Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

slide

КӨКОРАЙ БАҚ БІЗДЕ БАР

06 шілде, 2015

Абыз-Әбіш Кекілбаев суреттейтін, күні бойы шалып-шарпып, өлкенің бар нәр сөлін түгел сорып ап бататын да кететін, батқанда да көзі қанталап ашумен бататын сауырын от қарыған өңірде, көсенің иегіндей тақыр жондарда, жаз бастала шөбінің өзінің иығы салбырап мүлгитін біздің далаға күннің көзі удың көзіндей. Шөбі тез гүлдеп, тез солатын түбекте көкарайды аңсап жүретін жұртпыз.

Өсімдікке тапшы біздің Маңғыстауда, әсіресе өндіріс шоғырланған компания аумағында оттегі балансын керекті мөлшерде сақтау үшін еңбегі еш, бейнеті зор болып жүретін көгалдандырушылар деген халық бар. Мұнаралар аймағында теректердің де аймағы бар болса, ол осы жандардың маңдай теріне суғарылған. Сенбесеңіз, Қаламқас мекеніне барыңыз, мұнай мекемелері ғимараттарының төңірегін көріңіз!

Бүгінде, мәселен, Қаламқас кенорнында отырғызылған көшет түптері бірыңғай қырқылып, саптай тізіле қалған ағаштардың етегі әктеліп көрген көзді қуантады. Бозашының төсіне қонған мұнайшылар қалашығы аумағы талапқа сай бапталған, күтімді, істің көзі мен бабын білетін қожайынның алақанының таңбасы көрініп-ақ тұр.

Абаттандыру жұмыстарының нәтижесінде компанияның қай ғимаратының да «Алау» демалыс лагері, Жетібай кенорны кеңсесі, мұнайшылар емханасы, автобекет - айналасы көкорай. Ертеңгілік жұмысқа асыққан мұнайшыларды таңғы самалмен жапырағы сыбдыр қаққан тал-терек пен көздің жауын алатын гүлдер сүйсінтеді. Төбеңнен ұратын аптапта жан сауғалайтын жерің осы.

Компанияда Виктор Ким жетекшілік ететін көгалдандырушылардың еңбекқор, ұйымшыл ұжымы қалыптасқанын анық аңғарамыз. Бүгінде бұл ұжымда 45-ке тарта жұмысшы еңбек етеді. Экологияның саулығы, эстетикалық әсемдік осы адамдардың қолымен жүзеге асуда. Көркейту, көгалдандыру, көшет отырғызу, сан алуан түрлі гүлдердің тұқымын себу, гүлдер мен ағаштардың түптерін түптеу, айналасын арамшөптерден тазартумен мігірсіз, қым-қуыт тірлікпен жалғасып жатады.

Бүгінгі біздің сұхбатымыз маңдай тер мен шымырлы шыдамдылықты талап ететін кәсіптің түрін нәсіп етіп, жұмырлы жерді өз серігіне айналдырған агроном Виктор Киммен төмендегіше өрілген болатын:

- Виктор Александрович, бұл мамандықты таңдауыңызға не түрткі болды?

- Әкемнің өмірі дерлік ауыл шаруашылығында өтті. Қасында жүріп егін шаруашылығының қыр-сырын меңгердім. Мектепті бітіре салысымен, Ташкент қаласындағы ауылшаруашылық институтына түсіп, бала кездегі арманыма қол жеткіздім. Шынын айтайық, бүгінгі күні жастар агроөнеркәсіп саласына қызыға бермейді. Есесіне табысы мол кәсіпті іздеуді дұрыс көреді. Қазір нарық заманы. Әркімнің өз еркі ғой. Дегенмен агроөнеркәсіптің келешегі қандай болмақ деп ойланамын. Барлық жинаған тәжірибемді шамам келгенше жастарға үйретіп жатырмын. Бұл мамандық үлкен шыдамдылық пен үлкен еңбекті қажет ететінін айтқым келеді.

- Қазіргі таңда мекемеміздегі көгалдандыру, көркейту жұмыстары қалай жүріп жатыр?

