ЖЕТІБАЙДАҒЫ ЖҮЗДЕСУ: ЕҢБЕК ЖӘНЕ ЕЛДІК ЖАУАПКЕРШІЛІК
Жетібай – Маңғыстау мұнайының тарихымен біте қайнасқан, талай буын мұнайшының маңдай тері сіңген қасиетті өндіріс орны. Бүгінде мұнда қалыптасқан еңбек дәстүрі жаңа технологиялармен сабақтасып, өндірістің тұрақты дамуына жол ашып келеді.
Осы мақсаттағы маңызды жұмыстарды саралау үшін бүгін Жетібай кен орнындағы №6 асхана ғимаратында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Басқармасының «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының еңбек ұжымымен есептік кездесуі өтті. Жиынға Бас директордың бірінші орынбасары Болат Сүлейменұлы Сейтмағанбетов бастаған компания басшылығы қатысты.
Кездесуде 2026 жылдың бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстардың нәтижелері сараланып, өндірістің алдағы кезеңіне арналған міндеттер айқындалды. Өндіріс көлемін тұрақты сақтау, өндірістік нысандарды жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу, энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, өндірістік қауіпсіздік, қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары мен еңбек жағдайларын жақсарту бағытындағы жұмыстардың барысы сөз болды.
Жиында өндірістің бел ортасында жүрген мұнайшылар өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салып, басшылық тарапынан тиісті жауаптар алды.
Кездесу барысында ел өміріндегі маңызды қоғамдық мәселелер де назардан тыс қалмады. Болат Сүлейменұлы Сейтмағанбетов еңбек ұжымын азаматтық белсенділік танытып 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына қатысуға шақырды.
Жетібайда өткен жүздесу өндіріс пен еңбек адамының мәселелері ғана емес, елдік жауапкершілік те өзара сабақтас ұғым екенін көрсетті. Өндірістің берекесі – еңбек адамының еңбегінде болса, елдің берекесі – әр азаматтың жауапкершілігінде.