Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

slide

АРМАН ЖЕТЕГІНДЕГІ БАҚЫТ

06 наурыз, 2017

Жалпы, әйел адамға мұнайшы болу, ер адамдармен бірдей кен орнында жүріп, ел игілігін еселеуге үлес қосу оңай шаруа емес. Дегенмен мұнай-газ кен орындарының суығына тоңып, ыстығына күйіп, қайыстай қатып әбден ысылған нәзік жандылардың өмір баяны қазыналы Маңғыстау мұнай өндірісі тарихындағы елеуі тарау. Бүгінгі біздің сөз еткелі отырған кейіпкеріміз кәсіпшіліктің алғы шебінде жүрген жан – «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының қызметкері Рахия Бейбітова.

Қазақта «дарақ бір жерден көгереді деген нақыл сөз бар». Былай қарағанда қарапайым естілетін осы бір сөздің астарына үңілсеңіз терең мағына жатқанын аңғарасыз. Рахия Ізгуқызы «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында №1-ші мұнай-газ өндіру цехының операторы болып 32 жыл бойы қызмет атқарып келеді.

Мектепте оқып жүрген шағында туған өлкесінде бірінен соң бірі ашылып жатқан Жетібай, Өзен, Қаражанбас, Қаламқас сияқты алып мұнай-газ кен орындарының сол тұстағы төрткүл дүниеге таралып жатқан даңқы Қызылсу ауылында дүниеге келген қарапайым қазақ қызы Рахия Бейбітованың тағдырын айқындады десе де болады. Елде атағы жер жарған мұнайшылар шықты. Газет-журналдың беті солардың жасампаз еңбегі туралы очерк, мақалалар, радио солар туралы баяндап жатады. Теледидардың көзі қаттау мезгіл, ол кезде телевизордан көрсету космонавтпен қатар дәреже. Зерделі қыз көп оқиды, қызығады, мұнайшы болсам қайтеді деген көкіректе ой бар. Сол ой жетелеген Рахия алысқа ұзаған жоқ, алтын ұя мектебін бітірісімен, «оқысам, білсем» деп облыс орталығындағы №11 қалалық кәсіптік техникалық училищесіне оқуға түседі. Училищеде мұнай-газ өндіру операторы мамандығын алған Рахияға өмірлік жолдас та мұнайшы жігіт болып кездесті. Жетібай мұнай-газ өндіру басқармасында мұнайшы болып жұмыс жасайтын жары Мұратбай Тәжіковпен бірге Мұнайшы кентіне қоныстанады. Көп ұзамай перзент сүйіп ана бақытына кенеледі.

«Мұнайшы болсам» деп бала күнімнен діттеген арманыма жетуім бір бақыт болса, тағдырым төрт балаға ана болу бақытын қоса бұйыртты, бұл үшін Жаратқанға шүкіршілік айтудан еш уақытта жаңылған емеспін» дейді Рахия бүгінде.

О кезде өндірістің жағдайы қалай, қазіргідей емес, күні түні качалка аңдыған май алып, май тапсырып жататын мұнайшылардыкі жанкешті тірлік. Рахияға дүниеге бірінен соң бірі келген сәбилерімен кәсіпшілікке араласып кетуге мүмкіндік болмады, кішкентайларына қарауына ыңғайлы болуы үшін Жетібай құрылыс-монтаждау басқармасында әрлеуші бола тұруына тура келді.

Тек 1985 жылдың қаңтар айында балалар қарайғасын Жетібай мұнай-газ өндіру басқармасына өз мамандығымен жұмысқа орналасты. Тумысынан талпынысы зор, зеректігімен көзге түскен Рахия қызметтік міндеттеріне тез арада үйренісіп шырқ үйіріп атқарып кетті. «Сол кездерде, өзіме ақылшы болған, оператор қызметінің қыр сырына үйреткен, бүгінде зейнеткерлікке шыққан ардагер-мұнайшы апамыз Балияш Елбаеваны есіме жиі алып тұрамын. Балияш апайдың әділдігі, турашылдығы, орынды талап қойғыштығы жас мұнайшыларға қатты ұнайтын еді. Бәріміз де сол кісідей болуға тырысатын едік» дейді Рахия Ізгуқызы өзін кәсіпке үйреткен ұстазы туралы.

Көп ұзамай заман өзгерді, жүйе тарап, еліміз егемендігін алды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кім-кімге болса да оңай тиген жоқ, «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен сол заманда мұнай саласы да көптеген қиыншылықтарға ұшырады. Мұнайшылардың бірнеше айлар бойына жалақыларын ала алмай жүрген кездері де болды, бірақ көп балалы отбасы оған да мойыған жоқ. Қандай қиыншылықтар болса да мұнай өндірісінен қолдарын үзбеді.

Ішер ас пен киер киімнің тапшылығы, не тәйірі, көппен көрген ұлы той... Тағдырдың сынағын айт! Жұмыр басты пенденің тілегінің үлкені бастың амандығы мен бауырдың бүтіндігі екендігі хақ... Сұм ажал өмірлік жолдасы Мұратбайдан айырғанда дүние көшкендей, дәурен тарқағандай қайғыдан қара жамылды. Тек қазақ әйелдеріне тән ақыл-парасаты, елдің иығын тосқаны басын көтерткізді. Өмірдің қызығын да, қиындығын да әкесіз өткеруге тура келген балаларын аяды ана жүрегі алдымен... ендігі жерде еншісі балалары екендігіне шүкір еткен Рахия Ізгуқызы олардың тәрбиесіне көп көңіл бөлді.

«Орны бар оңалар» деген сөз бар ғой, бүгінде ата-аналарының жолын қуып мұнайшы мамандығын алған ұлдары Ербол мен Ерболат «ОСК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде абыроймен қызмет атқаруда. Қыздары Жәния мен Ақмарал да қалаған мамандықтарын алып ел игілігіне еңбек етуде. Қыруар шаруаның бел ортасында жүріп Рахия ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, бүгінде 10 немере сүйген ақ жаулықты әже болды.

Рахия қызмет етіп жүрген бригададағы 29 азаматтың ішіндегі жалғыз әйел. «Жұмыстың аты жұмыс, кен орнында «сен ер адам екенсің, сен әйел адам екенсің» деп бөлмейді, мұнайшылардың барлығына қойылатын талап бірдей» дейді әйел адамға қол емес көрінетін мұнай-газ өндіру операторы қызметін бірде-бір ер адамнан кем атқармайтын Рахия Бейбітова. Кен орнында көп жылдық тәжірибе жинаған ол жастарды мамандығына үйретуден де аянған емес, Асылбек Иманғазиев сияқты шәкірттері де бар.

«Басшылығымыз бен ұжымдастарыма өте ризамын. Басыңа қандай болмасын жағдай түссе де қасыңнан табыла біледі. Еткен еңбегім еленбей қалған емес. Көптеген Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарым бар. «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына 50-жыл» төсбелгісімен де марапатталдым. Осындай ұжымның ішінде еңбек етіп жүргеніме тәуба етемін, қуанамын» дейді Рахия Ізгуқызы өз ұжымдастары туралы.

Көптеген жылдар бойы Жетібай кен орнында Маңғыстаудың жылдың төрт мезгілінде пендесіне мейірі түсе қоюға пейілі тарлау табиғатының аумалы-төкпелі мінезіне - дүлей суығы мен шілдедегі тас төбеңді қайнатар ыстығына қарамай мұнай өндіріп, отбасының жоғын жоқтап, бала тәрбиелеп өсіріп, ұлағатты ана, аяулы әже атану батырлықпен тең десек, ешкім дауласа қоймас... Тепсе темір үзетін кейбір жігіттердің жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге ұмтылған заманында Рахияның табанды еңбегі үлгі емес деп кім айта алады?

Дүниенің түгел тұрғаны, туған түбегінің ырыс-несібесінің бүтін тұрғаны Рахия мен оның әріптестеріндей қарапайым жандардың еңбегі дер едім. Ісіне шын берілгендер ғана жұртына тірек, елінің абыройына абырой қоспақ. Мерекеге орай жазылған осы шағын Сөздің түйіні – мұнайшы Рахия Бейбітоваға, Жетібай кенорнындағы оның қатар-құрбыларына мерекелік ізгі тілегімізді алар асуларыңыз көп болып, жұлдыздай жарқырай беріңіз деген жүрекжарды ілтипатпен айшықтаймыз!

С. Ғалидуллин