Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

slide
slide
slide

ЕҢБЕК ҰЖЫМЫМЕН ЖҮЗДЕСУ: ОРТАҚ МАҚСАТ – ОРНЫҚТЫ ДАМУ

12 тамыз, 2026
«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында еңбек ұжымымен ашық пікір алмасу, өндірістің тынысын тыңдау және алдағы міндеттерді ортақ талқылау дәстүрі қалыптасқан. Бұл – басшылық пен еңбек адамы арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, компанияның бүгінгі тынысын таразылап, келешекке бағдар түзейтін маңызды алаң.
Осы игі дәстүр бүгін де жалғасын тапты. Қаламқас кенорнының спорт кешенінде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Басқармасының 2026 жылдың бірінші жартыжылдықта қорытындысы бойынша «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының еңбек ұжымымен есептік кездесуі өтті. Бас директордың бірінші орынбасары Болат Сүлейменұлы Сейтмағанбетовтың төрағалығымен өткен жиында жыл басынан бері атқарылған жұмыстар сараланып, өндірістің алдағы кезеңіне арналған міндеттер айқындалды.
Бүгінде еңбек ұжымы алдында өндіріс көлемін тұрақты ұстап қана қоймай, технологиялық жаңғыруды жалғастыру, өндірістік қауіпсіздікті күшейту, еңбек жағдайын жақсарту және әрбір қызметкер үшін қолайлы еңбек ортасын қалыптастыру секілді маңызды міндеттер тұр.
Кездесу барысында компанияның өндірістік қызметіне қатысты бірқатар өзекті мәселе қозғалып, алдағы кезеңге арналған жоспарлар кеңінен сөз болды. Басшылық тарапынан жүзеге асырылып жатқан жобалар мен өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталған жұмыстардың барысы таныстырылды.
Әсіресе өндірістік нысандарды жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу, энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту бағыттарына басымдық берілетіні атап өтілді. Мұндай жобалардың әрқайсысының түпкі мақсаты – өндірістің үздіксіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, мұнайшылардың қауіпсіз әрі жайлы еңбек етуіне қажетті жағдай жасау.
Жиында еңбек қауіпсіздігі мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Өндірістік ортада қауіпсіздік талаптарын сақтау – тек тиісті бөлімдердің немесе жекелеген мамандардың міндеті емес, бүкіл ұжымға ортақ жауапкершілік екені айтылды. Өйткені мұнай өндірісіндегі ең басты құндылық – адам өмірі мен денсаулығы.
Сонымен қатар кенорнындағы мұнайшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде де ауқымды ақпарат берілді. Еңбек адамына қолайлы жағдай жасау, оның тұрмыстық қажеттіліктерін ескеру – өндіріс тиімділігімен қатар жүретін маңызды бағыттардың бірі.
Кездесудің құндылығы да осында – мұнда дайын баяндамалармен ғана шектелмей, еңбек ұжымының ой-пікірі тыңдалады. Өндірістің бел ортасында жүрген мұнайшылардың ұсыныстары мен күнделікті жұмыста кездесетін мәселелері басшылық назарына ұсынылып, оларды шешу жолдары талқыланды.
Осындай ашық диалог компанияның алға қойған мақсаттарын айқындап қана қоймай, ұжым мүшелерінің ортақ іске деген жауапкершілігін де арттыра түседі. Себебі үлкен өндірістің жетістігі – бір ғана шешімнің немесе тек басшылықтың еңбегі емес. Оның артында мыңдаған адамның табанды еңбегі, кәсіби шеберлігі мен өз ісіне деген адалдығы тұр.
Кездесу барысында еңбек ұжымының өндірістік мәселелерімен қатар, ел өміріндегі маңызды қоғамдық оқиғаға қатысты азаматтық жауапкершілік мәселесі де сөз болды.
Болат Сүлейменұлы мұнайшыларды 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына белсенді қатысуға шақырды.
– Еліміздің болашағына қатысты маңызды шешімдерге әр азаматтың өзіндік үлесі бар. Сайлау – азаматтың өз таңдауын білдіретін маңызды қоғамдық мүмкіндік. Сондықтан баршаңызды 23 тамыз күні сайлауға қатысып, өз азаматтық ұстанымдарыңызды білдіруге шақырамын, – деді Болат Сүлейменұлы.
Сонымен бірге әр азаматтың таңдауы еркін әрі дербес болуы тиіс екені атап өтілді. Сайлауға қатысу – белгілі бір таңуды емес, ел өміріне бейжай қарамай, өзінің азаматтық құқығын пайдалану екенін жеткізді.