17 қыркүйекте Қазақстан Республикасы ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің көшпелі семинар-кеңесі аясында Жетібай кен орнындағы оқу-жаттығу полигонында ұңғыма сағасында өрт шығуымен қатар орын алған шартты ашық фонтанды жою, сондай-ақ зардап шеккен жұмысшыны құтқару және эвакуациялау бойынша кешенді тактикалық оқу-жаттығу өткізілді.
Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, мұнай өндіру барысында шток үзіліп, соның салдарынан ұңғымадан фонтан атқылап, кейіннен ұңғымада өрт шыққан.
Күштер мен құралдардың іс-қимылын үйлестіру үшін жедел штаб құрылып, аварияларды жою жоспарына сәйкес барлық қажетті қызметтердің өзара іс-қимылы ұйымдастырылды. Авариялық-құтқару және өртке қарсы жұмыстарға "КӘАҚҚРОШ" ЖШС "АҚ БЕРЕН" Маңғыстау филиалы, «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС және басқа да бейінді бөлімшелердің күштері мен арнайы техникасы тартылды.
Оқу-жаттығудың жеке кезеңі тік болат резервуардан зардап шеккен жұмысшыны құтқару және эвакуациялау бойынша практикалық іс-қимылдарға арналды. Құтқарушылар биіктікте жұмыс жүргізу, алғашқы медициналық көмек көрсету және зардап шеккен адамды қауіпсіз эвакуациялау дағдыларын көрсетті.
Іс-шараның негізгі мақсаты — лауазымды тұлғалардың төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылды ұйымдастыру және басқару бойынша практикалық дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ кәсіби авариялық-құтқару бөлімшелерінің, мемлекеттік және мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің күштері мен құралдарының дайындығын тексеру.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша барлық қызметтер кәсіби даярлықтың, үйлесімділіктің және өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін көрсетті. Қойылған міндеттердің нақты орындалуына, шешім қабылдаудың жеделдігіне және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аударылды.
Өткізілген оқу-жаттығуға Қазақстан Республикасы ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің мұнай-газ және мұнай өңдеу өнеркәсібіндегі мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасының басшысы Ахaн Арманұлы Телманов жоғары баға берді. Ол құтқару, өрт сөндіру және медициналық қызметтердің қызметкерлеріне кәсібилігі, қойылған міндеттерге жауапкершілікпен қарағаны және үйлесімді жұмысы үшін алғыс білдірді.
Іс-шаралар аяқталғаннан кейін көшпелі семинар-кеңеске қатысушылар Жетібай кен орнындағы Мұнайшылардың еңбек даңқы музейіне барды. Қонақтар өңірдегі мұнай саласының қалыптасу тарихымен, мұнайшылардың бірнеше буынының еңбек жетістіктерімен, сондай-ақ Маңғыстаудағы мұнай өндірудің дамуын баяндайтын экспонаттармен танысты.