде елеулi еңбек еттi. Денсаулық сақшылары мұнайшылардың денсаулығының мықты болып, салауатты өмiр салтымен өмiр сүрулерiне мұрындық болып келедi.
Тартымды да әсерлi өткен жиын соңында мерейгер Тұрарбеков Бердiбек Тұрарбекұлы келушiлерге алғыс сезiмiн бiлдiрдi.

Б. Әбдiхалықова

Барлық фотосуреттерді қарау: