Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

ОЙ-ДОДА

14 желтоқсан, 2017

Мерекеге орай компания қабырғасында өткен «Брейн-ринг» зияткерлік ойынында қызметкерлер білім-білігін сарапқа салды.

Дәстүрлі байқау 6 кезеңнен құралып, қатысушылар 6 топқа бөлінді. Олар әр кезеңде еліміздің арғы-бергі тарихы, мәдениеті мен тұрмыс-салтына қатысты сұрақтарға жауап беріп, отандық және шетелдік киноларды, әуендерді, танымал тұлғаларды табу сынды сындардан өтті.

Өткен мен бүгінді ұштастырған зияткерлік сайыс кезінде қатысушылар жан-жақтылығын, білім деңгейін танытып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Сайыскерлердің зейіні мен зердесін ашқан зияткерлік ойынның нәтижесінде бизнесті жоспарлау және экономикалық талдау департаменті 1-орынды иеленіп, жеңіске жетті. Геология және кенорындарын барлау департаментінің командасы 2-орынды жеңіп алса, автоматтандыру, ақпараттық технологиялар мен байланыс және адам ресурстарын басқару департаменттері 3-орынды тең бөлісті. Бизнесті жоспарлау және экономикалық талдау департаментінің эконо-мисі Ғайнижамал Тәжіназарова үздік ойыншы атанды.

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тарғын Мысамбаев пен аталған акционерлік қоғамның жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Майра Ғұмарова жеңімпаздарды марапаттап, кубок пен қаржылай сыйлық табыстады.

– Біз командамызбен осы сайысқа алдын ала дайындалдық. Тарихи кітаптарды оқып, түрлі мәліметтерге қанықтық. Ізденістің, білімнің нәтижесінде бүгін жеңіске қол жеткіздік. Мен бұл сайысқа алғаш рет қатысып, үздік ойыншы атандым. Өте қуаныштымын. Күнделікті жұмыстан демалып, ой-санамды сайысқа бұрып, керемет әсер алдым. Осындай сайыс жалғасын тапса тағы да қатысқым келеді, – деді Бизнесті жоспарлау және экономикалық талдау департаментінің экономисі Ғайнижамал Тәжіназарова.