Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

МАҚСАТ - БІРЛІККЕ БАС БІРІКТІРУ

02 желтоқсан, 2015

Бірліктің түбі – береке екендігі, ауыл болсаң - қауымыңмен болу керектігі Отанды да, отбасының басын да ынтымаққа үйіретін қағида. Біз бүгінгі сұхбатымызда компаниядағы ішкі коммуникацияны жетілдіру бағытында енгізіліп жатқан жаңашыл әдістер туралы бас директордың әлеуметтік және әкімшілік мәселелер бойынша орынбасары Жетібай Қуанайұлы Төлеғожаевтан толығырақ айтып беруді сұраған едік.

- Жетібай Қуанайұлы, ішкі коммуникациялар не үшін қажет және компанияда ішкі коммуникациялар құралдарын енгізгізудің мақсаты қандай?

- «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы сияқты мыңдаған қызметкердің басын біріктіріп отырған іргелі ұжымдағы қызметті үйлестіру, үлкен кен орнындағы еңбек ететін жұмысшылармен ішкі өзара байланысты нығайтудың сан себебі бар. Ең бірінші – бұл Заңның талабы. Кез келген ұйым өз қызметкерлерімен байланыста болуға міндетті. Еңбек Кодексі бойынша жұмыс беруші мен жұмысшының өзара құқы мен міндеті бар. Тағы бір себебі, компанияның даму деңгейі оның ішіндегі ақпараттық ортаның дамуымен тікелей байланысты. Жұмысшы неғұрлым компанияның жағдайымен хабардар болған сайын ондағы әлеуметтік ахуал берігірек, ынтымағы жарасқан компанияның жететін табысы да жоғарырақ. Мәселе, мұнайшыға қандай ақпараттың жетуінде.

Шыны керек, қазіргі заманауи технологиялармен өндірістегі қызметті үйлестіру оңай шаруа емес. Бүгінде жаңашылдықтарды игермей, оған ілеспей, кәсіпорынның ісін ілгерілету мүмкін емес екені де түсінікті. «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы да өз қызметін заман талаптарына сай жүргізуге мүдделі. Атап айтқанда, өндіріске озық инновациялық технологиялар енгізілуде, мұнай өндіру саласында болсын, адам ресурстарын басқару саласында болсын жаңашыл әдістер батыл қолданысқа алынуда.

Компанияның осындай жаңашылдықтарының бірі - басшылық пен еңбек ұжымы арасында «кері байланыс» жүйесін дамытуға, жұмыс берушілер мен қызметкерлер және кәсіподақтар арасында өзара түсіністіктегі диалог орнатуға бағытталған ішкі коммуникациялар құралдарын енгізу болып табылады.

Ішкі коммуникацияны жетілдіру дер уақытында ақпаратпен жедел алмаса отырып, әрбір құрылымдық бөлімшедегі халықпен жасалатын жұмыстың сапасын көтеруге, сондай-ақ көпшілікке және жекелеген адамдарға қажетті ақпарат ұсынудың жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Басшылық пен қызметкерлер арасында тікелей коммуникацияның тиімді механизмдерін орнату, қызметкерлерге Қоғам қызметінің мақсаттары мен міндеттері және компанияның жағдайы туралы уақытылы ақпарат беріп отыру, мұнайшының өзі еңбек ететін компанияға деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру, мұнайшылармен тиімді «кері байланыс» орнату, ұжымның әлеуметтік-психологиялық климатын бақылап отыру ішкі комму-никацияның негізгі міндеттері болып табылады. Бұл көлемі жағынан облыстағы ең ірі мекемелердің бірі болып табылатын біздің Компания үшін өте маңызды деп білемін.

Компаниямызда ішкі коммуникация құралдарын енгізу басқару ісін жақсартуға, жұмыстың тиімділігін көтеруге, персоналдың ынталылығын арттыруға және кез келген орын алған мәселе бойынша жедел шешім алуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

- Ішкі коммуникациялар құралдары туралы толығырақ түсінік берсеңіз. Компанияда оларды енгізу жұмыстары қалай атқарылуда?

- Үстіміздегі жылдың 24 сәуірінде Компания Басқармасы «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында жұмыс беруші мен қызметкерлер арасында ішкі коммуникация құралдарын енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіткен болатын. Жұмыс негізінен осы шараларды іске асыру бағытында жүргізілуде.

Толығырақ түсінік беру үшін ішкі коммуникацияның түрлері жөнінде айта кетейін. Аталған іс-шаралар жоспарында ішкі коммуникациялардың барлық төрт түрі де қамтылған, олар: ұйымдастырушылық, ақпараттық, талдамалық және коммуникативтік коммуникациялар.

Бірінші басшының еңбек ұжымымен жоспарлы есептік кездесулері, желілік басшылардың еңбек ұжымымен тоқсан сайынғы есептік кездесулері, ұйым басшысының және оның орынбасарларының қызметкерлерді жеке мәселелер бойынша қабылдаулары, Басқарманың құрылымдық бөлімшелер басшыларымен ай сайынғы өндірістік кездесулері ішкі коммуникациялардың ұйымдастырушылық түріне жатады.

