Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

ТАЛАПТЫҢ АТЫ АРЫНДАП...

10 тамыз, 2015

Бүгінгі таңда елдігімізді күшейту, болашаққа деген сенімді нығайту, жастар саясатына байланысты маңызды жобалардың бірі - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы» акционерлік қоғамына қарасты компаниялар жанынан құрылып жатқан жас мамандар Кеңестері.

30 шілде күні «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жастарының басын бір ортаға тоғыстырған жас мамандар Кеңесіне бір жыл толды. Осыған орай оқырман назарына Кеңес төрағасы Бауыржан Ходжаевпен сұхбатты ұсынамыз.

- Бауыржан, ең алдымен өзіңізді және Компаниямыздың барша жас мамандарын, жалпы ұжымдастарымызды Кеңестің бір жылдығымен құттықтаймын! Сұхбатымызды жас мамандар Кеңесін құру идеясы және Кеңесті құрудағы алға қойған мақсаттарыңыз қандай деген сұрақтан өрбітсек?

- «Сабақты ине сәтімен» дейді қазақ. Негізі, осы іспетті қауымдастық құру көптен көкейде жүрген мәселе болатын. Кеңес құрылғанға дейін де жастар болып, бірге оқығанымыз бар, бір қызметте жүргеніміз бар, ауық-ауық жиналып тұратынбыз. Алайда бүгінгідей ресми статус, бүгінгідей мүмкіндіктер болған жоқ. Тағы да бір түрткі болған жағдай, сол кездері «Қаражанбасмұнай», «Өзенмұнайгаз» секілді мекемелерде белсенді жұмыс жасап жатырған жастар кеңесі болды. Солардың ұйымшылдығына, атқарған қызметтеріне деген қызығушылық көкейде «бізде неге жоқ, неге жиналып бір ұйым құрмасқа?» деген ой тудырды. Осылай, жастардың өзінің бастамасымен Басқармаға «Кеңес құрсақ» деген ұсыныс жолдаған едік. Бұл бастамамыз Басқарма тарапынан қызу қолдау тапты. Нәтижесінде - өткен 2014 жылдың шілде айында компания қабырғасында басшылықтың қатысуымен жастар конференциясы болып, сол жерде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жас мамандар Кеңесінің құрылуы туралы ресми түрде жарияланды. Осыдан сәл кейін, қыркүйек айында «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы» акционерлік қоғамынан да жастар кеңесін құру туралы тапсырма келіп түсті.

Осы орайда жобаны ұйымдастыру жұмыстарына белсене араласқан Лаура Жолдыбаева, Бекеш Қыдыров, Сергей Примаченко, Баян Тлепиева сынды әріптестерімізге және ағалық ақылын беріп, жол көрсеткен Сақып Бүркітбайұлы Керелбаевқа, Ербол Еділовке ерекше алғыс айтып кеткім келеді.

Ал мақсат біреу – ол мынау өзіміз қызмет етіп жатқан компаниямыздың көркеюіне, еліміздегі ең озық өндіріс кәсіпорынның қатарынан көрінуі жолында қызмет ету. Елбасымыздың жүзеге асырып жатырған саясатына қолдау көрсетіп, осы елдің тұтастығын, айрандай ұйып отырған халықтың бірлігін нығайту жолында жас мамандардың басын қосып, олардың уақыттың талабына сай болуына ықпал ету. Заман талаптарына сай әрекет ете білетін, бәсекелестікке тұра алатын, өзіндік ойы бар көшбасшылар шоғырын қалыптастыру. Бұл - уақыт талабы, заман қажеттілігі.

- Осы өткен бір жылда нендей жұмыстар атқарылды? Жалпы көзделген мақсаттар, жасалған жоспарлар жүзеге асырылып жатыр ма?

- Аспан астындағы мұражай атанып кеткен 362 әулиелі Маңғыстауда тұрып, оның тарихи, рухани, мәдени жәдігерлерін дәріптемеу, көңіл бөлмеу біз секілді жастар қауымдастығы үшін үлкен ағаттық болар еді. Тарихы жоқ елдің өзі де жоқ! Уақыт өте келе, жаһандану деп, интеграция деп жүріп өзгенің бояуын бойымызға артығымен сіңдіріп, ұлттық болмысымыздан, қазақылығымыздан аңдамай айрылып қалмау бүткіл елге қажет шаруа!

