Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

slide

ИННОВАЦИЯ – ӨНДІРІС ТАЛАБЫ

23 маусым, 2015

Үстіміздегі жылдың маусым айының 23-күні «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының материалдық-техникалық базасы құнды құрылғымен толықты. Оған себепші болған «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының бас механигі Майрам Садақбаев, бас механика бөлімінің жетекші механигі Білал Жанбырбаев, техникалық қауіпсіздігі департаментінің маманы Бауыржан Латип және пайдаланыстағы жабдық-тарды прокаттау - жөндеу цехының бастығы Әлібек Смайлов.

Осы мамандардың өндірісті оңтайландыру, жұмысшылардың еңбек ету жағдайларын жақсарту бағытындағы тынымсыз ізденістерінің арқасында ПН-70 және ПП-063 пештерінің иректүтіктерін жөндеу-ауыстыру жұмыстарын жеңілдететін қондырғы ойлап табылды.

Бұл бұрын-соңды қолданысқа енгізілмеген тың идея, құрылымы да қарапайым, есесіне өзіндік құны да компания бюджетіне ауыр тимейді. Арнайы алаңшасы бар қондырғысына электрлі қозғалтқыш арқылы іске қосылатын бәсеңдеткіш орнатылған. Керек болған кезде, жылжымалы қондырғы жөндеуді қажет ететін пештің жанына орнатылады да, ақауы бар иректүтік пеш ішінен сыртқа сүйреп шығарылып, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жаңа иректүтік пештің ішіне орнатылады.

Бұрын мұндай жұмыстар 2 ауыр техника мен 6 кісінің күшімен жасалатын, бұған қоса қоршаған орта мен жұмысшыларға төндіретін қауіп-қатері де жоғары еді. Ал енді бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін небары үш маман, 1 ауыр техника мен осы қондырғының күші жеткілікті, әрі қауіп деңгейі де анағұрлым төмендеген.

Жалпы, Қаламқас кенорнында иректүтікпен жабдықталған ПН-70 және ПП-063 маркалы мұнай жылыту168 дана пеші бар. Бір айда 4-5 дана иректүтік ауыстыру жұмыстарын қажет етіп тұрады. Енді ол жұмыстар жаңа қондырғының көмегімен жүзеге асырылып, нәтижесінде еңбек тиімділігі артып, көрсетілетін қыз-меттің өзіндік құны төмендейтін болады.

Шикізат нарығындағы бүгінгі ахуалды ескерсек, мұндай инновациялар – жұмыс процесін оңтайландыру өндірістің өміршеңдігі үшін ауадай қажет деп таныған компания басшылығы Қаламқас кенорнында сынақтан сәтті өткен қондырғыны мұнай кәсіпшілігінде кеңінен пайдалану шараларын алуда. Мұнайшы-өнертапқыштардың аталмыш жаңалығы басқа да өндіріс орындарына жол тартып, компанияның тұрақты дамуына септігін тигізбек. Демек, қаламқастық өнертапқыштардың еңбегі еш болмақ емес!

Ғ.Әбдісадық