Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

slide
slide
slide
slide
slide

МҰНАЙШЫЛАР ӘЗ НАУРЫЗДЫ МЕРЕКЕЛЕДІ

25 наурыз, 2015

Жер-дүниені жаңартып, шадыман шаттығын ала келетін көктем мерекесі – Ұлыстың ұлы күнін тойлауды дәстүрге айналдырған «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы биыл да Әз Наурызды кең көлемде мерекелеп, ізгілік пен татулық, ынтымақ пен ырыс бастау алатын жыл басымен қауышты. Бейбітшілік пен құт-берекенің арқауы болған Ұлыстың ұлы күнінде Бозашы түбегіндегі «Қаламқас» кен орнында Наурыз мерекесіне лайықталған сахна құрылып, тігілген киіз үйлерде мол дастархан жайылды.

ҚАЛАМҚАС. Мерекелік думанда күнделікті жұмыс киімін ұлттық киімдерге алмастырған мұнайшылар қуаныш пен қызыққа кенеліп, бір-біріне игі тілек айтысты. Елімізге белгілі «Тамаша тарту» театры әртістерінің жарасқан әзіл-қалжыңы мен әншілердің әуелеген әні көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жергілікті өнерпаздар әсем әннен шашу шашып, күмбірлетіп күй тартып, мұнайшылардың көңілін бір серпілтіп тастады. Ақ тілек мен пәк пейілдің мейрамында халқымыздың салт-дәстүрлері дәріптеліп, мерекенің мәртебесін асырды. Мерекенің салтанатты рәсімінде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының өндірістік мәселелері жөніндегі орынбасары Қ.Қиынов мұнайшыларды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, көпшілікке ақ тілегін арнады.

– Ырыс-несібесін ала келетін нұрлы Наурыз мерекесінде құт-береке дарып, еліміздің береке-бірлігі арта түссін. Еңбек өнімділігін арттырып, ел ырысын еселей түскен мұнайшылардың еңбегі қашан да құрметке лайық. Компания ұжымының ауызбіршілігі мен еңбекқорлығының арқасында жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Барлығыңыздың отбасыларыңызға амандық-саулық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Жылымыз бақ-берекелі болсын, еліміз мерейлі қуаныштарға кенеліп, Наурыздан Наурызға аман-есен жете берейік,-деді өз сөзінде Қазыбек Кетебайұлы.

Мерекелік тілекті жалғаған «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының басшысы Н.Сәрсенбай елімізде тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан ұлт пен ұлысты бірлікке ұйыстыратын, татулыққа үндейтін мерекені тойлап жатқан қауымды Жаңа жылымен құттықтады. Берекелі күнде мұнайшыларға бақыт пен денсаулық, отбасыларына амандық тіледі. Мерекелік бағдарламамен өрнектелген думанды кеште «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасындағы №1 мұнай және газ өндіру цехының 5-дәрежелі мұнай және газ өндіру операторы Е.Қанатбаев, кешенді мұнай дайындау және өткізу цехының технологиялық қондырғыларды жөндеу жөніндегі 5-дәрежелі слесарі Ш.Абдикадиров «Құрмет грамотасымен», ғылыми-зерттеу және өндірістік жұмыстары цехының 3-дәрежелі химиялық талдау зертханашысы Ж.Дүйсенова, пайдаланыстағы жабдықтарды прокаттау-жөндеу цехының технологиялық жабдықтарды жөндеу жөніндегі аға шебері М.Батырбеков пен экология учаскесінің 3-дәрежелі тазалаушысы Қ.Мұқанов, кен орнындағы №1 қоғамдық тамақтандыру цехының 2-дәрежелі асхана жұмысшысы А.Гүлғожаева «Алғыс хатпен» марапатталды. Салтанатпен сән құрған Наурызда мерекелік көңіл күй құшағында думандатқан мұнайшылар мен қонақтар дастархан басына жайғасып, ұлттық тағамдар мен наурыз көжеден дәм татты. Ұлыс күнінде ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған жарыстар өткізіліп, мерекенің шырайын келтірді. Қазақша күрес, кір тасын көтеру, арқан тартыстан жүлде иеленген мұнайшылардың қуанышы еселенді.

ЖЕТІБАЙ. Ұлы мерекенің тамырына қан жүгірткен «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы жетібайлықтарға бірнеше жыл қатарынан думанды той сыйлап келеді. Биыл да осы үрдістен жаңылмаған өндірістік басқарма ұжымы Мұнайшы ауылының орталық алаңына жағалай киіз үйлер тігіп, қазан-ошақ көтеріп, дархан пейілмен дастархан жайды. Наурыз тойында күмбірлеген күй мен әуелеген ән кернеген алаңға ағылған ағайын төс қағыстырып көрісіп, амандық-саулық сұрасып, бір-бірін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап жатты. Мереке­ге жиналған жұртшылық киіз үйлерге түсіп, ақ дастарханнан ұлттық тағамдар мен наурызкөжеден дәм татты.

