Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

МАҢҒЫСТАУ МҰНАЙШЫЛАРЫНА ТЕК ҚҰРМЕТ ПЕН ДАҢҚ!

08 қыркүйек, 2014

Қаламқастықтар қарқыны

Майлы қиян Маңғыстауда мұнай-газ кешені қызметкерлері мерекесінің шымылдығын алғашқы болып ашқан Қаламқас кенорны сәрсенбінің сәтті күні ерекше құлпырып кеткендей. Мұнайшылар қалашығының спорт алаңына қаз-қатар тігілген ақшағаладай киіз үйлер ақ отау тәрізді көздің жауын алады. Самал желмен баяу тербелген еліміздің көк байрағы мен қызыл-жасылды жалаулар мұнайшылар мерекесінің салтанатын арттыра түскендей. Алаңның қақ төріне орнатылған аққудай аппақ сахнадан қазақ әндері мен күйлерінің көңілді әуен-саздары шалқиды.

Мерейлі мерекеге арналған Қаламқас мұнайшылары мен сервистік компаниялар қызметкерлерінің салтанатты жиналысын «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының Бас директоры Сунь Синъюнь кіріспе сөз сөйлеп ашып, мұнай-газ саласының еңбеккерлерін кәсіби мейрамымен құттықтады.

- Құрметті Қаламқас мұнайшы-лары, қадірлі әріптестер мен мұнай саласының ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Қазақстан Республикасы Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға жетістіктер мен табыстар тілеймін!-деді Сунь Синъюнь. - 2014 жыл сан алуан оқиғаларға бай болғандығын атап өткім келеді, үстіміздегі жылы біз «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының 50 жылдық торқалы тойын атап өттік. Маңғыстау мұнайы ашылған сәттен бері өткен елу жылдың ішінде салада ақиқатында ұланғайыр табыстарға қол жеткізілді.

Қаламқас кенорны 30 жылдан астам игерілуде. Осы уақыттың ішінде кенорнын аяққа тұрғызу мен дамыту, жаңа мұнайшылар ұрпағын тәрбиелеу жөнінде кең ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі таңда ресурстар мен білімдерді тиімді пайдаланудың арқасында компания Қазақстан мен Маңғыстау облысының қарқынды және орнықты дамып келе жатқан мұнай-газ секторының ажырамас бөлшегі болып табылады. Негізгі өндірістік және қаржылық көрсеткіштердің тұрақты өсімі, ірі инвестициялық жобаларды іске асыру, мұнай-газ өндіру компаниясы мен құрылымдық және сервистік кәсіпорындар қызметкерлерінің жоғары кәсіби шеберлігі – бұл сапалар өз қызметінің бүкіл кезеңінде «Маңғыстаумұнайгаз» жұмысының биіктен көрінуіне мұрындық болды. Әрине, бұл табыстарға Қаламқас мұнайшыларының еңбегі болмаса, қол жеткізу мүмкін емес. Алда мұнай-газ кешенін одан әрі дамыту үшін жаңа міндеттер тұр.

Мерейлі мерекеде «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы Бас директорының бірінші орынбасары Б.Иманбаев мұнайшылар қауымын мұнай-газ саласы қызметкерлерінің күнімен құттықтап, сөз сөйледі.