Ішкі коммуникациялардың ақпараттық түріне Басқарма Блогы, Қоғамның корпоративтік ақпараттық сайты, ішкі корпоративтік ақпараттық сайт, ақпараттық құжат алмасу жүйесі, бейне-хабарландырулар мониторлары, корпоративтік газет, ақпараттық стенділер, компания туралы брошюралар кіреді.

Аталған ақпараттық ішкі коммуникациялар құралдары бойынша жұмыстар жүргізілуде, олардың бірқатары Компаниямызда кеңінен пайдаланылуда.

Нақты айтар болсақ «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының «Мұнайлы өлке» газеті 1500 дана таратылымымен ай сайын үздіксіз шығып тұрады. Үнемі ақпараттары жаңартылып тұратын компаниямыздың корпоративтік сайты www.mmg.kz электрондық мекенжайы бойынша орналасқан. Электрондық құжат алмасу жүйесі «IBM Lotus Notes» компания қызметкерлерінің күнделікті қолданысында қалыпты жұмыс жасауда. Қызметкерлеріміздің ең көп шоғырланатын жерлерінде (асханаларда, акт залдарында т.с.с.) бейне хабарландырулар мониторлары орнатылды. Бейне хабарландырулар мониторлары арқылы материалдар уақытылы көрсетіліп, олардың қалыпты жұмыс жасауы үшін жауапты адамдар тағайындалды.

Қоғам Басқармасының Блогы жасақталу үстінде, жыл аяғына дейін іске қосылады.

Ішкі коммуникацияның талдамалық түрлері - қызметкерлердің арыз-шағымдары мен ұсыныстарын жинау жәшіктері орнатылып, сондай-ақ қызметкерлерге сауалнама жүргізу шаралары жүргізілді.

Ал коммуникативтік ішкі коммуникациялар ұжымды шоғырландыру үшін қажет. Оның құрамына кәсіптік сайыстар, спорттық шаралар, корпоративтік мерекелер сияқты мәдени-көпшілік шаралар кіреді.

- Компания Басқармасының және желілік басшылардың еңбек ұжымдарымен өткізген жоспарлы есептік кездесулері және оның нәтижелері қандай? Басқарманың қызметкерлерді жеке мәселелері бойынша қабылдаулары туралы да дерек берсеңіз.

- Жыл басынан бері «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы Басқармасының еңбек ұжымымен есептік кездесулері үш рет болып өтті. кездесудің хаттамалары компаниямыздың корпоративтік сайтында www.mmg.kz жарияланды.

Үстіміздегі жылдың 6 қазанында «2015 жылдың IV тоқсанында желілік басшылардың «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының қызметкерлерімен кездесулерінің кестесі» бекітілді. Аталған кесте корпоративтік сайтқа орналастырылды. Бүгінде 36 кездесу өткізіліп, жыл аяғына дейін 6 кездесу өткізу жоспарланып отыр. Әрбір желілік басшы болып өткен кездесулердің күн тәртібін бекітіп, кездесудің өтетін күнін, уақытын және орнын белгіледі. Ол туралы барлық қызметкерлер алдын ала ақпараттық стенділер арқылы құлақтандырылды. Кездесулер өткізілгеннен кейін олардың хаттамалары мен кездесуде көтерілген мәселелерді шешу жөніндегі іс-шаралар жоспарлары жасақталды.

Кездесулердің нәтижесінде біздер Қоғам қызметкерлерінің көкейлерінде жүрген мәселелермен танысуға мүмкіндік алдық. Қойылған сұрақтар дені әрқилы болды. Қызметкерлеріміз таза өндірістік мәселелерге қоса мұнайшыларды тасымалдау, арнайы киіммен қамтамасыз ету, тамақтандыру сапасы, интернеттік жүйеге қосылу, жұмыс орындарындағы, жатақханалардағы тұрмыстық мәселелерге байланысты өтініштерін айтып, ой-пікірлерімен бөлісті.

Қызметкерлер қойған мәселелердің бірқатарына цех басшылары есептік кездесулерде нақты жауаптарын беріп бірден шешкен болса, шешімі кейінге қалдырылған сұрақтарға жауаптар келесі тоқсанда өтетін есептік кездесулерде берілетін болады.

Кездесулерде қызметкерлер тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсыныстардың жиынтық тізбесі жасақталып, орын алған кемшіліктерді жою бойынша іс-шаралар жоспарының орындалысы қатаң бақылауға алынған. Тиісті сала басшыларына қатаң талап қойылды.

2015 жылдың 27 қазанында «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы басшыларының апта сайын жеке мәселелер бойынша қызметкерлерді қабылдау кестесі бекітілген болатын. Бүгінде Басқарма мен олардың орынбасарларының қызметкерлерді жеке мәселелер бойынша қабылдаулары аталған кестеге сәйкес жүргізілуде.

