«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Шілде айының 22 күні «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Басқарма мүшесі, Бас директор Д.К.Хасановтың бірінші вахта еңбек ұжымымен есептік кездесуі өтті. Күн тәртібінде 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар.
Кездесу 6 тақырыпқа бөлінді. Әр тақырып сала бойынша жауапты мамандарға жүктелді. Мәселен Бас директордың геология және кенорындарды игеру жөніндегі орынбасары Д.А.Шырақбаев пен өндірістік департамент директоры А.С.Түйебаев кенорындарды игеру, мұнай өндіру мәселелер мен енгізіліп жатқан жаңа технологияларға тоқталды. Қауіпсіздік техникасы, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры А.С.Мұнғалов өндірістегі қауіпсіздік пен оны қамтамасыз ету қадамдары туралы айтып берді. Бизнес-жоспарлау және экономикалық талдау департаменті директорының орынбасары М.Т.Асабаев Компанияның қаржылық жағдайына, мұнай сату, таза пайда және өндірістік шығындарға тоқталды. Адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Қ.Б.Бердалиев Компанияның кадрлық саясаты туралы, қызметкерлерді оқыту, разрядтарды өсіру және бос орындарға адам алу тәртібі турлалы түсініктеме берсе, әкімшілік-әлеуметтік мәселелер департаменті директорының орынбасары Н.Л.Ильмуханбетов қызметкерлердің еңбек және тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар туралы есеп берді.
Жиын соңында тізгінді Бас директор Д.К.Хасанов өзі алып, толықтырулар жасап, таза пайда, кадрлық саясатты оңтайландыру амалдары, қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыру секілді мәселелерді тағы бір шолып өтті. Әсіресе өндіріс ауқымын кеңейту, жұмыс процесстерін жетілдіру, жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту тақырыбы егжей-тегжейлі талқыланды. Оған қоса, Компания қызметіне жаңадан қосылған бағыт Комплаенс туралы да айтып өтті.
Кездесуде сұрақ-жауапқа да уақыт бөлінді. Жұмысшылар өндіріс үшін өзекті мәселелер мен жеке сұрақтарын Басқарма басшысы мен қызметкерлерге тікелей қойып, жауабын алды. Ал сол жерде жауабы табылмаған сұрақтар хаттамаға енгізіліп, жауабы сұрақ иесінің қаперіне жеке жеткізілетін болып келісілді.
Қаламқас кенорнының екінші вахтасының қызметкерлерімен кездесу тамыз айының 3 жұлдызына жоспарланып отыр.