Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

slide
slide
slide
slide
slide

НАУРЫЗ АЙЫ КЕЛГЕНДЕ...

24 наурыз, 2016

Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!

Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыc пен берекенің арқауы деп білген. Табиғат пен адам арасындағы тепе-теңдік, ел мен ел арасындағы ауызбірлік, игілік пен ізгілікті білдіретін мәні зор, тарихы терең әз Наурызымызбен қазақ даласына Жаңа күн, Жаңа жыл келді.

Ақтың молайып, жарықтың ұзарып, тіршіліктің жаңаратын, пейілдің түзелетін кезеңі маңғаз өлкеде 14-наурыз Амал мерекесінен бастау алады.

«Үлкеннен - үлгі, ағадан - өнеге, атадан - ақыл» дейді. Қазыналы түбектің қазанын қайнатқан біздің компания да жылдағы дәстүрінен жаңылған жоқ. 14-наурыз күні Басқарма басшылары кеңсе қызметкерлерімен көрісті. Ақ дастархан жайылып, ақтан дәм татты. Жылы лебіз, ыстық ықылас, құттықтау тілектерін жеткізді. Бұған қоса, 17 - наурыз Жетібай, Асар кенорында Ұлыстың ұлы күні кең көлемде атап өтілді.

Ұлыстың ұлы күнін өз дәрежесінде тойлап, ұжымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды қолға алғандардың бірі – Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы. Басқарма ғимаратының алдына киіз үйлер тігіліп, сахна әсем безендірілген. Сахна төрінде өнерпаздар қазақтың ән шырқап, күйін шертсе, мұнайшылар мен қонақтардың құрметіне жайылған ақ дастархан ұлттық тағамдарға толтырылған. Басты тағам ретінде наурыз көже дайындалған. Жұмысшыларды Наурызбен құттықтап, мерекелік көңіл-күй сыйлауды компания басшылығы игі дәстүрге айналдырған.

- Жылдағы дәстүр бойынша, Наурыз мерекесін тойлаудамыз. Барлық мұнайшыларды ұжымның атынан құтықтаймын! «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы бұл жаңа жылға жақсы жетістіктермен жетіп отыр. Бұл, әрине, мұнайшы жұмысшылардың сапалы еңбегінің нәтижесі. Әр жанұяға бақыт, еңбекте табыс тілеймін, - деді мұнайшыларды сахна төрінен құттықтаған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның бас директоры Б.Иманбаев.

«Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы 2015 жылы жоспарды артығымен орындап, жоғары жетістіктермен тәмамдады. Кәсіпшілікте 1025 жұмысшы жұмыс істеуде. Биылғы жылғы межелі жоспары - 2 миллион 182 мың тонна мұнай өндіру. Жылдың алғашқы екі айының көрсеткіштері тұрақты .

- Бұл - мұнайшылардың еңбегі деп санаймын. Наурыздағы барлық мерекелер құтты болғай! Жыл табысты болсын, қазанымыз ортаймасын, - дейді «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының бастығы Ж. Ешманов.

Наурыз – жыл басы. Наурыз - достық, еңбек пен мейірім мерекесі. Бұл күні адамдар бір-біріне деген реніш-өкпелерін ұмытып, кешіріммен қараған. Тоқшылық болсын деген ниетте дастарханды тағамға толтырып, есігінен енген кез келген адамға шын жүректен ас ұсынған. Адамдар бір-біріне ақ тілектерін арнап, үлкендер жастарға батасын берген.

Мерекелік шараға көтеріңкі күй-күймен келген мұнайшылардың бірі – Мейрамбай Ақбердиев. Ол «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында 1981 жылдан бері оператор болып қызмет етеді:

- Еңбек жолын операторлықтан бастап, осы салада талмай еңбек етіп келемін. Әрине, күннің ыстығында, қатты суықта жұмыс істеу оңай емес. Дегенмен, өз мамандығымды жақсы көргендіктен, ол қиындықтарды елемей, еңбек етудемін. Бүгін кен орнында үлкен мереке болып жатыр. Ұлыстың ұлы күні құтты болғай! Баршамызға қуаныш тілеймін! Жылдан жылға аман-есен жете берейік!

- Мен 2008 жылдан бері осы мекемеде қызмет етіп келемін. Мұнайшы оңай кәсіп емес. Ең бастысы – өз мамандығыңды сүйіп, шаршамай еңбек ету керек деп санаймын. Наурыз мерекесі құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз есен болғай! - дейді мерекенің ортасында кездестірген І-дәрежелі май тазалаушы М. Шадыман.

Өндірістік басқарманың құрылыс департаментінде топ жетекшісі болып қызмет ететін Балғынбай Төлеуовтың еңбек өтілі 30 жыл. Алматы сәулет-құрылыс институтын құрылысшы мамандығы бойынша бітірген ол 1986 жылы еңбек жолын қарапайым жұмысшылықтан бастаған.

- Сол жылы Қаламқас кен орнында ПМК-3 мекемесінде 4-дәрежелі темір ұстасы болып еңбекке араластым. Өз жолымды қарапайым жұмысшылықтан бастап, 2005 жылы «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына ауыстым. Бүгінгі маман білімді деп білікті болу керек. Елбасымыздың «Жастар еңбек жолын жұмысшы мамандықтарынан бастауы керек» деген бастамасын қолдаймын. Жас маман институтта теориялық білім алады, ал, еңбек етуді жұмыс орында бастаулары тиіс. Жастарға тәжірибелі қызметкерлер білгенін үйретіп, бағыт беру керек деп санаймын. Менің артымнан ерген жігіттердің барлығы орта жастан асып барады. Бәрі де абыройлы қызмет атқарып жүр,-дейді Б.Төлеуов.

Жыл басын тойлауға арналған шаралар аясында концерттік бағдарламалармен қоса, спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Ерекше атап өтетін жайт, биылғы Наурызда тұңғыш рет көпшілік алдында жетібайлық жас боксшылар шаршы алаңда қолғап түйістірді. Қуанарлығы – бұл «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының әлеуметтік жобасы саналатын спорт кешені қызметінің оң нәтижесі.

Мереке күні сайыстар жеңімпаздары бағалы сыйлықтарға ие болса, өңірде мұнай-газ саласын дамытуға үлес қосқан бірқатар мұнайшылар облыс әкімдігі, компания басқарма басшылығы атынан алғыс хаттармен марапатталды. Озат мұнайшыларды «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Айдынов құттықтап, қаржылай сыйлықтар тапсырды. Еңбегі еленгендердің арасында басқарманың пайдаланыстағы жабдықтарды прокаттау-жөндеу цехының газ жабдықтарын жөндеу және пайдалану жөніндегі 4-дәрежелі слесарі Талғат Абатов, қабат қысымын ұстау цехының жер қабаттарына жұмыс агентін айдау жөніндегі сорап стансасының 3-дәрежелі машинисі Мәриям Жанғалиева, мұнаймен ластанған топырақты жинау және тазалау учаскесінің 1-дәрежелі мұнай тазалаушы Шекер Ерходжаева, №2 мұнай және газ өндіру цехының мұнай және газ өндіру жөніндегі І санатты инженері Досан Тәжібалиевтар бар.

Наурыз мейрамына Орта Азиядағы «CNPC» аймақтық компаниясы Бас директорының орынбасары Чжао Ин ханым қатысып, мұнайшыларды мерекемен құттықтады.

Анар Шамшадинова