Мерекелік шараның ашылу салтанатында сөз алған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Сунь Синъюнь жиналған қауымды түркі тілдес халықтардың ортақ мейрамымен құттықтап, әр отбасына амандық, молшылық, елге ынтымақ пен бейбітшілік тілеп, жылы лебізін білдірді. Жыл басының келуімен жиылған қауымды құттықтаған Қарақия ауданының әкімі Ә.Дауылбаев ұйымдастырушыларға алғыс айтып, игі тілегін жеткізді. «Күн мен түн теңеліп, ескінің жаңаратын кезі, жақсылықтың, шаттықтың бастауы – Наурыз мерекесі құтты болсын, ағайын! Табалдырығымыздан аттаған Жаңа жыл елімізде тұрақтылық пен татулықтың тұғырын нығайтып, құт-береке әкелсін. Бейбіт өмір мен ынтымақтастықта тұрмыс кешіп жатқан әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдері ырзық-несібесі мол ортақ мерекені асыға күтеді. Батыс өңірде Амал мерекесінен бастау алатын Наурыз мейрамы елімізде кең көлемде мерекеленіп, жоғары деңгейде тойланып жатыр. Жылқы жылы ауданымыз үшін жемісті, табысты болды. Жылдан-жылға ауданның әлеуметтік–мәдени әлеуетінің өрлеп, халықтың әл-ауқатының жақсаруына «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының қосқан үлесі зор» деген Әділбек Құлынтайұлы Наурызды өзіндік сән-салтанатымен, думанды тойымен өткізіп отырған компанияға алғыс айтты.

Наурыз тілектердің ізін жалғаған ел ағалары «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Ескі жыл есіркесін, жаңа жыл жарылқасын!» десіп, жиылған қауымды жер бетіне нұр-шапағатын төгіп, жайма шуағын шашқан науша Наурызды шат-шадыман көңіл-күймен мерекелеуге шақырды.

Ақжарма тілектер айтылып, құттықтау лебіздер толастағаннан кейін аталмыш акционерлік қоғам атынан ел ырыздығын еселеуде жемісті еңбек еткен бірқатар еңбек адамдарына құрмет көрсетілді. «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының №1 мұнай және газ өндіру цехының 4-дәрежелі операторы Е.Жаңбыршиев, №1 қоғамдық тамақтандыру цехының 4-дәрежелі наубайшысы Ж.Нұржанова, әкімшілік мәселелер бөлімінің өндірістік-техникалық қызметінің 4-дәрежелі слесарь-сантехнигі М.Асқарбаев, инженерлік-техникалық қорғаныс және өткізу режимі бөлімінің 4-дәрежелі көлік жүргізушісі С.Ысмағұлов «Құрмет грамотасымен» және кен орнындағы механикалық цехтың 4-дәрежелі токарі Р.Секов, медициналық-санитарлық бөлімнің дәрігерлік амбулаториясының фельдшері А.Көшерова «Алғыс хатпен» марапатталды. Әз Наурызға арнайы шақырылған «Тамаша тарту» театрының әзіл-қалжыңы мен аудан өнерпаздарының ұсынған концерттік бағдарламасы көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлап, думанды тойдың сәнін келтірді. Ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен көмкерілген бүрмелі көйлек, камзол, бешпеттегі қыз-келіншектер мен апа-жеңгелер, шапан киген ата мен кимешек тағынған әжелер Наурыз тойды айшықтай түсті. Қаз-қатар тігілген ақшаңқан үйлерде ақ тілегін жетектеген меймандар дастарханнан дәм татып, игі күндерде кездесуді тілек етті.

Түркітілдес халықтарда дархан жүрекпен, ізгі ниетпен берік орныққан мерекені қарсы алған ауылдағы ағайынның тойы спорттық ойындармен жалғасын тапты. Бұлшық еті шыныққан азаматтар кір тасын көтеріп, арқан тартысып, білек күшін көрсетті. Боз кілемде белдескен палуандар да ептіліктерін байқатты. Той-думанның ажарын кіргізген ұлттық ойындар тартысқа толы болып, жанкүйерлердің қолдауы спортшыларды жігерлендіре түсті. Сонау Алматыдан театр тарландарын шақыртып, салт-дәстүрімізді дәріптеген дүбірлі тойды өткізуге мұрындық болған, ынтымағы жарасқан ұжымның ұйымшылдығына жетібайлықтар дән риза. «Ата-баба дәстүрін жалғап, салтын сақтап, жыл сайын Әз Наурыздың жоғары деңгейде өткізілуіне аса ден қоятын «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ аудан тұрғындары атынан алғысымызды айтамын. Татулықтың, ізгіліктің, еңбектің мерекесі – Ұлыстың ұлы күні Қызыр ата табалдырықтан аттайды. Ренжіскен ағайын-туыс өкпе-наздарын ұмытып, татуласады. Жаңа жылды жақсы үмітпен, ізгі ниетпен күтеміз. Ең бастысы, елімізде тыныштық, бейбітшілік болсын деп тілеймін. Төрт түлік төлдеп, ақ молаятын кезді қарсы алған көпшілік ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, салт-дәстүрлерімізді жаңғыртуға үлесін қосып жатыр»,-дейді Жетібай ауылының тұрғыны Г.Дағыстанова.

Жетібайды әсем әуенге, ән-жырға бөлеген Наурыз мейрамын мерекелеген жамағат жақсылыққа ниет етіп, ескі жылмен қоштасып, Жаңа жыл басымен қауышты. Мерекелік шарадан кейін «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ басшылығы мен аудан әкімі Ә.Дауылбаев бастаған бір топ ел ағалары Ұлы Отан соғысы ардагеріне теңестірілген Жетібай ауылының тұрғыны Ш.Қалбаевтың отбасында болып, қарияны Амал мерекесімен құттықтап, сыйлық табыстады. Қонақтар дастархан үстінде көпті көрген қартпен емен-жарқын әңгімелесіп, ақ батасын алды.

Наурыз мерекесіне орай компания ұжымы Ақтау қаласындағы халықтық мерекеге де белсене араласты. Теңіз жағалауындағы киіз үй қалашығында үй тігіп, наурыз көже таратып, мерекелік дәм тартты. Сондай-ақ Амал күндерінде Басқарма басшылары Қамқа Үмбеталина, Ләйла Марабаева сынды мұнайшы ардагерлердің отбасында мерекелік тілекпен бөлісті.