Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

slide

АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

26 қараша, 2015

Үстіміздегі жылдың 25 қарашасында «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы акционерлерінің қатысуымен ұжымның жиналысы болып өтті.

Жиналыста «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы директорлар Кеңесінің мүшесі Тимур Бимағамбетов 19 қараша күні өткен Директорлар Кеңесінің шешімін жариялады. Акционерлер Келісімінің Ережелеріне сәйкес «Маңғыстаумұнайгаз» акцинерлік қоғамы жоғарғы буындағы басшылары мен құрылымдар басшыларын тағайындау құқығын 3 жыл сайын кезектестіру қарастырылған. Тимур Бимағамбетов осы тәртіппен жаңадан тағайындалған компания Басқармасын таныстырып өтті.

Директорлар Кеңесінің шешімімен «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы Бас директоры лауазымына Бақыт Алтайұлы Иманбаев, ал «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы Бас директорының бірінші орынбасары болып Сунь Синъюнь тағайындалды.

- Белгіленген 3 жыл мерзім Басқарма басшылығының өндірісті ұйымдас-тырудағы жоғары біліктілігі нәтижесінде компания еліміздің мұнай өнеркәсібі саласындағы алдыңғы позициядағы іргелі кәсіпорын сапынан түскен жоқ. Бүгінгі таңда әлемдік экономика бастан кешіп жатқан аса күрделі кезеңге келдік. Мұнай бағасының түсуі жаңа қиындықтар тудыруда. Осындай аса жауапты сәтте компания басшыларының зор тәжірибесін, өндірісті басқарудағы жаңашылдықтарын ескере отырып, Директорлар Кеңесі Басқарма құрамын сол күйінде қалдыру жөнінде шешім қабылдады, - дей келіп Б.Иманбаев пен Сунь Синъюнь мырза жұмысына табыс тіледі. Сондай-ақ Басқарма алдына жаңа міндеттер қойды.

Жиналыста сөз алған «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы Бас директоры Бақыт Алтайұлы Иманбаев:

- Маған көрсетілген зор сенім үшін Директорлар Кеңесіне ризашылығымды жеткіземін. Аталмыш тағайындау тек басшылық үшін емес, бүкіл компания мұнайшыларына зор жауапкершілік жүктейді. Әрине, алда тұрған міндеттер жеңіл емес. Бастаған көптеген өндірістік және әлеуметтік бағдарламаларды тізе қосып жүзеге асырамыз деп ойлаймын, - дей келіп, Бас директордың 8 орынбасарларының және департамент директорларының ауысу тәртібі бойынша өз лауазымдарында қалатындығын хабарлады.

Өз кезегінде «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директорының бірінші орынбасары Сунь Синъюнь мырза мұнай өндірісінің барлық мектебінен өткен Б.Иманбаевтың аса сауатты басшы екендігіне жоғары баға беріп, қазіргідей күрделі уақытта өндірісті тиімді ұйымдастырып, 6 мың адамдық іргелі ұжым мүшелерінің әлеуметтік жағдайын төмендетпеу жолында бірлесе қызмет етуге шақырды.