Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

slide
slide
slide
slide
slide
slide

«МАҢҒЫСТАУМҰНАЙГАЗ» АМАЛ МЕРЕКЕСІН ТОЙЛАУДА!

14 наурыз, 2024

Бүгін, 14 наурыз күні маңғыстау халқы сан ғасырлық дәстүр бойынша Амал мерекесін тойлап жатыр. Амал мейрамының негізгі ерекшелігі адамдардың бір-бірімен көрісуі. Көрісу - жас ұрпақты мейірімділікке, бірлікке, татулыққа, бауырмалдыққа баулитын қазақ халқының ерекше әдет-ғұрыптарының бірі. Амал – аға ұрпаққа деген терең құрметті білдіретін ізгі тілектер мен құттықтаулар күні. Таңертеңнен бастап «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ орталық кеңсесінде ерекше көрініс орнады: ұлттық киім киген әйелдер мен ерлер бірін-бірі Амал мерекесімен құттықтауға жиналды. Мұнайшылар екі қолымен қол алысып амандасып, бір-бірін Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап жатты.


Мереке аясында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ орталық аппаратында «Амал Алаштың мерекесі» атты шолу байқауы өтті. Байқау барысында Қаламқас, Жетібай және орталық аппараттың бөлімшелері ұлттық нақышта безендірілген кабинеттерді дайындап, қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінен сыр шертетін театрландырылған көріністер көрсетіп, жиналғандарға ән мен күй тарту етті. Дала қонақжайлығының өзгермейтін заңдылықтарын сақтай отырып, кеңселерде дастархандар жайылды, қызметкерлер дәстүрлі мерекелік тағамдардан дәм татып жатты.


Байқауға қатысушылардың өнері мен ерекшеліктерін, олардың ұлттық салт-дәстүрдің көріністрін бейнелеу шеберліктерін арнайы құрылған комиссия бағалады. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері Наурыз мейрамы кезінде анықталып, марапатталады.


Баршаңызды мерекемен құттықтаймыз, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақыт, амандық пен береке тілейміз!