«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
26 тамызда Жетібайда мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күніне арналған және Қазақстан мұнайының 125 жылдығы мен Қаламқас кен орнының 45 жылдығына орайластырылған мерекелік іс-шаралар басталды.
Ерте таңнан мұнайшылар ауылы – Жетібайда мерекелік көңіл-күй сезілді. Ақ шаңқан киіз үйлердің қасында қонақжай әйелдер тынымсыз дайындық жүргізіп жатты, ал әдемі шарларымен безендірілген сахнадан жергілікті әртістердің орындауындағы әуендер естілді...
Мерекелік іс-шараларды «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және Қоғамның кәсіподақ комитетінің басшылары ашып, әріптестерін қос мерекемен шын жүректен құттықтап, мұнайшылардың ел экономикасының дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтті. Сондай-ақ, қызметкерлерді мерекемен «Жетібаймұнайгаз» ӨБ басшылары, сервистік компаниялар мен сала ардагерлері құттықтап, бүгінгі күні қол жеткізген жетістіктерді сақтап қана қоймай, одан әрі еселете беруді тіледі.
Өндірістің үздіктеріне мерейтойлық медальдар, құрмет грамоталары және алғыс хаттар табысталды.
Әрине, спорттық жарыстарсыз мереке бола ма?! Мұнайшылар армрестлинг, гір көтеру, арқан тарту сияқты спорттық сайыстарда күш сынасып, қазақ күресінде палуандардың мықтысы анықталды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге естелік дипломдар мен сыйлықтар берілді.
Өнер сүйер қауым жергілікті әртістер мен арнайы шақырылған қазақ эстрадасының жұлдызы – Қуаныш Рахымның ең танымал хиттерін тамашалады.
Қазақстан мұнайының 125 жылдығы мен Қаламқас кен орнының 45 жылдығын тойлау – компания қызметкерлері үшін маңызды оқиға, олар бүгінгі таңда аға буынның даңқты еңбек дәстүрін лайықты жалғастырып, ел мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосуда.