Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

slide
slide

ЕЛІНІҢ ҚАЗАНЫНА ЫРЫС САЛҒАН

31 тамыз, 2017

3 қыркүйек - мұнай-газ кешені қызметкерлерінің Күні

Ел экономикасының салмағын көтерген мұнай-газ кешені қызметкерлерінің мерекесіне орай Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде салтанатты жиын өтті. Мерекелік жиынға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев, облыстық басқарма мен мемлекеттік мекеме басшылары, мәслихат депутаттары, ардагер мұнайшылар және облыс жұртшылығы қатысты.

Осынау атаулы күнді мерекелеуге жиналған қауым алдымен Маңғыстау мұнайының тарихынан сыр шертетін бейнеүзікті тамашалады. Жиын басталар сәтте сахнаға Мемлекеттік Ту әкелініп, еліміздің Әнұраны орындалды. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов көпшілікті мерекемен құттықтап, ақжарма лебізін жеткізді:

– Қадірлі ағайын, құрметті мұнайшылар! Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің мерекесі құтты болсын! Маңғыстау – кең байтақ өлке. Оның қойнауы табиғи байлыққа толы. Соның бастысы – мұнай мен газ. Осыдан 56 жыл бұрын алғашқы атқылаған мұнай бұрқағы өлкеміздің дамуына жол ашты.

Бұл күндері облыс аумағында 70-тен аса кен орындары ашылып, халық қазынасын молайта түсуде. Маңғыстау мұнайының бастауында тұрған Нәсіпқали Марабаев, Рахмет Өтесінов, Табын Нұржанов, Қамысбай Мырзағалиев, Сағидолла Нұржанов, Әділ Нұрманов, Жолдас Тоқжанов, Виктор Нечаев, Валентин Токарев, Қамқа Үмбеталина және тағы да басқа аға-апаларымыз мұнай-газ саласына ғана емес, Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосты. Қазіргі таңда облыста елімізде өндірілетін мұнайдың 25 пайызы шығарылып отыр. Мұнай-газ саласының қарқынды дамуының арқасында экономикамыз жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Тәуелсіздік жылдарында ел мұнайшылары қыруар жұмыс атқарды. Алда тұрған міндеттер де зор. Салаға тың технология әкеліп, жаңа кенорындарын игеру, мұнайды сыртқа шығару жолдарын кеңейту және өңдеу қажет. Еліміздің мұнай саласында еңбек ететін азаматтар бұл міндеттерді абыроймен атқарып, индустриалдық-инновациялық дамуымызға үлес қосатынына сеніміміз мол. Дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін, – деді облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы.

Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов ел ырыздығын еселеуде жемісті еңбек еткен бірқатар еңбек адамдарына Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар табыстады.

Жиналыста «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясындағы Маңғыстау облысы күндерін өткізуге белсене қатысқаны үшін облыс Әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Салтанатты жиынға қатысушыларды мерекемен «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев құттықтады:

– Құрметті маңғыстаулық мұнайшылар! Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында Маңғыстаудың қосқан үлесі мол. Республикамызда өндірілетін мұнайдың 20 млн. тоннасы осы облыста шығарылады. Бұл жолда сіздер жарқын еңбектің үлгісін көрсеттіңіздер. Мұнай және газ өндіру көлемі артып, қара алтынды тасымалдау көлемі 60 миллион тоннаға, газ 88 млрд. текше метрге жетті. Мұндай көрсеткішке қара алтын өндірісінің қалыптасуындағы қиындықты еңсеріп, бүгінгідей үрдісті қалыптастырған аға- апаларымыздың, сол жолды жалғаған қазіргі әріптестеріміздің еңбегінің арқасында жетіп отырмыз. Сіздерді Маңғыстау мұнайының 56 жылдық мерекесімен қызу құттықтай отырып, елімізге тыныштық, еңбектеріңізге береке, жанұяларыңызға бақыт тілеймін!, – деді Сауат Мұхаметбайұлы.

Салтанатты сәтте бірқатар озат еңбеккерлер «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» Энергетика министрлігінің медалімен және Алғыс хатымен, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Құрмет грамотасымен, «Қазмұнайгаз» ҰК» Құрмет грамотасымен, естелік белгісімен марапатталды. Осылайша, екпінді еңбек тынысын толастатпай, өндірістің қазанын қайнатып жүрген мұнайшылар құрмет пен ыстық ықыласқа бөленді.

– Мен «Өзенмұнайгаз» АҚ 14 жылдан бері жұмыс жасаймын. Мерекеде Сауат Мұхаметбайұлының қолынан Құрмет грамотасын алып, мерейіміз өсіп, бір жасап қалдық. Жұмыс барысында білмегенімізді тәжірибесі мол аға-апаларымыздан сұрап, білгенімізді жастарға үйретеміз. Бізге артылған сенімнің үдесінен көрінуге тырысамыз, – деді аталған акционерлік қоғамның өндіріске қызмет көрсету цехы басшысының орынбасары Нәжімадин Аманқосов.

Мерекелік шараның ресми бөлімі аяқталған соң, көпшілік назарына «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ қарасты компаниялардың жас мұнайшылары дайындаған концерттік бағдарламасы ұсынылды. Осыдан 30 жыл бұрын құрылған «Сәлем» вокалды аспаптар ансамблі, жастардан құралған «Қаламқас» вокалды аспаптар ансамблі және өнерпаз мұнайшылар кешті әсем ән, қазақы көркем бимен, күмбір күймен көмкеріп, салтанат мерейін тасыта түсті.