Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

“КӨГІЛДІР” ОТЫН – ӨНДІРІСТЕ

25 мамыр, 2016

Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде 4 миллионнан астам автокөлік бар. Солардың тек аз ғана бөлігі газ отынымен жүреді. Ал, Еуропа елдерінде автокөліктерді көгілдір отынға ауыстыру өткен ғасырдың 60 жылдарында-ақ қолға алына бастады. Алғашқы болып бұл тәжірибені Италия мемлекеті қолданған.

Қазіргі таңда «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның стратегиялық бағдарламасына сәйкес, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына қызмет көрсететін мекемелердің («ОТК» ЖШС, «ОКК» ЖШС, «МЭМ» ЖШС, «МТК» ЖШС және т.б.) автокөліктеріне газ жабдықтары орналастырылып, олар сұйытылған газ отынына көшірілді. Сонымен қатар, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік өоғамы көлік департаменті автокөлік паркінің 138 автокөлігіне газ жабдықтарын орналыстыру процесі жүріп жатыр.

Сұйытылған газ отыны және оның автокөлік саласындағы тиімділігі қандай деген сауалға тоқталсақ, біріншіден, сұйытылған газ отынының бензинге қарағанда арзан болуы қаражатты айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді. Көлік департаментінің автокөліктеріне жүргізілген салыстырмалы сараптаманың нәтижесі бензиннен сұйытылған газ отынына көшкен жағдайда компанияға бір жылда 75 000 000 теңгеден астам экономикалық пайда әкелетіндігін көрсетіп отыр.

Екіншіден, сұйытылған газ отынымен жүретін автокөліктердің қозғалтқыштарынан бөлінетін, атмосфераға тарайтын зиянды заттардың (көміртегі және т.б.) мөлшерінің төмен болуы өлкеміздің экологиялық жағдайының жақсаруына да септігін тигізеді.

Сондай-ақ, сұйытылған газ отыны автокөлік қозғалтқыштарының мотор ресурсын 2 есе ұлғайтады. Себебі, газ отыны цилиндрлердегі және поршенді сақиналардағы майларды бензин сияқты ерітіп әкетпейді және олардағы күйе құрылымы аз болады; мотор майының шығынын үнемдейді; от алдыру жүйесінің жұмысы жақсарады; свечтердің қызмет ету мерзімі 30-40 пайызға, сонымен қатар мотор майын ауыстыру мерзімі ұлғаяды.

Экологиялық таза және экономикалық тиімді газ отынын пайдалану - Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес келеді. Бұл жоба, ең алдымен, Қоғамымыздың әлеуметтік-экономикалық күш-қуатын арттыруға бағытталған іс-шаралардың бірі.

Аскар Икаев,

Көлік департаменті автопаркінің бастығы