Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

ЖУРНАЛИСТЕРМЕН КЕЗДЕСУ

29 маусым, 2016

28 маусым - бұқаралық ақпарат құралдары және байланыс қызметкерлері күні

Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара тиімді байланыс орнықтырудың компанияның жағымды имиджі мен оң қоғамдық пікір қалыптастырудағы маңызы зор. Барлық компанияларда игі дәстүрге айналған жақсы бастаманың іскерлік, жылы қарым-қатынасты нығайтуға, ұжымның жақсы атын шығаруға, жаңа жобалардың туындауына игі әсері бар. Соңғы жылдары «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының Басқармасы да журналистердің төл мерекесіне орай «Ашық есік» Күнін өткізуді дағдыға айналдырды.

Қай кезеңде де елді қоғам тынысынан хабардар етіп, шынайы да нақты ақпараттарды жедел жеткізіп, дүниенің төрт бұрышынан ұшқыр жылдамдықпен хабар тарататын, кез келген оқиғаға салиқалы да салмақты талдау жасап, сараптама жасайтын журналистердің орны ерекше. Олардың өңіріміздегі мұнай-газ саласының дамуына да өз үлестерін қосып, жағымды жаңалықтарды жария қылудағы еңбектері өлшеусіз.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының Басқармасы облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін қабылдап, төл мерекелерімен құттықтады. Кездесуге республикалық, облыстық телеарналар, ақпарат агенттіктері мен газеттердің меншікті тілшілері, бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері, аймаққа танымал қалам шеберлері, фототілшілер мен телеоператорлар шақырылды.

Жиынды ашқан «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Бақыт Иманбаев «Компания Басқармасы атынан Маңғыстаудың жер байлығын игеріп жүрген, қазақ мемлекетінің күш-қуатының дамуына үлес қосып жүрген мұнайшыларды дәріптеу, насихаттау бағытындағы қызметтеріңізге, сондай-ақ Өздеріңізбен ұзақ жылдар бойы қалыптасып келе жатқан өзара байланыс үшін әрқайсыңызға алғысымды білдіремін. Биыл Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен Жетібай кенорнында мұнай көзі ашылған тарихи оқиғаға 55 жыл және «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының 50 жылдығы тұспа-тұс келіп отыр. Бұл тарихи оқиғаларға «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы да абыройлы табыстармен келіп отырғандығына ерекше тоқталғым келеді. 6 мың адамның басын біріктірген ұжым мұнай бағасына байланысты қалыптасқан дағдарысқа қарамастан тұрақтылықты сақтап қалды. Мұнайшыларды әлеуметтік қамту бағытындағы жобалар да күшінде. Компания Басқармасы бұл бағыттағы саясатынан айнымақ емес. Төл мерекелеріңіз құтты болсын достар! Бүгінгі мереке күні өз оқырмандарыңыз бен көрермендеріңіздің, тыңдаушыларыңыздың таңдаулысы болып қала берулеріңізге тілекшімін», - деп журналистерге игі тілегін жеткізді. Сондай-ақ компанияның алда тұрған маңызды міндеттері мен жоспарлары туралы әңгімелеп өтті.

Жылышырайлы жүздесуде Бас директордың бірінші орынбасары Пэй Цзяньшэн бұқаралық ақпарат құралдарымен жан-жақты өзара іскерлік байланыстың компания үшін рөлі мен маңызына ерекше тоқталды.

Гүлайым Дәуітбаева - «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің меншікті тілшісі:

- Мереке қарсаңында еңбегімізді елеп, арнайы кездесу өткізіп отырған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ басшылығына алғысымды білдіргім келеді. Мұнай - облыс экономикасының қайнар көзі. Сондықтан бұл саладағы оң өзгерістер, барлық жаңалық біз үшін маңызды әрі ортақ мәселе. «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамындағы жастар саясаты, жас мамандар Кеңесінің жұмысы, кенорындарындағы олардың бастамасымен болып жатқан игі істерді қадағалап отырамыз. Әсіресе, Қаламқас жұмысшы кентіндегі өлкенің өнер адамдарымен бірлесіп ұйымдастырылып жатырған танымдық, ұлттық өнер кештері жазуға тұрарлық тақырып. Мұның өзі қарапайым еңбек адамдарының арасындағы дарынды жастардың өнерін ашуға мұрындық болып жатыр. Сондай-ақ қаламға сұранып тұрған компанияның тағы бір жақсы ісі – өндіріс іргесіндегі ауылдардың әлеуметтік жағдайын көтеруге арналған жобаларыңыз.

Наталья Бутырина – «Огни Мангистау» газетінің бас редакторы.

- Биыл Өзіңіз атап өткендей, Жетібай кенорнында мұнай көзі ашылған тарихи оқиғаға 55 жыл және «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына 50 жыл. Бүгінгі таңда редакция ұжымы осы тарихи оқиғаның мән-маңызын ашу, ардагерлердің, басқарманың тарихи еңбек даңқын насихаттау бағытында мақалалар, очерктер циклын жасауға белсенді кірісті. Себебі, мұнай тарихы – өлке тарихы, аға ұрпақтың өмірбаяны.

Аманбек Ахметов - «Қазақстан» РТРК» Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Облыстық телеарна да компанияның баспасөз қызметімен бірлесе отырып, мерейлі мерекеге орай медиа-жоспар жасақтады. Бірнеше арнаулы хабар, деректі фильм, компанияның бүгінгі тынысы туралы сюжеттер көрермен назарына ұсынылатын болады.

Мерекелік кездесуде «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Бақыт Иманбаев пен Бас директордың бірінші орынбасары Пэй Цзяньшэн жемісті еңбегі мен жоғары кәсібилігі үшін отызға жуық журналистке алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ Басқарма бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ерекше қызметімен көзге түскен жұртшылықпен байланыс департаментінің қызметкерлері Есназар Сұлтанов, Лаура Жолдыбаева, Ербол Айтбаевты арнайы Алғыс хатпен, бағалы сыйлықпен марапаттады.

Кездесуге «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Т.Айдынов қатысты.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған екіжақты кездесу компаниямыздың жоспарлары мен міндеттерін жұртшылыққа жет-кізуге, бейресми жағдайда компания басшылығы мен журналистердің шешіліп пікір алысуына, ең бастысы, ақпарат алмасуға негіз болды.

Лаура Жолдыбаева