Ықылым заманнан «өлі жебемей, тірі байымайды» деп әруағын адамынан артық құрметтеген, өлісін еш уақытта ұмыт қалдырмаған халықпыз. Осы аталардың салтынан айнымай біз де шарумыздың шымылдығын «піссіміллә» деп Маңғыстау сәулет өнерінің жәдігері «Қараман ата» қорымына барып сенбілік өткізумен аштық. Қорым басындағы тозығы жеткен түнеухананы жаңғыртып, қорымды айнала қоршаған тас қорғанның құлаған жерлерін қайта қалап, садақамызды тарқаттық. Ел амандығы мен халық бірлігін тілеп дұға оқыдық, елін-жерін қорғаумен өткен би-батырларымызға, әулие-әмбиелерімізге арнап құран шығарттық, бастап жатырған шаруамызға Алладан медет, берекет сұрадық. «Жастың тілегі қабыл», сол сапарымыздың оңынан оралғаны болар - бір жылдан бері Кеңесіміздің жұмыс ауқымын кеңейтіп, қызметімізді дөңгелентіп келеміз.

Жүйелі түрде жүргізіліп жатқан шараларымыз туралы айтар болсақ, өткен жылдың желтоқсан айынан басталған «Үлкенге құрмет – жасқа міндет» атты шарамыз бар. Бұл шараның негізгі мақсаты - ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жалғау, рухани байланыс орнату, жасы үлкенге деген құрметті, сыйластықты өнеге қылу. Шара барысында жастар компаниядан еңбек демалысына шыққан, аз қамтылған зейнеткерлеріміздің үйлеріне барып, хал жағдайларын біліп, тұрмыстық мұқтаждарына жәрдем берді. Жігіттер жағы аула жинау, отын шабу сияқты ауыр жұмыстарды атқарса, қыздарымыз үйлерін жинасып, ішкі тазалыққа араласып жатады. Биыл - Ұлы Жеңістің 70 жылдығы. Жыл басында «Өзім үшін және сол боздақ үшін» атты акциясы жарияланып, оған үн қосқан компания мұнайшылары 1 миллион теңгеден астам қаржы жинады. Бұл қаражат есебінен осы жеті ҰОС ардагерінің әр қайсысына 100 000 теңге, 4 тыл ардагеріне 50 000 теңге көлемінде көмек жасадық.

Акцияны толықтай соғыс және тыл ардагерлеріне арнаған болатынбыз. Осы шаралардың нәтижесінде зейнеткерлер тізімінде тұрған Өтеген Өзденбаев, Қамқа Үмбеталина, Виктор Нечаев сынды ардагерлеріміздің пәтерлеріне күрделі жөндеу жүргізілді, Николай Григорьевич Скороходтың үйінің дуалын салып жатырмыз. Жас мамандар Кеңесінің жастары асар жасап, ауласын жөндеді. Мұндағы мақсатымыз - бүгінгі бейбітшілігіміз бен тәуелсіздігіміз үшін қолына қару алып толарсақтан қан кешкен, қан майданнан оралып еңбек майданына араласып, елді аяғына тұрғызған қаһарман ата-әжелеріміздің алдындағы өтелмес борышымыздың титтей де болса қайтарымын беру, ерліктерін, еңбектерін ұлықтау, өскелең ұрпаққа насихаттау болатын.

«Жан жылуы», «Сәттілік формуласы», «Білімді мыңды жығар» деген ұранмен өтетін «Брейн-ринг» ойыны, ұлттық насихаттауға бағытталған «Домбыра кеші», «Поэзия кеші» сияқты жобалар да жастарымызды белсенділікке, таным көкжиегін кеңейтуге тәрбиеледі. олардан хабар шығар деп ойлаймын.

- Бауыржан, бітер істің басына, жақсы келер қасына деген бар. Кеңес мүшелері туралы, болашаққа деген жоспарларыңыз туралы сөз қозғай кетсеңіз?

- Бүгінде Кеңесте оның қызметіне белсене араласып жүрген жүзге тарта мүшесі бар, олардың қатарында өткен жылғы үздік жас мұнайшы Чингиз Абдыров, қалалық, облыстық суырып салма ақындар сайыстарының жүлдегері Райымбек Түзелов, жыр додаларының жеңімпазы Еділ Бекмұрат, шебер күйші Айбек Жұрымбаев, күміс көмей әнші Берік Айдаров тағы басқа көптеген өнер иелері мен дүйім жұртты тамсантар талантты жастар бар. Сондай-ақ газет бетін пайдаланып, Абдислан Наурызбаев, Берік Айдаров, Асқар Сабыров, Шыңғыс Абдиров, Ерболат Есжанов, Жанат Кемал, Бауыржан Исатаев, Лаура Сембаева, Тілектес Бердіхан, Нұржан Дүйсенбаев, Анар Нұғманова, Ақан Мүдебаев, Жанна Исмуханбетова, Талғат Жақыпов, Әлімжан Бөлекбаев, Райымбек Түзелов, Еділ Бекмұратов, Ақмарал Мүсілімқұлова, Елтай Тұрбергенов, Шаттыгүл Иманова, Нығмет Қалдыбаев, Жарас Төлегенов, Қайрат Ходжаев, Артур Бегман, Дәурен Хамидоллаев, Қайрат Қарабалаев, Махамбет Бапанаев сияқты белсенді жастардың атын атап айтамын.

