СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ – ОРТАҚ МІНДЕТ
30 қыркүйекте «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Комплаенс қызметінің бастамасымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Гүлден Қакауованың «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының басшылығы және инженерлік-техникалық қызметкерлерімен кездесуі өтті.
Кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын сақтау, сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік қалыптастыру, сондай-ақ қызметтік міндеттерді орындау кезінде адалдық қағидаттарын ұстану мәселелері талқыланды.
Гүлден Қакауова қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманың негізгі талаптарын түсіндіріп, пара алу мен пара беруге жол берілмейтінін, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін көзделген жауапкершілікке назар аударды.
Сонымен қатар қызмет барысында заңдылықты сақтау, әдеп нормаларын ұстану және адал мінез-құлық қағидаттарын басшылыққа алудың маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тиісті түсіндірмелер алды.
Мұндай кездесулер «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Комплаенс қызметінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін арттыруға және ықтимал тәуекелдердің алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмысының маңызды бағыттарының бірі болып табылады.