Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

slide
slide
slide
slide

БАТЫРЛАР ЕРЛІГІ МӘҢГІЛІК

06 мамыр, 2025

Бүгін «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік шаралар өтті.


Компанияның бас кеңсесінің фойесінде Ұлы Отан соғысына қатысушылардың фотосуреттері мен олар туралы қысқаша мәліметтер, тыл еңбеккерлерінің фотосуреттері қойылған мемориалдық көрме ашылды. Әрбір фотосуреттің артында соғыстың ауыртпалығы мен сұмдығын бастан өткеріп, соғыстан кейінгі жылдарда қиындықпен алыса жүріп елді қайта көтерген адамдардың тағдыры жатыр. Бұл көрме Ұлы Отан соғысының қаһармандары мен тыл еңбеккерлерін еске алып, олардың Ұлы Жеңіске қосқан үлестерін мәңгілікке есте қалдыруға арналған.

Көрмені тамашалағаннан кейін «Мәңгілік алау» мемориалына дәстүрлі гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Салтанатты шараға компания басшылығы мен ардагерлері, Қаламқас пен Жетібай кенорындарының мұнайшылары, орталық аппарат қызметкерлері қатысты. Гүл шоқтарын қойғаннан кейін жиналғандар қан майданда ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

- Бұл мереке әр отбасына ыстық, өйткені соғыс бірде-бір жанұяны айналып өтпеді. Әр отбасында соғысқа қатысып, жеңіспен оралған немесе қаза тапқан жақын адамдары бар. Қаншама адам тылда еңбек етті. - деп атап өтті «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Болат Сейітмағанбетов. – Қазіргі ұрпаққа соғыс жылдары қандай болғанын елестету өте қиын. Өйткені, біздің бақытымызға орай, бейбітшілікте туып, соғыстың қасіретін тартпадық. Сондықтан, бейбіт заманда өскен ұрпақ ардагерлердің ерлігін ұмытпай, батырларды ардақтап, құрметтеуге тиіс.

Майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігі халық жүрегінде мәңгі сақталады. Олар туралы кітаптар жазылып, фильмдер түсіріледі, ерліктері ескерткіштер мен мемориалдарда, мұражай экспонаттары мен фотосуреттерде бейнеленетін болады.

Ер есімі – ел есінде!