- Қызметкерлердің шағымдары мен ұсыныстарын жинауға арналған жәшіктермен жұмыс қалай жүргізілмекші? Жалпы Компания бойынша осындай жәшіктердің қаншасы орнатылған? Осыған қоса Компания қызметкерлері арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы туралы айтып өтсеңіз.

- Қызметкерлердің шағымдары мен ұсыныстарын жинауға арналған жәшіктер арқылы қызметкерлердің компаниядағы жұмыс процесін ұйымдастыру, өндірістің жай-күйіне жеке мұнайшының көзғарасы. әлеуметтік қамту мәселелері жайындағы пікірлерін алу, жаңашылдық ұсыныстарын жинақтау мақсаты көзделген.

Бүгінде Қаламқас, Жетібай кенорындарында, өндірістік қызмет көрсету орталық қызметі мен материалдық-техникалық жабдықтау қызметі базаларында, көлік департаментінің автопаркінде және орталық офисте қызметкерлердің шағымдары мен ұсыныстарын жинауға арналған жалпы саны жиырмаға жуық жәшіктер орнатылды. Жәшіктерді ашуға, хаттарды тіркеуге және жауап дайындауға жауапты тұлғалар тағайындалды. Жәшіктердің орнатылғаны туралы қызметкерлер ақпараттық стенділер және ішкі электрондық пошта арқылы хабарланды.

Жәшіктер аптасына бір рет ашылып тұрады. Жәшікті үш адамнан тұратын комиссия ашады және сол туралы акті толтырылады. Барлық келіп түскен арыздар, ұсыныстар және өтініштерге реттік нөмірі беріледі, жазба өтініштің мағынасы қысқаша баяндала отырып, арыздарды, ұсыныстарды және өтініштерді есепке алу және қарау журналына тіркеледі.

Өтініштерді қарау қорытындылары бойынша ұйымның басшылығы тиісті шешім қабылдайды, ол туралы өтініш иесіне жауап беріледі.

Ал енді сауалнама туралы айтар болсақ, үстіміздегі жылы қыркүйектің 8-25 күндері компания қызметкерлерінің арасында еңбекке ақы төлеу және ынталандыру, әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін, сондай-ақ, қоғамның корпоративтік мәдениетінің дамуы деңгейін бағалау мақсатында сауалнама өткізді. Сауалнама қорытындысымен барлық қызметкерлерді таныстыру үшін есеп «Мұнайлы өлке» корпоративтік газетінің үстіміздегі жылғы қараша айындағы санында және корпоративтік сайтта жарияланды. Сауалнама бойынша анықталған кемшіліктерді жою мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары жасақталды.

- Әңгіменің ауанын байқасақ, ішкі коммуникациялар дегеніміз көп бағытты, сан алуан тармақты ауқымды да күрделі нәрсе екен...

- Бастапқыда қандай жаңа жобаны да іліп әкетудің, әрине, өз қиыншылықтары болады ғой. Осы жолы да сондай. Негізі бұл бұрыннан да айқайлап ат қоймағанмен де жасалып жатқан шаруа ғой. Қазір сол жүйе қазіргі заманғы жаңалықтарды қоса отырып, жетілдірілуде. Еш кемшілігіміз жоқ деп те айта алмаймыз. «Көш жүре бара түзеледі» демекші ішкі коммуникациялар құралдары толықтай енгізіліп, жұмыстары сара жолға салынғанша әлі де біраз тер төгуге тура келетіні анық. Байқаймын, әлі де қызметкерлердің ішінде аталмыш істің мәні мен маңызын түсіне қоймағандар бар сияқты, сондықтан түсінік беру жұмыстарын бұдан әрі де әртүрлі деңгейде жалғастыра береміз.

Компанияның корпоративтік сайтында «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы ішкі коммуникацияларының Ережесі» мен «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында жұмыс беруші мен қызметкерлер арасында ішкі коммуникациялар құралдарын енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспары» жарияланды. Аталған Ережеде Компанияда ішкі коммуникация құралдарын енгізу мәселелері толықтай егжей-тегжейлі көрсетілген. Өз тарапымнан Компаниядағы басшылық қызметтегі азаматтар мен қатардағы қызметкерлерді осы Ережемен танысуға шақырамын.

Ортақ шаруаның осы қалайы болмауы тиіс. Адамдар – айна. Оған қаншалықты құрметпен қарасаң, соншалықты беделің өспек, берекетің орнықпақ. Әңгіменің түйіні, тірліктің мәнісін "бірліктің түбі-тірлік" деп екі ауыз сөзбен түйіндеген елміз. Ынтымаққа ұйыған ұжымның алар асуы да биік. Сондықтан да компанияда басталған жобаны жүзеге асыру - бәріміздің ортақ міндетіміз.

Сайын Ғалидуллин