- Компания ауласын көгалдандыру жұмыстары көктемнің алғашқы күндерінен бастау алады. Бірінші кезекте көшет отырғызу жұмыстарын қолға алдық. Бұл ретте өндірістік нысандар ауласына көрік беретін, бір жылдық гүлдер мен қарағай, айлант ағаштары егілді. Компаниямызға қарасты Қаламқас кенорнында 500 дана айлант, 100 тал бұта ағашы және 2000 дана біржылдық гүлдер отырғызылды. Жетібай кенорнында 500 дана қарағай ағашымен қоса, гүлді өсімдіктердің түйнектері отырғызылды. Көбінесе жаз мезгілінде егілетін канна гүлдерін отырғыздық. Оларды жаз бойы күтіп-баптадық.

Тағы бір айта кетерлік жайт, өзімнің әріптестерімнің ішінен Г.Друсбаева, М.Джанаева, Р.Кенжебеков, И.Кононовтың еңбектерін ерекше атап өткім келеді. Барлық көгалдандырушы мамандардың тынымсыз еңбегін туған өлкесіне деген үлкен құрметі деп білемін.

- «Жердің жайын, егіннің бабын білмегеннің еңбегі еш» деп жатады. Маңғыстау өлкесі қуаңшылықты аймақ, осы ретте жерге қандай күтім жасайсыздар?

- Топырақтың өзі бәлендей керемет емес, жердің құнарсыздығы мен тұздылығы тағы бар. Сондықтан да отырғызылған көшетке мықты бап керек. Ыстықтан қорғау үшін бірінші қағида - тал түсте суғаруға болмайды. Таңертең немесе кешке суғару қажет. Сонымен қатар отырғызылған көшетке күн көзі түспейтіндей етіп, шатыр орнатқан жөн. Осылардың барлығы көп еңбекті, қажырлық пен шыдамдылықты талап етеді.

- Бір жылдық гүлдерді өсіру әдісіне тоқталсаңыз?

- Бір жылдық гүлдерді жыл сайын тұқымнан көбейтіп өсіреміз. Мамыр айында гүлдеуі үшін ақпан айының соңы, наурыз айының басында жылыжайда 20-22 ºС жылылықта тұқым арқылы көбейтеміз. Тұқым 7-10 күнде өніп, өскін шығарады. Өскінде бір-екі жапырақ пайда болғанда, көшеттеп, әрқайсысын жеке отырғызып, мамыр айының басында, көктемнің ызғарлы суығы өткеннен кейін, көшеттерді далаға егеміз. Өскін өніп шыққан уақытынан бастап, 40-50 күннен кейін гүлдей бастайды.

- Айлант ағашының ерекшеліктері мен қасиеттері туралы айтып өтсеңіз?

- Айлант ағашын кейде Қытай шағаны деп те атайды. Айлант ағашының отаны - Солтүстік Қытай. Ресей, Украина және Европаның оңтүстік аумақтарында көп таралған. Бұл ағаштың кәдуілгі ұзындығы 20-25 метрді құрайды, діңі жуан әрі цилиндрлік формада, сұр түстес болып келеді. Өмір сүру ұзақтығы 80, кейде 100 жылды құрайды. Айлант ағашының жапырақтары өте үлкен, ал гүлдері ұсақ, сары-жасыл түстес. Хош иісі бар, тамыз шілде айларында гүлдеп бастайды. Өте жылдам өсетіндігімен ерекшеленеді. Күй талғамайтындықтан, құрғақ әрі құмды аумақтарда өсуге бейім. Жылылықты жақсы сақтайды. Көгалдандыру кезінде таптырмас ағаш.

- Келелі сұхбатыңызға рахмет, Виктор Александрович, еткен еңбек пен төккен тердің зейнетін көре беріңіздер!

«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген қағиданы берік ұстанып жүрген жандардың бүгінгі тынымсыз тірлігі мен өлшеусіз ерлігі, міне, осындай. Барлығымыз да туған өлкеміздің көркеюі мен жасыл желекке айналуы үшін қандай үлес қосып жатырмыз?!.. Ойлантатын жайт...