Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

slide
slide
slide
slide
slide
slide
slide
slide
slide
slide
slide
slide
slide
slide

ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ҰЛЫҚТАЛДЫ

24 қазан, 2023

Қазақстанның басты мейрамы Республика күні - азаматтық келісім мен ұлттық бірлесудің, елдің бүгіні мен ертеңі үшін ортақ жауапкершіліктің мерекесі. Ел экономикасына сүбелі үлес қосқан мұнайшылар осынау мереке қарсаңында «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының бас кеңсесінде салтанатты іс-шараға жиылды.


Ұлт үшін шоқтығы биік мерекелік жиын Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылып, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Басқарма басшылары мұнайшылар қауымын Республика күнімен құттықтады.


– Құрметті мұнайшылар! Осыдан 33 жыл бұрын 25 қазан Республика күні ретінде жарияланып, еліміз егеменді, тәуелсіз мемлекет деп танылды. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын. Тәуелсіздік кезеңінде еліміз үлкен жетістіктерге жетті. Мемлекетіміз нығайып, экономикамыз өркендеу үстінде. Осы жолда мұнайшылардың қосқан үлесі өте зор. Алар асулар әлі алда. Бәріңізге зор денсаулық, мол табыс тілеймін, - деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры Мұрат Мұстафаев.


Басқарманың экономикалық кеңесшісі Чэнь Цзунсян және «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәди Кентанов компания қызметкерлеріне зор жетістіктер тіледі.


Салтанатты рәсімде өндірістің озат еңбек иелеріне Облыс әкімінің Құрмет грамотасы, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды.


Республика күніне арналған салтанатты жиынды қазақтың дәстүрлі сазын жаңғыртқан М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармония өнерпаздары мерекелік ән-шашуымен қорытындылады.