Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

КАСПИЙ – ДОСТЫҚТЫҢ ТЕҢІЗІ

25 қыркүйек, 2017

Қыркүйек айының 18-23 аралығында Ақтауда Каспий жағалауы елдерінің І Халықаралық жастар форумы өтті. Әзірбайжан, Ресей, Түркменстан, Иран мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен 300-ден астам білімді де білікті жас жиналды. Аталған форумға қатысып қайтқан әріптесіміз Анар Нұғмановадан жастар лагері жөнінде сұрап білген едік:

– Мұндай ауқымды шараға алғаш рет қатысып отырмын. Бұл форум Маңғыстаудың киелі жерлері мен ескерткіштерін көрсетіп, рухани туризмді дамытуға бағытталған. Елбасымыздың "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылған форум өте жоғарғы деңгейде өтті. Әр өңірден келген жастармен танысып, жақын араласып кеттік. "Отпан-тау" тарихи-мәдени кешеніне жасаған саяхатымыз әсіресе басқа өңірден келген жастарға ерекше әсер қалдырды. Ресейден келген Елена есімді қызға туристік гид қызметін көрсеттім. Маңғыстаудың қонақжайлылығы мен салт-дәстүріне қайран қалған жастар ұлттық асымыздан дәм татып, базары тарқамаған елдің барлық сән-салтанатына куә болды. Осындайда өзің де бір марқайып қалады екенсің.

Бұдан өзге, «Каспий жастар форумының» аясында ашылған лагерьде елімізге танымал бизнес тренерлер дәріс оқыды. Сарапшылар мен бизнес-тренерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіпкерлік пен көшбасшылықтың қыр-сырын үйретті. Алты топқа бөлініп, әр топ Синергия (Ресей) бизнес мектебінің қазақстандық өкілдігінің директоры Б. Қасымбергебаев, WAKE UP Technology бас директоры А. Әбжанов, «Yuframe» жобалық менеджері Р. Абдуллаев, АлмаU университетінің бизнес-тренерлері В. Островский мен Р. Абдуллинді тәлімгер етіп таңдап алды. Аз ғана уақыттың ішінде тәлімгерлермен бірге бизнес-жоба жасап, лагерьдің соңғы күнінде өз жобамызды абыроймен қорғап шықтық. Форум аясында облыс әкімі Ералы Тоғжановпен кездесіп, мәдени шараларға белсене қатыстық. Алдағы уақытта жастардың басын қосатын осындай форумдар жиірек ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді. Аталған форумға қатысуға қолдау көрсеткен "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ Басқармасына алғыс айтамын.