ТАРИХИ СӘТ: 300 МИЛЛИОН ТОННА МҰНАЙ!
2026 жылдың 26 маусымы — «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының шежіресіне алтын әріппен жазылатын күн болды. Бүгін түнде кен игеріле бастаған күннен бергі өндірілген мұнай көлемі 300 миллион тоннаға жетіп, тағы бір тарихи меже еңсерілді.
Бұл – бір күннің немесе бір буынның ғана жемісі емес. Бұл – уақытпен үндескен еңбек пен төзімнің, маңдай тер мен машақаттың, талай ұрпақ мұнайшысының табанды тірлігінің нәтижесі.
Талай буынның қолтаңбасы қалған осы жолда әр тонна мұнайдың артында ел игілігін бәрінен биік қойған еңбек адамының маңдай тері, кәсіпке деген адалдық пен жауапкершілік жатыр.
Осы айтулы сәтте компанияның ардагерлеріне де, бүгінгі өндіріс тізгінін ұстап отырған барша қызметкерлерге де шынайы ризашылық білдіреміз. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен ортақ іске деген берік сенімдеріңіздің арқасында бұл белес бағынды.
«Маңғыстаумұнайгаз» ұжымын осы тарихи жетістікпен құттықтаймыз!
Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз еселеніп, шаңырақтарыңызға бақ-береке, дендеріңізге саулық, ертеңгі күнге нық сенім серік болсын!