Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

slide

ЖАРТЫ ҒАСЫРЛЫҚ ЕҢБЕК ВАХТАСЫ

07 маусым, 2016

«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы Жетібай кенорнында мұнай көзі ашылған тарихи оқиғаға 55 жыл толуына және «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының 50 жылдығына арналған мерекелік шараға әзірлік жұмыстарын бастап кетті. Біздің тілшіміз тарихи оқиғаларға байланысты атқарылатын жұмыстар, шаралардың ауқымы туралы «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының бастығы Жолдасбек Ешмановпен сұхбаттасқан болатын:

Маңғыстау өмірбаянының жаңа, жарқын беттерін ашқан бұл ұлы оқиғалар маңғыстаулықтар үшін, соның ішінде өлкедегі мұнай өндірісінің қарашаңырағы саналатын «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы үшін үлкен маңызға ие. «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы қайнар көзін ашып, халықтың қажетіне жаратқан «қара алтынның» арқасында Маңғыстау өлкесі Маңғыстау болып шалықтауда, Қазақстан мұнайы халықаралық дәрежеде танылып, бүкіл әлемге даңқы жайылды. Мұның бәрі – бұрынғы шетте жатқан шөлейт өлкенің атағын аспандатып, шырқау биік шыңға көтерген «Маңғыстаумұнайгаздың» майталмандары ашып, өндірген қазақ мұнайының арқасы. Сондықтан да қос мерекенің жоғарғы дәрежеде ұйымдастырылуы - басты назарда.

Жуырда осы мәселе бойынша компания басшылығы, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі еңбек ардагерлерінің басын қосып, кеңес өткізді. Кеңесте «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы бас директорының әкімшілік мәселелері жөніндегі орынбасары Ж.Төлеғожаев мерекенің өткізілу тұжырымдамасын ақсақалдар алқасына салды. Сөз алған ардагерлер мұнай өндірісіне еңбек сіңірген мұнайшылардың аты елеусіз қалмауын, марапатталу, қамқорлық шараларының алынуын, еңбек даңқы музейінің ашылу қажеттігіне ерекше тоқталды. Сондай-ақ, Жетібай кенорнының еліміздің экономикалық дамуында алатын орны, мұнай саласындағы ғылыми-зерттеу жұмысындағы роліне баса мән берілуі тиістігі ұсынылды.

Бүгінгі таңда кеңесте айтылған ой-пікірлерді ескере отырып, аталмыш тарихи оқиғаны жоғары дәрежеде өткізу бағытындағы іс-шаралар жоспары жасақталды. Түрлі саланы қамтитын мерекенің іс-шаралар жоспары 29 мамыр күні мерекені ұйымдастыру жөніндегі штабтың алғашқы отырысында талқыланып, бекітілді.

Жоспарға сәйкес атаулы мереке қыркүйек айында мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күніне орайластырылды. Ақтау қаласында, №6 ұңғы басында, сондай-ақ кенорындарында салтанатты жиындар, мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылмақ. Бүгінгі таңдағы атқарылатын істердің ең маңыздысы – кенорнының алғашқы күндерінен бастап, барлық кезеңдерде жұмыс жасаған жетібайлық мұнайшыларды мерекеге толықтай қатыстыру. Әсіресе, алғашқы мұнай бұрқағын атқан бригада мүшелері, 50 жыл бойғы өндіріс басқарған басшылар, қызмет көрсету саласының мамандарын іздестіру, шақыру бағытында тізім жасақталуда. Ешкім де бұл тарихи оқиғадан ұмыт қалмауы тиіс. Сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі марапатқа ұсыну шараларын алудамыз.

Ал мәдени-көпшілік шараларына жас мұнайшылар кеңінен тартылуы қажет. Бұл - ұрпақтар сабақтастығының, жарты ғасыр бойғы қалыптасқан еңбек және ерлік дәстүріне адалдықтың айғағы болмақ. Жыл басынан бері жетібайлық жас мамандар Кеңесі бастамасымен көптеген тәрбиелік салмағы бар шаралар өтуде және жыл бойына жалғаса бермек. Жоспарда Маңғыстаудың тарихи-мәдени орындарымен таныстыруды көздейтін «Өлкетану» жобасы, «брейн-ринг» зерде сайысы, сенбіліктер, әртүрлі жағдайларға душар болған жандарды қамқорлайтын «Донор-50» акциясы, «Сәттілік формуласы», «Мұнай тарихы - жас суретшінің көзімен», «FLASH MOB», кенорындары жұмысшыларының көңілін көтеретін «Домбыра пати» кештері, абаттандыру, жүрмелі көрме, «Алау» балаларды сауықтыру орталығына мүжәлсіз отбасы балаларын жіберу, «Пресс-тур» ұйымдастыру, жас мамандардың жазғы ағарту лагері, спартакиада секілді түрлі шаралар бар.

Мұнан басқа тарихи мұрағатты қамтитын документалды фильм, кітапша, арнаулы хабарлар түсірілімі арқылы республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек даңқы, майталман мұнайшылар тұрақты насихатталмақ.

«Тойдың болғанынан, болары қызық» - деген осы. Айтулы мереке қарсаңында барша әріптестерге көтеріңкі көңіл күй, ортақ шаруада ынтымақ пен бірлік тілеймін.

Сұхбаттасқан: Л.Жолдыбаева