Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

slide

УӘДЕ ОРЫНДАЛҒАН КҮН

16 қыркүйек, 2015

Бұған дейін де айтқан болатынбыз, Қоғам жанынан құрылған жас мамандар Кеңесінің жүзеге асырып келе жатырған бірнеше тұрақты шарасы бар, солардың бірі – «Үлкенге құрмет – жасқа міндет» атты қайырымдылық-қамқорлық шарасы. Мақсаты - мекеме зейнеткерлері қатарында тұрған әлеуметтік жағдайы төмен қарияларымызды қамқорлыққа алып, шама-шарқымыз жеткенше кемін толтырып, кетігін жамау.

Жыл басында осы игі шараны Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен ұштастыру мақсатында, кезінде Компания қатарында еңбек еткен Ұлы Отан Соғысы ардагерлерін басты назарға алған болатынбыз. Компания зейнеткерлерінің қатарында жеті ҰОС ардагері бар болатын, олар: І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Ту» ордендерінің иегері Өтеген Өзденбаев; І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, сондай ақ «Ерлігі үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» т.б. медальдермен марапатталған Қайыр Қыдырбаев; ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Ерен еңбегі үшін» т.б. төс белгілерінің иегері, әуе армиясының «бомбалаушысы» болған Қамқа Үмбеталина; І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, сондай ақ «Ерлігі үшін» төс белгісімен марапатталған Виктор Нечаев, Шарқатбай Қалыбаев, Екатерина Семакина және «полк баласы» атағына ие болған Николай Скороход. Бүгінгі мақаламыздың арқауы осы «полк баласы», балалығына қарамастан жеңістің жақындауына өзінше үлес қосқан Николай Григорьевич Скороход деген азамат болғалы тұр.

Николай Григорьевич Скороход Украина Республикасы Луганск өңірінің тумасы, 1935 жылы дүниеге келген. Балалық шағы Луганск облысына қарасты шағын қыстықта өткен, соғыс қимылдарына да осы қыстақта араласқан. 6-7 жас шамасындағы бала қоршауда қалған өңірді құтқармаққа келген әскери бөлімшелердің арасында хат тасушы қызметін атқарған. Өзінің айтуынша, бұл қызметке алғаш рет жауға қарсы оқ атып тұрған зеңбіректер мен штаб басшылығы арасындағы байланыс кенеттен үзілгенде жұмылдырылған. Зеңбірекшілерге берілетін бұйрықтар осы қаршадай баланың қолымен жеткізілген екен. Жарты жылға жуық уақытқа созылған қызу ұрыс қимылдары мен жауға қарсы тұрған адамдардың ерлігінің арқасында Луганск өңірі азат етілген соң, штаб басшылығы Николай баланың ерен еңбегіне, жеңісті күнді жақындатуға қосқан үлесіне ризашылығын білдіріп, оған «полк баласы» деген атақ берген екен. Николай ақсақалдың әкесі Григорий Скороход та соғыс ардагері. Мамай қорғаны түбінде болған сұрапыл шайқасқа бастан аяқ қатысып, жаудың бетін қайтаруға зор үлесін қосқан.

Жеңісті күндер жетіп, бейбіт күндер туған соң, бозбала Николай білім алып, мамандық игеріп, оқу ордасының берген жолдамасымен Қазақстанға жол тартып, қасиетті Маңғыстау жеріне тұрақтаған. Еңбек жолын Маңғыстаудағы өндіріс ошақтарында электірші мамандығынан бастап, қорғаныс өнеркәсібінде, атом өнеркәсібінде, мұнайгаз өнеркәсібінде бас аяғы 54 жыл қызметте болған. Бүгінде еңбек демалысында, Компаниямыздың құрметті зейнеткері. Мұнайлы ауданына қарасты Атамекен ауылында жолдасы Надежда Александровнамен бірге тұрып жатыр.

Жоғарыда айтып өткеніміздей «Үлкенге құрмет – жасқа міндет» шарасын биыл ҰОС ардагерлеріне арнаған болатынбыз. Осыған орай Компания жас мамандар Кеңесі Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерей тойының аталуы қарсаңында «Өзім үшін және сол боздақ үшін» атты ақциясын жариялаған болатын. Акция барысында, бұған дейінгі нөмірлерімізде жазғанымыздай, бірнеше түрлі мәдени-көптік шаралар жүргізіліп, сондай-ақ Компания қызметкерлерінің ерікті түрде ҰОС ардагерлеріне көмек ретінде жинап берген 1,5 миллион теңгеден астам қаржысына әр ардагердің жеке мұқтаждығына сай жәрдем жасалды. Мәселен Шарқатбай Қалыбаев, Қайыр Қыдырбаев мен Екатерина Семакиналарға қаржылай демеу жасалса, Өтеген Өзденбаев, Қамқа Үмбеталина мен Виктор Нечаевтардың үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстары жасалды.

Ал Николай ақсақалдың үйінде, өз өтініші бойынша, үйін айнала қоршап тұрған дуалы жаңартылып, тозығы жеткен ескі ағаш қоршаудың орнына жасыл түсті сырлы қаңылтырдан су жаңа дуал орнатылды. «Жақсылық қылсаң бүтін қыл» дегенді басшылыққа алып, ауласына ардагерлер тынығатын тапшан орнатылып берілді. Бұдан былай, ардагер атамыз қою қара шайын сол тапшанда отырып ішіп, қонақтарын да сонда, жасыл бақтың ортасында күтетін болады.

Осы орайда, дуал құрылысы жұмысына қосқан үлесі үшін «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ басшылығына, күрделі құрылыс департаментінің директорлары мен қызметкерлеріне, сондай ақ темірден қақпа, есік және тапшан жасап берген «Жетібаймұнайгаз» ӨБ басшылығына, механикалық цех қызметкерлері Қайрат Жұмағұлов, Асхат Құлсариев, Есен Бердешов мен Нұрлан Жұмаевтарға үлкен алғыс білдіреміз.

Ғ.Әбдісадық