- Бұл жылдың біз үшін ерекше болғанын атап өту керек. Қойнауы құтқа толы «майлы қиян» Маңғыстауда қазыналы түбектің мұнай ордасы – «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының 50 жылдық мерейтойы ұлан-асыр тойланды, - деді Бақыт Алтайұлы. -Жарты ғасырлық тарихы бар компания мұнай өндіруде заманауи техника мен алдыңғы қатарлы озық технологияларды үнемі өндіріске енгізіп отырады. Бұл - еңбек өнімділігін арттыру арқылы өндірілген мұнай көлемін ұлғайтудың жолы, сонымен бірге бұл қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апатты жағдайлар мен бақытсыз оқиғалардың қатерін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай озық әдістердің қатарында мұнай-газ қабаттарының арасын сумен жару, тереңнен мұнай соратын винтті сораптар қою, болат құбырларды шыныпластикалық құбырлармен алмастыру, ұңғымаларды көлденең және тік бұрғылау сияқты тәжірибе барысында өзін-өзі ақтаған жаңа тәсілдерді атауға болады. Елімізде ең бірінші болып мұнай көздерін жоғары қысыммен жару тәсілін қолдану да – «Маңғыстаумұнайгаздың» батыл да тәуекелшіл қадамдарының бірі. 1999 жылы Жетібайда, 2003 жылы Қаламқаста өндіріске енгізілген бұл әдіс өзінің тиімділігін көрсетті. Бүгінгі таңда жаңа инновациалық жобаларды жүзеге асыру жалғасуда, полимерлік су айдау тәсілін енгізу, геологиялық зерттеу саласы бойынша жоспарлауды автоматтандыру, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру мен қадағалау, қоймадағы қордың жүрісін бақылап, қадағалау процессін автоматтандыру, электронды құжат айналымы жүйесін жаңарту сынды жобаларды айтуға болады. Сондай-ақ, Қаламқас кен орнында қуаттылығы 2x45 мегаватт газ турбиналы электр станциясы (ГТЭС) жуырда қолданысқа берілмек. Өндірілетін электр энергиясымен сол өңірді толық қамтамасыз ететін ГТЭС ауаны ластайтын қаншама ілеспе улы газды тазалап, пайдаға жаратпақ.

«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы тек өндірісте ғана табысқа жетіп қоймай, түрлі әлеуметтік жобаларды да белсенді түрде жүзеге асырып келеді. «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының әлеуметтік саясаты кәсіпорынның Стратегиялық дамуының бөлінбес бөлігі болып табылады. Әлеуметтік бағдарламалар түрлі бағытта жүзеге асырылып, жалпы Маңғыстау халқының мүддесіне ғана емес, мыңдаған адамдардың, оның ішінде өз қызметкерлерімізге де қызмет етуде. Айта кетерлігі - үстіміздегі жылдың маусым айында үйі өртеніп, мерт болған әріптесіміз, «Қаламқас-мұнайгаз» өндірістік басқармасының электр дәнекерлеушісі Қилыбаев Қуаныштың Атамекен елді мекеніндегі тұрғын үйінің орнынан елдік бен берік ұжымдық бірлікті ту еткен компания ұжымы өз күшімен жаңа үй тұрғызып берді.

Еліміздің мұнай өнеркәсібін өркендетуге лайықты үлес қосқандардың бірі - Қаламқас кенорны. 30 жылдың үстінде жер байлығын игеріп, оны ел қажетіне жұмсауда ерен еңбек еткен ардагерлерімізді, мұнаралар қасынан табылған құрыш білек мұнайшы-ларымызды бүгінгі мерекемен қызу құттықтаймын! - деп Б.Иманбаев ақжарма тілегін білдірді.

Сонан соң Сунь Синъюнь мен Бақыт Иманбаев «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы, өндірістік департамент, қауіпсіздік қызметі, транспорт департаменті, маркшейдер қызметі, әкімшілік мәселелер және әлеуметтік даму департаментінің қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру бөлімі еңбек майталмандарын «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапаттады.

Салтанатты жиында Маңғыстау ауданының әкімі Жармағанбет Айтуаров сөз сөйлеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға қосқан айшықты үлесі үшін «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы басшыларының атына алғыс білдіріп, Сунь Синъюнь мен Бақыт Иманбаевтың арқаларына шапан жапты.

Марапаттау рәсімін Қазақстандағы Қытай Халық Ұлттық Компаниясының өкілі Пэй Чианшэнг жалғастырды. Ол мұнайшыларды мерейлі мерекесімен құттықтап, «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының технологиялық сұйықты дайындау цехының Ақсын-Қаламқас участкесінің төртінші дәрежелі жөндеуші слесарі Сүлеймен Түрікменбайұлы Жұмағазиевке «CNPC Kazakhstan» компаниясының Құрмет грамотасын салтанатты жағдайда тапсырды.

Бұдан кейін еңбек ардагерлері сөз алып, кәсіби мерекелерін атап өтіп жатқан мұнайшыларға арнау өлеңдермен шашу шашты. Тұщықұдық аулының ардагер ұстазы Жамбыл Нәубетов, Қызан аулы ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбай Тұрлыбеков ақ тілектерін білдірсе, Шайыр аулы ардагерлер кеңесінің төрағасы Санатбай Тілегенов мұнайшыларға өлең арнаумен қатар ауыл әкімінің Құрмет грамотасын да табыс етті.

Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиын Алматыдан келген өнер жұлдыздарының мерекелік концертіне ұласты. Мұнайшыларды арнайы құттықтауға келген, қазақтың өнер көгіне жұлдыз болып жанған жерлесіміз Ұлықпан Жолдасов, қазақ эстрадасындағы жас та болса, тез көтеріліп, талай биіктерді бағындырып үлгерген Фарида Жолдасова, Алатау бөктеріндегі оңтүстік астанадан Маңғыстауға ат басын тіреген «Бастау» тобының өнер саңлақтары жүректі тербеп ән салып, көпшіліктің көңілін бір көтеріп тастады. Бұл «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің ұйымдастыруымен өткізілген жұмысшы өнерпаздардың концертіне жалғасты.

Мерейлі мерекеде киіз үйлерге дастархан жайылып, мал сойылып, ас беріліп, еңбек ардагерлері мен мұнайшыларға үлкен құрмет көрсетілді.

Құрметті қонақтар мен меймандарға, мұнайшыларға жайылған дастарханнан кейін мұнай саласының майталмандары волейбол, күрес, қол күшін сынау, бағанаға өрмелеу сияқты бұқаралық спорт түрлерінен сайысқа түсті.

Үздіктер марапатталды

Қай кәсіп иелеріне де төл мерекесін тойлау зор қуаныш пен шаттық сыйлайтыны сөзсіз. Өткен аптада мұнай мен газ саласы қызметкерлері де осындай ерекше бір салтанатты шақты бастан кешірді. Жыл сайын қыркүйек айының бірінші жексенбісінде тойланатын төл мерекесін өлке мұнайшылары толайым табыстармен қарсы алды. Олар өткен сегіз айдың қорытындысы бойынша жоспардағы 4 млн. 083 мың 658 тонна мұнайдың орнына 4 млн. 170 мың 611 тонна мұнай өндіріп, ерен еңбектің үлгісін көрсетті.

Тарихы сонау алпысыншы жылдардан басталатын кәсіпорынның бұл табысында мұнайшылармен қатар Маңғыстау мұнайын алғаш игеруші ардагерлердің де сүбелі үлесі бар. Осыны ескерген компания басшылары бір топ ардагер мұнайшылар – Нұрмұхан Қанатбаевты, Каримулла Мухаевты, Бимұрза Балабатырұлы мен Қалабай Төлегеновті үйлеріне барып, төл мерекелерімен құттықтады.

«CNРC Kazakhstan» компаниясының өкілі Пэй Чианшэнг, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының Бас директоры Сунь Синъюнь мен оның бірінші орынбасары Бақыт Иманбаев ардагер мұнайшылардың алғаш мұнай игерудің қиындықтарына мойымай, киелі өлкеміздің байлығын халық игілігіне жаратқан еңбектері ешқашан ұмытылмайтындығын, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екендігін айтып, зор құрметпен сыйлық ұсынды.

- Маңғыстау мұнайын алғаш игерушілер Сіздердің әрқайсыңыз зор құрметке лайықсыздар. Сіздер сонымен қатар, мол тәжірибелеріңізді жастарға үйреткен тәлімгер ұстазсыздар. Бұл күндері «қара алтынның» еліміздің экономикасының локомотивіне айналып отырғаны Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасы,-деді Бақыт Иманбаев.

Өздеріне деген ыстық ықылас пен риясыз көңілге риза болған ардагер мұнайшылар алғыстарын жаудырып, баталарын берді.

- Бүкіл саналы ғұмырымызды Маңғыстау мұнайын игеруге арнадық. Уақытпен санаспай жасаған еңбек зор құрметке бөлеумен бірге денсаулығымызға да нұқсан келтірді. Бірақ соған қарамастан мен өзімді бақытты сезінемін. Себебі, осы жұмыста жүріп мен С. Өтебаев, Н. Бекбосынов, Н. Марабаев, Л. Қиынов және тағы басқа талай абзал азаматтармен қызметтес болдым. Білікті де білімді көптеген энергетиктерді тәрбиелеп шығардым. Әлі де еліміздің, облысымыздың, компанияның қоғамдық-саяси өміріне араласып, өзімнің пікірім мен ақыл-кеңесімді айтып отырамын, Әсіресе, мен өзімнің өлкемізде атом станциясын салдырмауға, халқымды атом қасіретінен сақтап қалуға үлес қосқанымды мақтан тұтамын, - деді облысымыздың алғашқы энергетигі Төлеген Қалабаев.

Ардагерлер мен мұнайшыларға деген құрмет пен марапат мұнай-газ саласы қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиналыста жалғасын тапты. Алдымен сөз алған «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының Бас директоры Сунь Синъюнь компанияның мерекені зор табыстармен қарсы алғанын, бұған акционерлік қоғам мен мердігерлік мекеме қызметкерлерінің өзара ынтымақтаса еткен еңбегі мен татулығының арқасында қол жеткенін, бұл үрдіс алдағы уақытта жалғасатынын, басты назар келешекте өндіріске жаңа технологияларды енгізуге, соның арқасында мол өнім өндіруге жол ашатын жаңа жобаларды жүзеге асыруға аударылатынын айтты. Сонымен қатар, ол жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға, әсіресе еңбекақыларын көтеруге зор көңіл бөлінетіндігін, бұл мақсатта басқарма басшылары өндіріс орындарында мұнайшылармен кездесіп, жұмыста және тұрмыста кездесетін мәселелердің шешілуіне ықпал етіп отырғанын, жұмысшылардың жай-күйін біліп, ұсыныс-пікірлерін айтуына мүмкіндік беретін мұндай кездесулер келешекте де жалғасын табатынын жеткізді.

Салтанатты жиналыста, сонымен қатар, компания Бас директорының орынбасары Бақыт Иманбаев пен «СNPC Kazakhstan» компаниясының өкілі Пэй Чианшэнг сөз сөйлеп, мұнайшыларды төл мерекелерімен шын жүректен құттықтады.

Салтанатты жиналыс одан әрі қажырлы еңбегімен өзгелерге үлгі болған өндіріс озаттарын марапаттауға ұласты. Марапатталушылардың арасында компания өндірістік департаменті директорының орынбасары Б. Жаңбыршин, Қаламқас кенорнын модельдеу секторының геологі З. Сарбалина, өндірістік-техникалық бөлімі бастығының орынбасары Сун Юйбо және тағы басқалар бар.

Нұр жауған күн еді

Құт бойы қазынаға толы Жетібай кенорны алаңы көптен бері шаңдатып жатқан. Он екі киіз үй тігіп, төл мерекелеріне қызу дайындалған мұнайшылар қауымы «дауыл тұрып кетпесе екен» деп көңілге қауіп алған. Кеше синоптиктер де «жел тұрады» деп алаң көңіл етіп қойған. Құдыретті айтсаңызшы, ертемен нөсер құйды. Мереке басталғанда жауын тоқтап, ыстық басылып, қоңыр салқын леп соқты. Бұл өзі көпшілік ала жаздай күткен шынында да нұр жауған күн болды. Төл мейрамға дөп келген жауынды жақсылыққа жорыған, жадыраған жайдарман жазды тауысып, дархан даламызды ырысқа бөлеген алтын күзді жақсы көрсеткіштермен қарсы алып отырған мұнайшылардың көңіл-күйі аса көтереңкі еді. Әсіресе, жасампаз өзгерістердің куәсі ардагерлердің қуанышында шек жоқ.

- Маңғыстаудың мұнайын игеруге Атыраудан 1957 жылы келдім. Жертөледе, қамыс үйлерде тұрдық, талай қиындықты бастан кештік. 55 жыл мұнай кәсіпшілігінде еңбек еткен екенмін. Бір басыма жетерлік наградаларым бар. Жұмыс орным Ақтаудан 3 бөлмелі пәтер беріп, 1988 жылы құрметтеп еңбек демалысына шығарып салған. Міне, содан бері қаншама өзгерістер болды. Еңбегіміздің жемісті нәтижесін көріп толқып тұрмын, - дейді өзін Өтеп Жалқанов деп таныстырған ақсақал.

Міне, салтанатты сәт те басталды. Той қонақтары арнайы құрылған сахна маңына жайғасты. Қаз-қатар тізілген, әсем безендірілген, сәнді киіз үйлер мерекеге ажар қосқандай.

