Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

АЛА ДОП ШЕБЕРЛЕРІНІҢ АЙҚАСЫ

09 қазан, 2017

СПОРТ

Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасын қолдау мақсатында 3-5 қазан күндері Қаламқас кенорнында «Манғыстаумұнайгаз» ұжымдары арасында шағын футболдан блиц турнир өтті. Жарысқа 10 команда қатысып, жеңіске жеткен командалар түрлі номинациялар бойынша марапатталды.

– Аталған ұжым арасында шағын футболдан жарыс осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Мұндай кездесулер ұжымды жинақтауға әрі салауатты өмір салтының маңызын арттыруға көмектеседі, – деді "Қаламқасмұнайгаз" ӨБ спорт нұсқаушысы Жақсыбек Бисенбайұлы.

Топтан озып шыққан командалар жүлделі 1-ші, 2-ші және 3-ші орындарға таласты. Бірнеше сағатқа созылған ойындардың барлығы тартысқа толы болды. Әуесқой футболшылар кәсіби деңгейде ойластырған комбинацияларын жүзеге асырып, қарсыластарына көбірек доп салуға тырысты.

Сонымен, сайыс қорытындысы бойынша, жүлделі 1-орынды Семсер мекемесінің ұжымы жеңіп алса, 2-орын №1 цех жігіттерінің үлесіне тиді. 3-орынға "Қаламқасмұнайгаз-3" командасы лайық деп танылды. Жарыстың үздік қақпашысы атағын мұнай және газ өндіру цехының дәнекерлеушісі Оразымбет Көкбаев иеленсе, үздік қорғаушы Семсер күзетшісі Бимырза Масқарға бұйырды, үздік шабуылшы атағын "Қаламқасмұнайгаз" ӨБ слесарі Ерлан Әлібаев жеңіп алды.

Сайыс соңында жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар мен кубок табыс етілді.