«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-да Жол картасын іске асыру аясында мұнайшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту жұмыстары жалғасуда. Компания басшылығы қызметкерлердің еңбек ету және тұрмыс жағдайларын жақсарту мәселесін ерекше бақылауда ұстап отыр.
25 маусым күні «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директордың әкімшілік және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Отаров Жетыбай кен орнындағы бірқатар нысандардың жөндеу және құрылыс жұмыстарымен танысты.
Атап айтқанда, ол Жетыбай кен орнындағы №9 асхананың күрделі жөндеу жұмыстарын көріп шықты. 250 орынға есептелген бұл асхананың күрделі жөндеуі 2025 жылғы ақпан айында басталған болатын, бүгінде жұмыстардың басым бөлігі аяқталған.
Желдету жүйесі мен басқа да жабдықтар ауыстырылып, тамақ дайындауға арналған жаңа құрылғылар сатып алынды. Қазіргі уақытта кәріз жүйесін, электрмен жабдықтау желілерін монтаждау және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Нысанды пайдалануға беру 2025 жылдың шілде айының соңына дейін жоспарланып отыр.
Қайрат Отаров күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен мұқият танысып, мердігерлерге барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, ол қолданылып жатқан материалдар мен орындалып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше көңіл бөлу керектігін, сондай-ақ құрылыс және санитарлық талаптардың қатаң сақталуы қажеттігін ескертті.
Бұдан кейін Бас директордың орынбасары Жетібай кен орнындағы өзге де әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, №5 жатақхана жұмысымен танысты. Жақын арада бұл жерде жатақханаға қосымша құрылыс нысандарын тұрғызу жоспарланып отыр. Кездесуде мұнайшылар 2012 жылы салынған бұл ғимараттың жаңғыртуды қажет етіп тұрғанын ескертіп, оны күрделі жөндеуден өткізу мүмкіндігін қарастыруды басшылықтан өтінді.
Сапар қорытындысы бойынша Қайрат Отаров сала мамандарына мұнайшылардың ұсыныстарын мұқият зерттеуді, сондай-ақ әлеуметтік нысандардың құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстарының барысын тұрақты әрі қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.