- Құрметті мұнайшылар, ардагерлер, аудан тұрғындары, бізге қызмет көрсетуші ұжымдардың жұмысшылары! Бәрімізге ортақ мереке құтты болсын! Компаниямыз 8 айдың қорытындысы бойынша қарқынды дамуда. Жоспардан астам 86 мың тонна мұнай өндірдік, бұған Жетібай мұнайшыларының қосқан үлесі зор. Жаңадан қабылданған жалақы жүйесіне байланысты жұмысшылардың табыстары әжептәуір жоғарлады. Соңғы 2 жылда Қарақия ауданына әлеуметтік жағынан көп көмек көрсеттік. Асар кенорнында жаңадан өндірістік база салынбақ. Мұнайшылардың тұрмыс, әлеуметтік жағдайын жақсарту ұдайы назарда ұсталады, - деді алғашқы болып сөз кезегін алған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Сунь Синъюнь .

Құттықтау сөз кезегі «Маңғыстау-мұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Б.Иманбаевқа берілді.

- Маңғыстау мұнайының қарашаңырағы – Жетібай кенорнында төл мерекемізді зор табыспен, қуанышпен қарсы алып отырмыз. Әлеуметтік салаларда әлі де көптеген жұмыстар істелетіндігін бас директор айтты. Жанұяларыңызға амандық, елімізге тыныштық тілейміз! Мерекелі тойларда кездесе берейік! - деді Бақыт Алтайұлы.

Мұнайшыларды «CNPC Kazakһstan» компаниясының өкілі Пэй Чианшэнг құттықтады.

Бір топ қызметкерлерге «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, «Самұрық-Қазына» АҚ Құрмет грамотасы табыс етілді. Мерекелік шара концерттік бағдарламаға жалғасты. Көпшілік алдында мұнайшы өнерпаздар, елімізге белгілі өнер шебері Ұлықпан Жолдасов өнер көрсетті.

Түсте компания басшылары №2 мұнай кәсіпшілігінде жаңа асхана мен жатақхананың тапсырылуына қатысты. Салтанатты кіріспе сөз сөйлеп «Жетібаймұнайгаз» ӨБ бастығының орынбасары Құдайберді Досаев төмендегідей деректер келтірді: 2012 жылы басталып, 2014 жылы аяқталып отырған құрылысқа 538 миллион теңге қаржы жұмсалған. Осыған дейін 40 жылдай пайдаланып келген көне асханаға қарағанда айырма жер мен көктей. Бұл 250 орындық жаңа асханада 4 кезекте 1 мың адам тамақтана алады.

Асхананың ашылуы салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйлеген «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Сунь Синъюнь мен бас директордың бірінші орынбасары Бақыт Иманбаев 2 миллион тонаға жуық мұнайын өндіре бастаған «Жетібаймұнайгаздың» келешегі келісті, жемісті болатындығының нақты мысалы ретінде тапсырылып жатқан әлеуметтік нысандарға кеңінен тоқталып, халық үшін істелер осындай жұмыстардың жалғаса беретіндігін жеткізді.

Көпшілік асхананы тамашалауға асықты. Шынында да көруге көз керек. Салқын залда, рахаттана түскі асын ішіп жатқан мұнайшылар көңілді.

- Мұндай асхана бізде ғана бар. Өзіңіз көріп тұрсыз, салқындатқыштар төбеде орналасқан, залдың безендірілуі де талғамға сай. Қосымша бөлме, цехтарымыз жеткілікті. Бұрын еш жерде қойылмаған, 2014 жылы өндіріске шыққан, озық үлгідегі жаңа жабдықтар да осында. Штат бойынша 22 адам жұмыс жасайды. Асхана меңгерушісі Айкүміс Айтбаева – тәжірибелі маман, - деп инженер-технолог Маншук Рабаева компания басшыларына деген ризашылығын жеткізді.

Көппен бірге жаңадан тапсырылған 52 орындық жатақханаға бет алдық. Бөлме ішінде кабина душы бар, екі адамға арналған, су жаңа жиһаздармен жабдықталған жатар орын шынында да еңбек адамына деген қамқорлықтың белгісіндей.