Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

ЖЕТІСТІККЕ ТОЛЫ ЖИЫРМА БЕС ЖЫЛ

14 желтоқсан, 2016

Компания тынысы

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығы мерекесіне орай компания қызметкерлері мен жас мамандарының ұйымдастыруымен қоғам қызметкерлері арасындағы мини-футболдан жарыс, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25-жылдығына Ақбота паркінде ағаштар отырғызу, компания қызметкерлері арасында Брейн-ринг ойыны секілді көптеген мерекелік шаралар атқарылды. Бұл шаралар «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының бас кеңсесінде және «Қаламқасмұнайгаз», «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармаларында ерен еңбегімен еленген мұнайшылар марапатталып, құрмет пен ыстық ықыласқа бөленген салтанатты жиындармен жалғасты.

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ 13-ші желтоқсан күні өткізілген салтанатты жиынға мұнай-газ кешенінің басшылары, осы салаға еңбегі сіңген ардагерлер, мұнайшылар мен қызметкерлер қатысты. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев көпшілікті ел тарихындағы мерейлі мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.

– Құрметті мұнайшылар, қадірлі әріптестер! Сіздерді Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының еліміздің егемендігін нығайтуға қосқан үлесін мақтанышпен айта аламыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық ауыр жағдайларды еңсере білдік. Кен орындарында мұнай өндіру көлемі жылдан жылға артып келеді. Мәселен, компаниямыз 2009 жылы 5 млн.711 мың 827 тонна мұнай өндірген болса, үстіміздегі жылы «қара алтын» өндіру жоспары 6 млн. 285 мың тоннаны құрап отыр. Бұл жоспарды да артығымен орындайтынымызға сенімдіміз. Қадірлі мұнайшылар! Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына осындай еңбек тартуымен жеттік. Компания әлеуметтік саясаты аясында облыс тұрғындарының әлеуметтік тұрмыс жағдайын жақсартуға көп көңіл бөлді. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымын дамытуда да біраз ауқымды шаралар атқарылды. Жалпы айтқанда, соңғы жылдары құны 7 млрд. теңгеден астам қаржы болатын әлеуметтік жоба жүзеге асты. Құрметті әріптестер! Сіздердің қажырлы еңбектеріңізге алғысымды айта отырып, жанұяларыңызға бақ-береке, дендеріңізге саулық тілеймін. Бірлігіміз бекем, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, – деді компания бас директоры Бақыт Алтайұлы.

Құттықтау тілекті жалғаған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Пэй Цзяньшэн жиылған қауымды мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

Бұл жиында «Қаламқасмұнайгаз», «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында және серіктес компанияларда ел ырыздығын еселеуде жемісті еңбек еткен бірқатар еңбек адамдарына Маңғыстау облысы әкімінің, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Алғыс хаты мен Құрмет грамотасы табысталды. Сондай-ақ компания қабырғасында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өткен «Ұлттық киім - ұлт ажары» байқауында ұлттық нақышта киініп, жұмыс бөлмелерін безендірген департаменттер марапатталды. Аталмыш сайыста 1-орынды қаржы департаменті жеңіп алса, бизнесті жоспарлау және экономикалық талдау департаменті 2-орынды, ақпараттық технологиялар департаменті 3-орынды иеленді. Ынталандыру сыйлықтары әкімшілік мәселелер, адам ресурстарын басқару және әлеуметтік мәселелер, қауіпсіздік техникасы, еңбек және қоршаған ортаны қорғау департаменттеріне және медициналық-санитарлық бөлім қызметкерлеріне берілді.

Салтанатты жиында «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ адам ресурстарын басқару жөніндегі вице-президенті Серік Әбденов мұнайшыларды ел Тәуелсіздігі мерекесімен құттықтап екпінді еңбек етіп жүрген мұнайшыларға «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ Құрмет грамотасын, естелік белгісін табыстады.

Жиында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің» төрағасы Талғат Айдынов, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жанабеков және өзге де қызмет көрсететін серіктестіктердің басшылары құттықтау сөз сөйледі. Салтанатты шарада зейнеткер мұнайшылар ҚР Энергетика министрлігінің және Кәсіподақ федерациясының «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін», «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар белсенді әрі жемісті еңбектің үлгісін көрсеткен бірқатар мұнайшыға Кәсіподақ атынан Алғыс хат табысталды.

Салтанатты шара соңында жан-жақты талқылаудан өтіп, алынып тасталған тармақтар қайтадан енгізіліп, кейбір тармақтар бойынша төлемдердің көлемі екі есеге дейін ұлғайтылған 2016-2019 жылдарға арналған жаңа ұжымдық шартқа қол қойылды.

Жетібай, Қаламқас кен орындарында өткен салтанатты жиындарда да компания басшылары мен жергілікті әкімдіктер өкілдерінің құттықтау сөздері мен ақжарма тілектері айтылды. Әр жылдары жемісті еңбек етіп, толымды табысқа жеткен мұнайшылар марапатталды. Мұнайшы өнерпаздар әсем әннен шашу шашып, күмбірлетіп күй тартып, әріптестеріне әсем мерекелік концертті тарту етті.