Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

slide
slide
slide
slide

БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫ – КОМПАНИЯДАҒЫ ҚОЗҒАУШЫ КҮШ

24 қазан, 2016

19 қазан күні «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасында, 20 қазанда «Жетыбаймұнайгаз» өндірістік басқармасы топтық партия ұйымдарында «Нұр Отан» партиясы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бастауыш партия ұйымының есеп беру, сайлау жиналыстары өткізілді.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бастауыш партия ұйымының төрайымы Қымбат Иманқұлова ұйымның 2014-2016 жылдардағы атқарған жұмысы туралы есеп берді.

«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының бастауыш партия ұйымы Қоғамның аппараты, Жетыбай және Қаламқас партия топтарынан біріктірілген. Ұйым құрамында 1300 партия мүшесі бар. Бүгінгі таңда партия мүшелері жалпы жұмысшылардың төрттен бірін құрайды.

Бастауыш партия ұйымының қатарын жас мамандармен толықтыру жұмыстары үнемі назарда ұсталады. Жетыбай, Қаламқас өндірістік басқармаларындағы топтық ұйымы жалынды жастармен толықтырылған. Жас партия мүшелері компаниядағы қоғамдық-саяси шараларға белсене араласып, нағыз қозғаушы күшке айнала білді.

Бастауыш партия ұйымы бірінші кезекте жұмыс орындарында жоғары өндіріс мәдениетін қалыптастыру арқылы моральдық-психологиялық ахуалдың жақсаруына баса назар аударып келеді. Қоғам жұмысшыларының күнделікті сапалы тамақтануынан бастап, жұмыстан бос уақытты тиімді де мазмұнды ұйымдастыру және әрбір жұмысшының шығармашылық жұмыстармен айналысуына да тиісті дәрежеде жағдай жасалуына араласу, партиялық бақылау орнату – бастауыш партия ұйымы қызметінің басым бағыты болып табылады. Сонымен бірге, жұмысшылардың арыз-шағымдарына байланысты қабылдаулар өткізу, еңбек және соғыс ардагерлері мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық көмектер көрсету ұдайы назарда.

Баяндамашы компаниядағы белсенді жастардың басын біріктірген Жас мамандар Кеңесінің жұмысына да оң баға берді.

2016 жылы 20 наурызда өткен жергілікті маслихаттардың депутаттарын сайлаудың нәтижесінде бастауыш партия ұйымынан 4 партия мүшесі аудандық маслихаттардың, 2-уі облыстық маслихаттың депутаты болып сайланған. Депутаттар партиялық фракция мүшелері ретінде «100 нақты қадам» ұлттық жоспардың орындалуына белсене араласуда.

Қымбат Тезекбайқызы 2016 жылдан бастап қабылданған партия мүшелерінің жарналары өңірде, оның ішінде бастауыш партия ұйымының иелігінде қалатыны жөнінде қабылданған шешімді партия мүшелерінің назарына берді. Бұл да партия қызметіндегі ынталандырушы тетіктердің бірі болып есептеледі. Биыл топтық партия ұйымдарында жаңадан 350 адам партия мүшелігіне қабылданды. Аталмыш кезеңде 2 миллион 300 мың теңге партиялық жарна аударылды, оның 500 мың теңгесі биылғы партия қатарына өткендер есебінен қосылған. Жыл аяғында аталған шешім жүзеге асқан жағдайда бастауыш партия ұйымына берілетін мүшелік жарнаны партия белсенділерін марапаттауға, бұқаралық шараларды өткізуге және басқа ағымдағы шығындарға пайдалану жоспарланған.

«Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» бағдарламасы өркендеудің негізгі базасы болып табылады. Бұл орайда бастауыш партия ұйымдарының атқарар ролі зор екенін ескерсек, « «Нұр Отан» партиясы «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы бастауыш партия ұйымы да игілікті істердің ұйытқысы болып қала бермек.

Сонымен қатар кенорындарындағы партия ұйымының жұмысы туралы «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы топтық партия ұйымының жетекшісі Нұрпейіс Сәрсенбай, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы топтық партия ұйымының төрағасы Бақтығали Жаңабаев есеп берді.

Жиналысқа қатысқан партия мүшелері бастауыш және топтық партия ұйымдарының жұмысына қанағаттанарлық баға берді.

Сондай-ақ есеп беру-сайлау жиынында «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы бастауыш партия ұйымының және партия топтарының төрағалары мен оның орынбасарлары, бюросы және «Нұр Отан» партиясы Ақтау қалалық филиалының XXV конференциясына делегаттар сайланды. «Жетыбаймұнайгаз» өндірістік басқармасының жұмысшы-қызметкерлердің ішінен «Нұр Отан» партиясының қатарына өткен 64 партия мүшесінің партия билеттері салтанатты түрде табыс етілді.

Жиналыста ішкі партиялық, саяси-идеологиялық жұмысты ұйымдастыру, Қоғамдағы жұмысшы-қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға байланысты жұмыстарға баса назар аударып отыру туралы қаулы қабылданды.