Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

slide

ЖАҢА НАУБАЙХАНА – МҰНАЙШЫЛАР ИГІЛІГІНЕ

09 қаңтар, 2017

Әлеуметтік қамту

Елдің табысын еселеуде тер төгіп еңбек етіп жүрген мұнайшыларға қолайлы жағдай жасауды мақсат тұтқан «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Жаңа жыл қойнауы құтқа толы Қаламқаста жаңа наубайхана салтанатты түрде ашылып, мұнайшылар игілігіне тапсырылды.

Қаламқас кен орнында бой көтерген жаңа нысанның ашылуына жиналған көңілдері шат, жүздері жарқын мұнайшылар «Құтты болсын!» айтып жатты. «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Мұрат Батыршаев:

–Бұрынғы қолданыстағы наубайхана ғимараты ескі әрі құрал-жабдықтары көне болатын. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ тарапынан осы мәселе ескеріліп, қаржы бөлінді. Қараша айында салынып басталған құрастырмалы наубайхана озық үлгідегі технологиямен жабдықталған. Ескі наубайханада күніне 500 келі нан және тәтті тағамдар пісірілетін. Мұнда наубайханашылардың тәулігіне 1 тоннадай нан және өзге де нан өнімдерін пісіруге мүмкіндігі бар. Бізге мерекеде осындай жаңа нысанды сыйға тартқан басшылығымызға, «Спецтехэнергоснаб» ЖШС-на алғысымызды білдіреміз,-деді.

Мұнайшылар асыға күткен наубайхананың лентасы қиылып, жиналған қонақтар мен мұнайшылар ғимараттың ішін аралап көрді. «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының басшысы Нұрпейіс Сәрсенбаев: «Наубайхана мұнайшылардың игілігіне қызмет етсін!» деген тілегін білдірді. Кең, жарық та жайлы бөлмелердің іші озық үлгідегі құрал-жабдықтармен жасақталған. Сметалық құны 36 млн.теңгені құрайтын ғимараттың ішінде нан пісіретін цех, ұнды, пісірілген тағамдарды сақтау және тазалық бөлмелері бар. Бір ауысымда 6 наубайханашы еңбек етіп, 3000-ға жуық мұнайшыға нан өнімдерін пісіреді.

– Жаңа жылда жаңа нысанға көшіп, мәз-мейрам болып жатырмыз. Жұмысшыларға қолайлы жағдай жасалып, жұмысымыз жеңілденді. Бұрын қол еңбегімен атқарылатын жұмыстардың басымы бөлігі енді техникалардың көмегімен жасалады. «Ас атасы – нан» демекші, мұнда астың, дәмнің үлкені пісіріледі - деді бас технолог Фатима Мейірманова.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