Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

“СИСЕМ АТАҒА” САПАР

06 қыркүйек, 2017

Маңғыстау облысындағы ең ірі және ежелгі қорымның бірі саналатын Сисем ата өлкеміздің ру басшылары мен батырлары, белгілі тұлғалары жерленген пантион. Жетібай кентінен 247 шақырымда орналасқан республикалық маңызды тарихи-мәдени ескерткіш Маңғыстау облысы әкімінің шешімімен «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының қамқоршылығына бекітілген.

Өткен тарихыңның жәдігерін көздің қарашығындай сақтау, ертеңгі ұрпаққа жәдігер ретінде аманаттау - бүгінгі ұрпақтың міндеті. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да осындай тарихи-мәдени мұрамызды сақтау, қорғау, насихаттау арқылы ұлттық жадымызды жаңғырту емес пе?! Маңғыстаумұнайгаздықтар үшін Сисем атаға зияраттау, өлке тарихын жастарға ұғындыру, ескерткішті сақтау шараларын алу дағдыға айналған.

24-25 тамыз күндері «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқарма ұжымы Сисем ата қауымында кезекті тазарту, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Өндіріс басшылары Ж.Ешманов, А Сисенов, К.Бүркітов, Б.Дусупов мырзалар қырыққа жуық жұмысшыны жұмылдырып, қорым маңайын тазалап, жиналған күл-қоқыстарды арнаулы техникаларға тиеді. Қауым қоршауында өскен шөптерді шауып, түнеухана үйін жөндеуден өткізді, пластикалық терезе ауыстырылды. Екі күнге созылған сауапты шарада жаңадан салынатын түнеуханаға қажетті құм түсіріліп берілді.

«Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді ата дәстүр, ата-баба рухына құран бағыштап, олардың әруақтарын қастерлеу – артында қалған ұрпақтың міндеті. Сапар барысында «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқарма қызметкерлері аталар рухына арнап садақа беріп, құран бағыштады. Оған Сайөтес ауылы әкімі мен ақсақалдары қатысты. Дәстүрлі шара соңында қариялар осындай игі іске ұйытқы болған ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты.

Қ. Демегенов,

«ЖМГ» ӨБ әлеуметтік сала тобы жетекшісі