КӘСІБИ БІЛІКТІЛІК – БӘСЕКЕДЕГІ БАСТЫ БАСЫМДЫҚ
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Басқармасы мен Кәсіподақ ұйымы «KMG Skills» кәсіби шеберлік чемпионатында компания намысын қорғаған мұнайшылармен кездесіп, жеңімпаздарды құттықтады. Басқосуда мамандардың кәсіби біліктілігі мен өндірістегі еңбегі жоғары бағаланып, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Атырауда өткен «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының кәсіби шеберлік чемпионатында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның үш қызметкері жүлделі орындарға ие болды. «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының жабдықтарды жөндеу жөніндегі 4-дәрежелі слесарі Базаржан Мақтанов бірінші орынды иеленсе, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының 4-дәрежелі мұнай-газ өндіру операторы Аманжол Бердіжанов пен «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының 5-дәрежелі қабат қысымын ұстау операторы Серікбол Оразбек үшінші орыннан көрінді.
Кездесу барысында компания басшылығы әріптестердің кәсіби шеберлігі мен жоғары нәтижесін атап өтіп, «Маңғыстаумұнайгаздың» абыройын асқақтатқан жеңімпаздарға ризашылығын білдірді. Кәсіподақ ұйымы да үздіктерді ынталандыру мақсатында бірінші орын иегеріне 200 мың теңгелік, үшінші орын иегерлеріне 150 мың теңгелік қаржылай сертификат табыстады.
Білікті мамандарды қолдау және кәсіби дамуға ынталандыру – өндірістің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-да кәсіби шеберлік іріктеуінде үздік нәтиже көрсеткен қызметкерлерге бір жыл бойы 10–30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша ақы төлеу қарастырылған.
Сонымен қатар басқосу барысында «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының республикалық чемпионатында жүлделі орындарға ие болған қызметкерлерді ынталандырудың қосымша тетіктерін қарастыру жөнінде ұсыныс айтылып, тиісті тапсырма берілді.
Еңбекті бағалау – маманға көрсетілген құрмет қана емес, кәсіби дамуға серпін беретін маңызды ынталандыру. Өндіріс озаттарын қолдау, олардың тәжірибесін дәріптеу және кәсіби жетістіктерін лайықты бағалау мұнай саласындағы еңбек мәдениетін нығайтып, ұжымның ортақ нәтижесіне қызмет етеді.