- Бауыржан, компания құрамында жалпы жас шамасы бойынша Кеңес талабына сай келетін мыңжарымнан астам жас маман бар. Жастар ұйымына қалай мүше болуға болады деген әріптестеріңізге жауабыңыз қандай? «Жастар саясаты туралы» Заң қалай жүзеге асуда?

- Жастар ұйымына осы «Маңғыстаумұнайгазда» еңбек ететін 33 жасқа дейінгі жастардың бәрі автоматты түрде мүше деп ойлаймын. Бізде мүшелік билет пен жарна жоқ. Сен егер осы компанияда жұмыс жасайсың ба, біздікісің. Біздің жастар ұйымының мүшесісің деп есептейміз. Қазір біздің қатарымызда 100-ге тарта жастар бар. Ал, бүкіл «Маңғыстаумұнайгаздағы» жұмысшының 35 пайызын жастар құрайды десек, бұл әрине аз. Ал Кеңестің 100 мүшесінің қатардан шығам дегенін әлі естігеніміз жоқ. Себебі, біздің ұйым өзінің интелектуалдық және кәсіби мүмкіндігін сынаймын деген кез келген адамға шанс береді.

Көш жүре түзелмей ме?! Уақыт өте, бірден болмағанымен, асықпай нық басып бәрімен де тығыз қатынас орнатамыз деген сенім бар. Оған жуырда «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы» акционерлік қоғамында қабылданған Қазақстан Республикасының «Жастар саясаты» туралы Заңының негізінде жасақталған ұлттық компанияның Жастар саясаты да сеп болмақ. Мұндай құжат қазір біздің Компанияда да жасақталып жатыр: кәсіби жетілдіру, мәдени-рухани дамыту, инновациялық-рационализаторлық жобалар жасақтау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, әлеуметтік қолдау секілді бес негізгі бағыт бойынша жұмысты күшейтетін боламыз. Бұдан бөлек компанияның кәсіподақ ұйымымен тығыз қатынас орнатып, еліміздегі, Еуразиялық одақ шеңберіндегі алдыңғы қатарлы «ТатНефть», «ЛукОйл» секілді өндіріс ошақтарының және ғылыми-зерттеу институттарындағы жастар ұйымдарымен әріптестік қатынас орнатып, тәжірибе алмасып, шеберліктерімізді шыңдасақ деген жоспарларымыз да бар. Қорыта айтқанда жастарымыздың әлеуетін жан жақты дамытып, аға буынның аманатын абыроймен алып жүре алатын, келер ұрпаққа еселеп мұра қалдыра алатын жаңа кәсіби элита қалыптастырсақ деген асыл арманымыз бар.

- Бауыржан, жаңа кеңес мүшелері туралы айтқан кезіңізде жүзіңіздегі жылулықты, даусыңыздығы мақтанышты байқап көңіліме қуаныш ұялап отыр. «Өсер елдің баласы бірін бірі батыр дейді» екен, аманшылық болып тұрса талай биіктерден көрінеріңізге күмән жоқ. Енді алда келе жатырған төл мерекеңізге орай әріптестеріңізді құттықтап, бір-екі ауыз лебізіңізді жолдасаңыз...

- Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Кеңестің қызметінің өркендеуіне бірден бір себепші болып жүрген азаматтарға алғысымды айта кетсем. Бетімізден қақпай, үнемі қолдауға дайын тұратын Басқарма мүшелері Сунь Синъюнь мырза мен Бақыт Алтайұлы Иманбаевқа жастар атынан алғыс білдіргім келеді. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демей ме, жұртшылықпен байланыс департаменті ашылып, тәжірибелі мамандардың іс басынан келуі, Кеңестің соның құзырына өткені де тасымызды өрге домалатты. Сондай-ақ алдарына қандай шаруамен барсақ та қабақ шытпайтын қамқоршы ағаларымыз – Нұрсерік Қадірсізұлы Күдереевке, Жетібай Қуанайұлы Төлеғожаевқа, Нұрпейіс Мизанбайұлы Сарсенбайға, Болат Сүлейменұлы Сейтмағанбетовке, Нұрлан Лазарұлына Илмұханбетовке және тағы басқа аты аталмаған жанашыр жандарға үлкен алғысымызды білдіреміз!

Барлық жас мамандарды төл мерекемізбен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріне саулық, жанұяларына амандық, еңбектеріне жеміс, жеңіс тілеймін!

- Рахмет, Бауыржан, қызықты сұхбат болған секілді. Елін сүйген, өзіңіздей елгезек жастарымыз көп болғай. Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Сұхбаттасқан Ғани Әбдісадық