Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

slide
slide
slide
slide
slide

ЖЕТІБАЙ КЕН ОРНЫ ЖАҢА ҚУАТ КӨЗІМЕН ТОЛЫҚТЫ

24 шілде, 2026
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның Жетібай кен орнында қуаттылығы 31 МВт болатын газ-поршеньді электр станциясында (ГПЭС) сынақ жұмыстары басталды. Жаңа нысан кен орнын меншікті электр энергиясымен қамтамасыз етіп, өндірістік үдерістердің сенімділігі мен тұрақтылығын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Аталған жоба «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мен «CNLC International Kazakhstan Inc» ЖШС және VPOWER HOLDINGS (SINGAPORE). консорциумы арасында жасалған ұзақ мерзімді келісім аясында жүзеге асырылды.
Қазіргі таңда станция сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Биылғы жылдың қазан айында оны толық жобалық қуатына шығару жоспарланған.
Газ-поршеньді электр станциясының басты ерекшелігі – отын ретінде кен орнында өндірілетін ілеспе мұнай газын пайдалануы. Станцияның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін жыл сайын 58,377 млн текше метр ілеспе мұнай газын пайдалану көзделген. Нәтижесінде жылына 226,314 млн кВт/сағат электр энергиясын өндіру жоспарланып отыр.
Жаңа станцияның іске қосылуы сыртқы электр желілеріндегі үзілістерден туындайтын тәуекелдерді айтарлықтай азайтып, Жетібай кен орнындағы мұнай мен газ өндіру нысандарының үздіксіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.
Жобаның экономикалық тиімділігі де жоғары. Алдын ала есеп бойынша, газ-поршеньді электр станциясын пайдаланудың нәтижесінде жыл сайын 2 миллиард теңгеден астам қаржы үнемделеді.
Газ-поршеньді электр станциясының іске қосылуы – өндірістің тиімділігін арттыруға, ілеспе мұнай газын ұтымды пайдалануға және заманауи технологияларды өндіріске енгізуге бағытталған маңызды жобалардың бірі. Бұл бастама кәсіпорынның энергетикалық тәуелсіздігін күшейтіп, өндірістің тұрақты дамуына тың серпін береді.