«ТҰЛҒА»: ИДЕЯДАН НӘТИЖЕГЕ ДЕЙІН
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мен Samruk Business Academy бірлесіп жүзеге асырған «Тұлға» модульдік оқыту бағдарламасы өз мәресіне жетті. Бағдарлама компанияның жас мамандарының кәсіби және тұлғалық дамуын қолдауға, олардың көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға және өндірістік үдерістерді жетілдіруге бағытталған.
2026 жылы бағдарламаға компанияның түрлі өндірістік және құрылымдық бөлімшелерінен 20 жас маман қатысты. Оқыту бес модульден тұрды. Қатысушылар көшбасшылық, үнемді өндіріс, креативті ойлау және мәселелерді шешудің стандартты емес тәсілдері, жасанды интеллектті қолдану, сондай-ақ тиімді презентация жасау дағдылары бойынша білімдерін жетілдірді.
Бағдарлама барысында жас мамандар тек теориялық білім алып қана қоймай, командада жұмыс істеуді, нақты өндірістік мәселелерді талдауды, өзгерістерді басқаруды және инновациялық шешімдер әзірлеуді үйренді. Оқу кезеңінің маңызды бөлігі ретінде қатысушылар өндірістік және корпоративтік қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған жобалар дайындады.
Қорытынды іс-шара аясында төрт команда өз жобаларын сараптамалық комиссия алдында қорғады. Жобаларды бағалау барысында жүргізілген талдаудың сапасы, инновациялық шешімдердің тиімділігі, жобаның өзектілігі, экономикалық әсері, техникалық шешімдерді қолдану деңгейі және презентация сапасы сияқты негізгі критерийлер назарға алынды.
Сараптамалық комиссияның шешімімен «Smart Oilfield Team» командасының «SAFE PASS MMG» жобасы «Үздік жоба» номинациясын иеленді. Жоба өндірістік қауіпсіздік талаптарын күшейтуге, персоналды рұқсаттан өткізу процесін цифрландыруға және адами фактордың ықпалын азайтуға бағытталған тиімді шешім ретінде жоғары бағаланды.
Бағдарлама қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға сертификаттар табысталып, белсенділігі мен жетістіктері үшін арнайы номинациялармен марапатталды. Сарапшылар жас мамандардың ұсынған бастамалары компания қызметін жетілдіруге және өндірістік тиімділікті арттыруға нақты үлес қоса алатынын атап өтті.
«Тұлға» бағдарламасы жас мамандардың кәсіби дамуына ғана емес, олардың бастамашылдығын, жауапкершілігін және көшбасшылық әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды. Бағдарлама аясында қалыптасқан жаңа идеялар мен жобалар болашақта өндірістік процестерді жетілдіруге және компанияның тұрақты дамуына өз үлесін қоспақ.