Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

МҰНАЙ-ГАЗ КЕШЕНІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІМЕН!

06 қыркүйек, 2015

Сіздерді мұнай және газ кешені қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймыз.

Тәуелсіздік туын тұғырға қондырып, өркениетті елдердің қатарына қаймықпай қосылған Қазақстанның басты байлығын халық игілігіне айналдыруда аянбай тер төгіп келе жатқан мұнайшылар қауымының қиын еңбегі қашан да құрметке лайық.

Бүгінгідей мұнайлы өлке атанып, жерасты байлығының қызығын тұтастай республика жұртшылығының кәдесіне жаратуына септесіп отырған компаниямыздың барлық қызметкерлеріне – өндірістегі адал еңбектері мен керемет нәтижелері үшін үлкен алғыс білдіреміз. Негізгі өндірістік және қаржылық көрсеткіштердің тұрақты өсімі, ірі инвестициялық жобаларды іске асыру, мұнай-газ өндіру компаниясы мен құрылымдық және сервистік кәсіпорындар қызметкерлерінің жоғары кәсіби шеберлігі – бұл сапалар барлығы өз қызметінің бүкіл кезеңінде компаниямыздың биіктен көрінуіне мұрындық болды.

Қазіргі таңдағы бүкіл әлемді жайлаған қаржылық және экономикалық дағдарысқа қарамастан, жер қойнауынан «қара алтын» өндіріп, халық игілігіне беріп жатқан ұжымымыз еңбек ырғағын бір сәт те төмендетпей, өнім өндіру көлемін уақыт өткен сайын арттырып келеді. Үстіміздегі жылдың 8 айында жоспар бойынша 4 млн. 154 мың тонна мұнай өндіруге тиісті болсақ, нақты нәтижеде 4 млн. 163 мың тонна өнім өндіріп, межеленген жоспарды 9 мың тоннаға артығымен орындадық.

Жоспар бойынша осы уақыт ішінде мемлекетке 4 млн. 139 мың тонна мұнай тапсыруды межелеген болатынбыз. Ал іс жүзінде 4 млн. 150 мың тонна «қара алтын» тапсырып, жоспарды 11 мың тоннаға артығымен орындадық. Мұндай жемісті нәтижелерге біз акционерлік қоғамның бүкіл ұжымының қажырлы еңбегі мен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген ырысты ынтымағы, табысты татулығы арқасында қол жеткіздік.

Ұжымымыз бай тәжірибесімен, биік кәсіпқойлығымен алдына қойылған мақсаттар мен тапсырмаларды орындап, табысқа жетуге деген құлшынысымен ерекшеленеді. Жоғары кәсібилік, жетістікке ұмтылған команданың жаттыққан жұмысы, озық менеджмент пен қабылданатын шешімдердің ой елегінен өткізілуі, инновациялық тәсілге деген батылдық - бұлардың барлығы компанияның өзгермес жұмыс қағидасы болып қала бермек. Сондықтан табиғаттың бас байлығының әр тамшысын қымбат бағалайтын Сіздерге зор денсаулық, ашық аспан, еңбекте жаңа жетістіктер мен табыстарға жетулеріңізге тілектеспіз!

Сіздерге келешекте де Қазақстанның өсіп-өркендеп дамуына қосқан үлестеріңізге және де кен игеру саласындағы абыройлы істеріңіздің ырысы мен берекесін көруіңізге тілектестік білдіреміз.

Мерекелеріңізбен, қымбатты әріптестер!

Құрметпен,

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Басқармасы

Бас директор Сунь Синъюнь

Бас директордың бірінші орынбасары Б. А. Иманбаев