Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

Ата Заңға - 20 жыл!

28 тамыз, 2015

28 тамыз күні «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының акт залында Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-жылдығына арналған салтанатты жиын болып өтті.

Жиынға қатысушыларды «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директорының әлеуметтік және әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары Жетібай Қуанайұлы Төлеғожаев құттықтай отырып, «Ұлтымыздың ұлан - ғайыр тарихында Қасым ханның «Қасқа жолынан» бастау алған бүгінгі Конституциямыз – Елбасы ұсынып, халық қолдаған, елімізді биік белеске шығарған, тарихи маңызы аса зор құжат. Биыл тәуелсіз еліміздің Конституциясының қабылданғанына 20 жыл. Ел тарихында алтын әріптермен жазылып қалатын Конституцияның қабылданған күні жыл сайын еліміздің барлық өңірінде кең көлемде атап өтіледі. Бұл бәрінен де қымбат, бәрінен асыл дүниеміздей заңымызды ардақтап, құрмет тұтудағы игі қадам. Сондықтан Ата Заңды ардақтау – келешекке жол тартқан жас мемлекетіміздің әрбір азаматының асыл парызы», - деп атап өтті.

Сондай-ақ, мұнайшыларды Конституция күнімен кәсіподақ ұйымының төрағасы Талғат Хамидуллаұлы Айдынов құттықтады. Ол Ата Заңымыздың аясында еліміздің кемелді дамуын, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуын тілеп, осы мүмкіндікті пайдалана отырып кәсіподақ ұйымындағы ағымда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетті.