Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

«МАҢҒЫСТАУМҰНАЙГАЗ» АҚ БАСШЫЛЫҒЫ 8 НАУРЫЗ - ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ!

07 наурыз, 2017

Қадірлі аналар, құрметті мұнайшы әріптес қыз-келіншектер!

«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы Басқармасы мен компания ер-азаматтары атынан Сіздерді жылдың ең көрікті де қуанышты мезгілі көктемнің алғашқы мерекесі - 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

«Әйел - өмір тірегі ғана емес, әйел - өмірдің өзі», - деп Елбасымыз айтқандай, бүгінгі таңда әйелдердің әлеуметтік белсенділігін қолдап, олардың қоғам өмірінің барлық саласына кеңінен қатысуына қажетті жағдай туғызу, әлеуметтік құқықтарын сенімді қорғау - Қазақстандағы мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі.

Бүгінгі таңда «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамындағы 1500-ға тарта қыз-келіншектердің 300-ден астамы мұнай өндірісінде еңбек етсе, өндіріске қызмет ететін қоғамдық тамақтандыру, коммуналдық шаруашылықтағы, медициналық қызмет көрсету саласындағы әріптестеріміз компанияның негізгі бөлігін құрайды. Өндірістің суығына тоңып, ыстығына күйіп, мұнай игеруде жанкештілік танытқан ардагер аналарымыз, өндірістің білікті мамандары – геолог, оператор, зертханашы, аспазшы, дәрігер, есеп-қисап мамандары, заңгер сияқты сан мамандардан тұратын нәзік жанды әріптестеріміздің Маңғыстау облысының өсіп-өркендеуінде біздің компаниямыздың үлесі қандай болса, сол табыста Сіздердің еңбектеріңіз өте зор екенін ерекше атап өткім келеді. Сонау Қамқа Үмбеталина, Сәмен Нұрхасанова, Дари Тоқжанова, Несіп Есеналиева, Балияш Елбаева апаларымыздың тарихи дәстүрін жалғастырып келе жатырсыздар! Ұжымда бірлік-ынтымақ пен тұрақтылықтың сақталуына, өндірісті өркендетуге қосқан үлестеріңіз зор.

Ал Сіздерге қамқорлық – компания әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Жаңадан қабылданған ұжымдық шартқа сай көп балалы аналар мен жаңа туған нәрестелерге берілетін өтемақының екі есеге дейін өскендігі болашақ отбасыларға үлкен қамқорлық. Бұл құжаттағы барлық әлеуметтік жеңілдіктер Сіздерді қолдауға бағытталған игі шаралар.

Қандай іске де байыппен қарап, төзімділік танытып жүрген әйелдер қауымына айтар алғысымыз шексіз. Адамға өмір сыйлап, ғұмырды жалғастырушы, Жер бетіндегі ұлы да ұсақ ерлік атаулының бәріне дем беруші әйел – ананың есімі қандай құрметке де лайық. Суыққа тоңып, ыстыққа күйіп, түбек қазынасын игеруде еселі еңбегімен, еліміздің, компаниямыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қажырлы үлес қосып жүрген әйелдер қауымына отбасылық өмірде бақыт, еңбектеріне зейнетті нәтиже тілеп, ізденісті қадамдарыңызға гүл бітіп, абыройлы биіктерден көріне беріңіздер деген тілек арнаймын.

Қадірлі аналар, әріптес қыз-келіншектер! Көктемнің осынау шуақты мерекесі көңілдеріңізді нұрға, жүректеріңізді жырға бөлесін. Әрқашан шаңырақтарыңыздың ырыс-берекесі тасып, үйіңізден жылылық кетпесін. Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, жанұяларыңызға береке-бірлік тілеймін!

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның Басқармасы

Бас директор Бақыт Иманбаев

Бас директордың бірінші орынбасары Пэй Цзяньшэн