Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

ЖАЗ ҚЫЗЫҒЫ ТАМАША!

17 маусым, 2015

Балалардын демалыс маусымы басталды

Оқу жылы аяқталып, мектеп оқушылары асыға қүткен жайнаған жаз да келді. «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша мұнайшы балаларының жазғы демалысты қызықты өткізуіне жағдай туғызып, игі істерді жалғастыруда.

Маусымның 17-сі күні қарт Каспийдің жағасында орналасқан «Алау» балаларды сауықтыру орталығының бірінші маусымы салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсіміне «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Бақыт Алтайұлы Иманбаев, департамент директорының орынбасары Хоу Тяньвэй, «Алау» БСО директоры Татьяна Хаджимұратқызы қатысып, балаларды маусымның ашылуымен құттықтап, оларға қызықты да жарқын демалыс тіледі. Демалыс орны балаларға арналған концерттік бағдарлама, түрлі ойындар ұйымдастырып, алғашқы көңілді де думанды сый-сияпатын тарту етті. Түгелдей аппақ болып киінген, періштедей пәк балғындар мәре-сәре, қуаныштарында шек жоқ. Жүздерінде кіршіксіз бала көңілден шыққан риясыз күлкі ойнайды.

Таза құмды, мөлдір сулы теңіз жағасында орналасқан балаларды сауықтыру орталығы енді жаз бойы балғындардың шат күлкісіне толы қызығы тарқамайтын ортаға айналады. Бүлдіршіндер туған жердің табиғат аясында еркін тыныстап, толқындары көбік шашқан теңіз суына шомылып, балалық шақтың бал қызығына бөленбек.

Балаларды сауықтыру орталығында 240 баланың еркін демалуына барлық жағдай жасалған. Бүлдіршіндердің әрбір күні қызықты өтуі үшін табиғат аясында түрлі мәдени және спорттық шаралар, ойындар өткізілмек. Ақтау қаласына қызықты саяхаттар ұйымдастырылып, кинотеатрларға апару, демалыс орталығына «Шапито» циркін шақыру жоспарлануда. Бұл кезең балаларға шексіз қуаныш пен көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын нағыз қызықты шақ болары анық. Осының бәрі – тамаша сауықтыру бағдарламаларын шебер ұйымдастырып жүрген білікті мамандардың арқасы.

«Алау» балаларды сауықтыру орталығындағы демалыс төрт маусымнан тұрады. Әрбір маусымның ұзақтығы – 15 күн. Жасөспірімдерге бес мезгіл тамақ мәзірі әзірленген. Тамақтану орталықтары барлық санитарлық талаптарға сай, тазалық пен тәртіп қатаң қадағаланады.

Демалуға келген балалар мұнда күндерін көңілді өткізіп қана қоймай, білімдерін толықтырып, шығармашылық қабілеттерін де шыңдап қайтады. Сондай-ақ балалардың таным көкжиектерін кеңейтуге де айрықша көңіл бөлініп отыр. Әртүрлі танымдық бағдарламалармен қатар экскурсиялар да өткізіледі.

Бала – біздің болашағымыз, олар – еліміздің ертеңі. Сондықтан балғындарға сапалы білім мен саналы тәрбие беру – басты міндет. Осындай сауықтыру орталықтарында бүлдіршіндердің демалыстарын тиімді өткізіп, өнегелі тәрбие алуы олардың болашақта бойларын жат әдеттерден аулақ ұстауына бірден-бір себеп болары сөзсіз.

Демалыстарың қызықты өтсін, балғындар!