Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

slide
slide

БЕРЕКЕЛІ ҰЖЫМДАҒЫ МЕРЕКЕ

09 қыркүйек, 2017

«Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы вахталық кентінде өткен мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысып, мұнайшылардың қуанышына ортақтасып қайттық.

Ағын уақыт сонау жастық күндерімізді еске салады. Шетелдік жайлы көліктің ішінде тербеліп келе жатып, өткен жылдардың суретін іздейсің. Екі қапталда жарысып, қалып жатқан кең көсілген даланың көзге таныс көрінісі, Маңғыстауда ғана бар, сұлулығымен, мезгіл салған келбет-бейнесімен таңдандырар аппақ таулар сол баяғы күйінен өзгермеген. Өзгерген мұнайшылардың тыныс-тіршілігі, жай-күйі ...Мына тақтайдай тегіс жол да сексенінші жылдардай шаңдатып жатқан жоқ.

Ой-ойдың қуғыншысы, вагондарда жатып, ыстыққа күйіп, аязға тоңып, «Қаламқастың мұнайын ел игілігіне жұмсаймыз» деп моншақтата тер төккен Көшербай Әлібаев бастаған майталмандар еске түседі. Комсомолдық бригаданың белді мүшелері, біздің қатарластармыз - Қосай Жұбаназаров, Қайыржан Тасқалиев, Марат Жүсіпов, Ғұсман.., кім еді тағы, есімі әп дегенен еске түспей қалған озаттар бейнесі тізіледі. Ия, жетістік, табыс жайлы айтсақ, алдымен кенорны игеруінің бастауында тұрған ардагерлерсіз әңгіменің ажары кірмейтіні тағы рас.

... «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының вахталық кентінің мерекеге арналған сахнасы түрлі-түсті шарлармен әсем безендірілген. Бір-бірін құттықтаған, жүзіне шуақ қондырып, жайдары күлген көпшілік. «Алтын күздің әр қадамы бақ әкелсін барша маңғыстаулықтарға, мұнайшыларға!» деп салтанат тізгінін қолға алған Жанат Нұрғали қарындасымыз қонақтарға сөз кезегін беріп жатыр.

- «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы ауданымызда өтетін әр түрлі шараларға демеушілік жасап келеді. Бюджетімізге түсетін салықтың басым дені «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы үлесіне тиеді. Биылдың өзінде мұнайшылар шалғай жайылымдардағы 4 фонтанды құдықты тазалап берді. Мұндай көмектер айта берсек аз емес. Мердігер мекемелерді қосқанда «Қаламқаста» 2 мыңға жуық ауданымыздың тұрғындары еңбек етеді, - деп алғашқы болып сөз кезегін алған Маңғыстау ауданы әкімі орынбасары Талғат Қыланов екі жақты байланыстың пайда, нәтижесін бүкіл аудан жұртшылығы көріп отырғандығына мысал келтіріп, өндіріс майталмандарының еңбегіне табыс тіледі.

Мұнайшыларды төл мерекесімен «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директорының бірінші орынбасары Пэй Цзяньшэн, бас директордың жаңа технологиялар бойынша орынбасары Қазбек Қиынов құттықтады. Қаламқас кенорны игерілуінің бастауында тұрған еңбек ардагері Өрен Сағындықов қиындыққа мойымай, жертөле-вагондарда жатып, тер төгіп, ел игілігін еселеуге өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерді еске алып, олардың ісін жалғастырып жатқан кейінгі толқын-інілеріне ағалық аманатын жеткізді. «Ойл Сервис Компани», «Маңғыстауэнергомұнай», «Ойл Констракшн Компани», «Ойл Транспорт Компани», «Мұнайтелеком» ЖШС-тері өкілдері сөз алып, құттықтау лебіздерін білдірді. «Нұр Отан» партиясының Алғыс хатын Қарақия аудандық мәслихаты депутаты, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының әкімшілік мәселелері бойынша орынбасары Жетібай Төлеғожаев тапсырды.

Жыл бойына үздік нәтиже көрсетіп, өндірісте жетістіктермен көріне білген бір топ озаттар есімі аталды. «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ №4 мұнай және газ өндіру цехының 5 дәрежелі мұнай және газ өндіру операторы Мұратбай Данабаев облыс әкімінің Алғыс хатымен, газ өндіру, дайындау және тасымалдау цехының 5 дәрежелі электрмен дәнекерлеушісі Тұрар Ығалұлы ҚР Энергетика министрлігінің Құрмет грамотасымен, бірнеше маман «КННК Интернационал Қазақстан» ЖШС, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ, сервистік мекемелер Грамотасы, Алғыс хаттарымен марапатталды. Ардагерлер де ұмыт қалмады. Сонау алпысыншы жылдары еңбек жолын Өзеннен бастаған Халида Хайретдиноваға «Еңбек ардагері» медалі табыс етілді.

- Ерлі-зайыпты екеуіміз 1969 жылы Өзенге комсомолдық жолдамамен келдік. Кейін 1979 жылы әйелім Қаламқасқа ауысып, күрделі құрылыста экономист болып ұзақ жылдар еңбек етті. Бүгін біздің әулет үшін ерекше күн. Зайыбым Халида «Еңбек ардагері» медалімен марапатталып, қуанып отырмын. Біз көрген қиындықты жастар көрмесін деймін. Мұнайымыз көп болсын, табысқа жете берейік! Мереке құтты болсын! - дейді Халида апамыздың жұбайы, ардагер мұнайшы Генадий Хайретдинов.

Мереке қызығы таусылар емес. Сахнада қалықтаған ән. Өнерпаздар да «Маңғыстаумұнайгаздың» өз қызметкерлері. Әне бір жерде кір тасын көтеріп, белдесіп, күш сынасып жарысқа түскен де «Қаламқастың» мұнайшылары. Жүздері шаттыққа толы көпшілік жадырай күліп, өткенді бүгінмен сабақтастыра әңгіме өрбітіп, ерекше көңілді.

- «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында өндірілетін жалпы мұнай көлемінің 70 пайызын Қаламқас кенорны беріп отыр. «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасында 1980 жылы 2 қарашада алғашқы миллион тонна мұнай алынды. 2005 жылы 6 маусымда 100 миллион тонна мұнай өндірілді. Үстіміздегі жылдың маусым айында 150 миллион тонна межеден көрініп, мерекені жақсы көңіл-күйде қарсы алып отырмыз. Әрине, бұл ортақ табыста мұнайшылармен бірге жұмыла жұмыс істеп жатқан мердігер мекемелер жұмысшылардың да үлесі мол, - деп «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ бастығының бірінші орынбасары Қазбек Нұрмұханов алдағы меже-мақсаттары жайында ой бөлісті.

Меже жайында әлгінде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының жаңа технологиялар бойынша орынбасары Қазбек Кетебайұлы да айтып кеткен. «Қаламқас» мүмкіндігі әлі де сарқылған жоқ. 2018-2019 жылдарға арналған жоспарлар шеңберінде геофизикалық жұмыстар жүргізіліп, жер асты қабаты құрылымдарына жан-жақты барлау жұмыстары басталмақ. Қаржыдан таршылық болмай, ой-мақсат іске асып жатса, кенорнының екінші тынысы ашылар күн де алыс емес...