Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

Қаһарман қыз – Қаламқасқа

13 қараша, 2009

Ақбоз ат үстіндегі әсем мүсіні тасқа бедерленіп қашалған ескерткіш және алып кесене орнатылып, Ас берілді

Осы жылдың 13 қарашасында екі ескерткіштің де ашылу салтанаты болып, Қаламқас ару аруағына Ас беріліп, құран бағышталды. Ескерткіштерді ашу салтанатында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры Ұзақбай Қарабалин, облыс әкімінің орынбасары Қармыс Боқанов, компанияның бұрынғы Бас директоры Сағын Қырымқұлов, сәулетші –архитектор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сайын Назарбек, Қаламқас апаға туыс болып келетін, облысымыздағы қадірлі ардагерлердің бірі Дүйсенбі Әріпов, ақын Медет Дүйсенов құттықтау сөз сөйледі. Рәсімге облыстық ішкі саясат басқармасы бастығы Ж. Айтуаров, Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Б. Сарбалаев қатысты.

Иә, бұл аймақ –Қаламқас аталады. «Топономика жер тілі, ал жер кітап, сол кітапта адамзат тарихы географиялық атауларда сақталынып, жазылып қалған» -деп Константин Паустовский айтқандай, халқымыздың қоныстарын, өмір сүру дәстүрлерін айна қатесіз дәлелдейтін жер –су атаулары өлкемізде жеткілікті –ақ. Соның бір дәлелі – осы Қаламқас Арудың есімінің тарихтың небір қатпар –қатпар парақтарының астында ұмытылып қалмай бізге жетіп, және бізбен бірге халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқаны.

Осындайда «Қаламқас кім?» деген заңды сұрақ туады. Ақсақалдарымыз –көне көз қариялар білгенімен, жастарымыз біле бермеуі мүмкін. Бозашы түбегіндегі ежелгі қорымның бірі –Қаламқас қыздың есімімен аталады. Мұнда бай да, бағылан да, батыр да жатқан болуы керек. Бірақ соның бәрінен де бар болғаны жиырмаға жетер –жетпес жас қана өмір сүрген Қаламқас арудың атының озып тұрғаны неліктен?

Қаламқас Маңғыстауға алғаш қоныс аударған адай, беріш, таз, т.б. рубасылары –Атағозы, Шотан, Шақан, Қожамбет, Есболай, Ақпандармен бірге келген ұрпақтың өкілі. Бозашы түбегін алғаш жайлағандар Адай руының жары, жеменей, түрікпенадай Тәңірберген, Беріштің қаратоқай тайпалары болса, Қаламқас ару жарының бектеміс бөлімінен. Ол –жаугершілік заманда ат үстінен түспегей, белінен бесқаруын тастамай, ел қорғаны -ер азаматтармен бірге талай қанды жорықтарға қатыса отырып, Отанын басқыншы жаулардан қорғаған батыр қыздарымыздың бірі. Ал бейбіт күнде ауылды азық –түлікпен қамтамасыз етуге белсене араласқан, аңшы –мерген атанған ару...

Міне, осы мәдени –тарихи ескерткіштер қатарына жататын «Қаламқас әулие» қорымын «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы әкімшілігі өз қамқорлығана алып, басына сәулетті кесене тұрғызу жөніндегі Қаламқас кенорнының бір топ мұнайшыларының ұсынысын жерге тастамай қолдауды ұйғарған –ды. Соның нәтижесінде вахталық қалашықта Қаламқас арудың бес қаруы бойында ақбоз атпен шауып келе жатқан бейнесі тасқа бедерленіп қашалған ескерткіш және Қаламқастың өзі тыныстап жатқан қорымда алып кесене дүниеге келді.

Бозашы түбегінде Каспий теңізінің жағалауына сұғына орналасқан Қаламқас атты мұнай–газ кенорны бар. Ол өзі қарайтын «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының жалпы мұнайының 70 пайызын өндіретін ірі кенорны. Қаламқас кенорны 1979 жылдың 2 наурызында Қаражанбас кенорнымен бірге өз алдына «Комсомолскнефть» мұнай –газ өндіру басқармасы болып құрылды. Ол атау 1992 жылы, яғни тәуелсіздігіміздің алғашқы кезеңінде –ақ «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасына өзгертіліп, кенорнының өз төл атауын иемденді. Кенорны 1980 жылдың 2 –ші қарашасында алғашқы миллион тонна мұнайын өндірсе, одан 25 жыл өткен соң 2005 жылдың 6 маусымында 100 миллионыншы тонна «қара алтынын» өндіруге қол жеткізді. Ал бүгінгі күнге дейін 118 миллион тоннадан астам мұнай өндіріліп, ел байлығын еселеп отыр.

Кенорнының бір ерекшелігі –мұнда мұнайшылар да, оларға сервистік қызмет көрсететіндер де вахталық әдіспен жұмыс істейді. Жұмысшылардың дені облысымыздың барлық аудан, ауылдарынан келген жергілікті тұрғындар.олар бүгінгі күн талабына сай тұрмысқа қажет нәрселердің бәрі бар вахталық қалашық жатақханаларында тұрады. Өндіріс жаңа техника және технологиялар жетістіктерімен жарақталған. Автоматтандырылған, компютерлендірілген.

Қаламқас кенорнының ашылу тарихы да ерекше. Мұнда барлау жұмыстары қысқа мерзім ішінде жүрді. Яғни алаңдағы геологиялық құрылымдарды анықтауға бағытталған қазба жұмыстары 1975 жылы басталды да, 1976 жылы № 3 ұңғыдан алғашқы мұнай фонтаны алынды. Кенорнының бұлай тез игеріліп, ел игілігіне жаратылуын жергілікті халық осы өңірде сүйегі жатқан Қаламқас –Апа әулиенің қасиетімен түсіндіреді.

Мұнайшылар ел ырысы –мұнай-газ ғана өндіріп қана қоймай, «Мәдени мұра» бағдарламасына сай халқымыздың рухын көтеретін мәдени –тарихи ескерткіштердің де сақталынып, табиғи құбылыстардан бүлінген жерлері қайта қалпына келтіріліп, қысқаша тарихнамалары жазылып, келер ұрпаққа аман –есен жетуіне де қолғабысын тигізіп отыруын өздерінің парыздары санайды. Бұған дейін «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы ЮНЕСКО қарамағына енгізілмек «Сисем-Ата» қорымына, Тобықты жеріндегі Бекет –Ата жерасты мешітіне, «Қызыл қала» археологияляқ орнына қамқоршылық қолын сөзған –ды.

Бар өмірін елін, жерін басқыншылардан сақтап қалуға арнаған ұл –қыздарымызға деген халық құрметі әркезде де шексіз болып келді. Тарихымыз Отан үшін ерлермен бірдей от кешкен арулардың ерен есімдерін ұмыттырмай ұлғылап келеді. Олар Томирис (Таңырыс) ханымнан бастау алып, бүгінгі заманға Бопай ханым, Ақбөбек, Айжан қыз, Балдай қыз, Әлия, Мәншүк, Хиуаз, тағы басқалар болып бізге жетіп отыр. Қаламқас аруға деген құрметіміз есімі белгілісі бар, белгісізі бар бүкіл қазақ әйеліне деген құрмет. Бұл – мұнайшылардың ыстық ықыласынан туып отырған көркем туынды. Қаламқас Арудың аруағы ел ырысы –«қара алтын» қазынасын өндірушілерді әрдайым желеп, жебеп жатсын. Қазақ Елінің басына қонған бақ –береке баянды болсын!

Айтуар Өтегенов,
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұртшылықпен байланыс тобы жетекшісі