Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

БЛОГЕРЛЕР - «ЕҢБЕК ДАҢҚЫ» МҰРАЖАЙЫНДА

18 қыркүйек, 2017

«Жаңғырған Жібек жолы»

Маңғыстауда 14 мен 16 қыркүйек аралығында облыстық және республикалық блогерлердің «Жаңғырған Жібек жолы» атты медиа-керуені өтті. Аталмыш рухани жобаның басты мақсаты – әрбір қазақстандыққа ұлан ғайыр даламыздың тау-тасын таныту. Бұл керуен алдағы уақытта жалғасын тауып, туристік жоба ретінде жаңғырмақ.

Елімізге танымал блогерлер екі күн бойы өлкенің көрікті жерлеріне саяхаттап, бірнеше өндірістік нысандарды аралады. Құрық портының құрылысымен, «МАЭК Қазатомпром» мекемесі жұмысымен танысып, «Қазақ Осетр» ЖШС, «Ақтау Теңізпорты» АЭА, «Ақтау Керамзит» зауыты сияқты нысандарды тамашалады. Олар келесі күні Ақмыш, Шерқала, Қызыл қала, Айрақты тауларын, «Көгез» этноауылын бетке алып, «Отпан-тау» тарихи-мәдени кешенінің тарихымен де танысуға шыққан болатын. Қарақиядан құлап, Жетібай кенорнының үстімен жүрген медиа-керуен атақты алтыншы скважина басындағы ескерткішке, мұндағы Еңбек даңқы мұражайына арнайы ат басын тіреді. Бүгінде облыс тұрғындары мен қонақтарының, сондай-ақ, мектеп оқушылары мен студенттердің арнайы іздеп келетін сүйікті мекеніне айналған Еңбек даңқы мұражайы қонақтарға есігін айқара ашты. Блогерлер қауымы Жетібай кенорны қалыптасуының барлық кезеңдерінен, мұнайшы-лардың шөл далада жанқиярлық еңбегі туралы сыр шертетін сирек жәдігерлерді көздерімен көріп, құжаттар мен көне фотосуреттерді тамашалап, кенорынның күнделікті тыныс-тіршілігіне қанықты. Блогерлер сапындағы Маңғыстауға белгілі өлке танушы, геолог Бекболат Төлегенұлы да қонақтарды үйіріп, дерек пен мағлұмат жеткізіп жатты...

Блогер Ержан Бағдатов:

Маңғыстау дегенде әуелі ойға келетіні-мұнай. Ал, мұнай дегенде Маңғыстау сөзсіз еске түседі. «Маңғыстау» және «мұнай» бүгінде егіз ұғымдар. Бұлай болуы да заңдылық. Мұнайшылардың аға ұрпаққа құрметі, тарихи дәстүрге адалдығы мені қуантты. Алғашқы мұнайшылардың құрметіне «Тұңғыш ашушылар жасасын!» деген ескерткіштің өзі, мұражайдағы қарапайым мұнайшылардың қолымен жасалған макеттер мұнай кәсібі туралы таным көкжиегімізді кеңітті. Тіпті жұмысшы вагондағы көне күпәйкі мен темір бас киімді киіп, қара шәйнекті алдарына тартқан әріптестеріміздің суреті қазір сол Жетібай мұнай кәсіпшігіндегі сәттерімізден ыстық естелік болып қалары сөзсіз. Мұнайлы өлкеде мұнайшылардан басқа да геологтар, жол жөндеушілер, инженерлер мен алуан түрлі маман иелерінің бірнеше ұрпағы аянбай еңбек ететінін біліп қайттық. Айпақшы, мұнда жол өте керемет! Жетібайға жол түссе, бұл жерге соқпай кетпеңіз!)

Әуесбайдың Қанаты – журналист:

Осы медиакеруеннің аясында екі күн бойы Маңғыстау жерін араладық. Табиғатын да, тау-тасын да көріп жатырмыз. Бұл мұражайда менің екінші рет болуым. Еліңді танудың өзі рухани серпіліс береді. Расында да Елбасымыздың айтып өткен рухани жаңғыруын біз сезініп жатқандаймыз. Сондықтан да әрбір азамат өзінің елін, жерін танып, руханиятын толықтырып, осындай бір жақсы әсер алып жатса, бұл нағыз рухани жаңғырудың айғағы, кепілі деп айтар едім..

...Әп-сәтте жастыққа тән жалынмен ойнақы әзіл-қалжың қағыстырған сөз шеберлері сенбінің таңындағы тыныштықтың шымылдығын серпіп тастады. Білмекке құштар өңкей қазақ жастары. Мұнайшылармен ыстық ықыласта қош айтысып, Шерқалаға бет түзеген медиа-керуен көне Жібек жолының сүрлеуімен жасампаз мұнайшы деген халықтың тарихын да көкірекке түйіп, бара жатты... Болашақты бетке алған, бабалар жолын жаңғыртуға мүдделі жаңа буын!